Орта бизнестің 76 пайызын әйелдер басқарады – депутат
Елордада «Әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық конгресінде» жиналған кәсіпкер әйелдер бизнестегі жеке тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz.
Аталған іс-шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова еліміздегі орта-шағын бизнес бойынша әйелдер саны артып келе жатқаны жайлы айтты.
«Кәсіпкерлік ерлерге не әйелдерге арналған деп бөлінбейді. Дегенмен қазіргі таңда Қазақстандағы орта-шағын бизнестің басым бөлігін, яғни 76%-ын әйелдер қауымы құрайды. Шамамен алғанда 5 жылдың ішінде іскер әйелдердің саны 30%-ға дейін өскен. Бүгінде еліміздің 17 өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын орталық та ашылған», - дейді Ләззат Рамазанова.
Сондай-ақ ол бизнесте биікке көтерілу үшін алдымен білім қажет деп пікір білдірген болатын.
«Кез келген бизнесте жетістікке жету үшін адамға қаржыдан бұрын білім керек. Әйел адамның өз кәсібін жоғары деңгейге көтеруі үшін жаңа технологияны, тәсілдерді қолдану қажет болады. Негізгі кәсіпкерліктің шыңы ауылдық жерлерде болу керек. Себебі нағыз жұмыс осы жерде орналасқан. Сондықтан «Әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық конгресінде» бір-бірінің тәжірибелерімен бөлісу үшін әр өңірден 450 іскере әйел жиналып отыр», - деді депутат.
Ал Ақтөбе облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова болса, алғаш кәсібін қалай бастағаны туралы тәжірибесімен бөлісті. Ол негізінен балабақша, мектеп секілді орталықтарды салу арқылы әлеуметтік кәсіппен айналысып отыр.
«Кәсіпкерлікпен шұғылданып келе жатқаныма 26 жыл болды. Өзім әлеуметтік кәсіппен айналысамын. Алғашында кішігірім сауықтыру орталығын ашып, 20 ғана жұмысшымен бастаған едім. Ал қазір қызметкерлердің саны 500-ге жетті. Оның 90%-ы әйелдер. Бүгінде Ақтөбе облысында орналасқан ірі 5 мекеме жұмыс істеп тұр. Мұндай жетістікке дейін көтерілу оңай болған жоқ. Бір жақсысы 2021 жылдан бастап әлеуметтік кәсіп туралы заң қабылданды. Қазір бізге мемлекет тарапынан біраз көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда жыл сайын кәсібіміздің кірісі 20%-ға дейін арту үстінде», - деді Күлпаршын Айдарханова.
Сонымен қатар кәсіпкер жастарға бизнеспен айналысу үшін біраз мүмкіндік берілген дейді.
«Елімізде кәсіпке деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Бұрындары кәсіппен айналысуға ниет білдірген жастар берілетін несиенің пайызы жоғары болғандықтан, жеке кәсібін аша алмайтын еді. Қазір жастарға арналған мүмкіндіктер бар. Мысалы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас кәсіпкерлерге 2,5%-бен несие беріледі деген еді. Бұл жас буынға берілген өте үлкен көмек», - деді Ақтөбе облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Астана қаласының Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Лауэра Заки болса, өзі кәсіппен айналысып қана қоймай, бизнесі арқылы өзге кәсіпкерлерге де кеңес береді.
«Консалтингтік компанияны 2003 жылы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал қалалары бойынша аштық. Ол кездері консалтинг деген ұғым енді еніп келе жатқан еді. Сол себепті тендерлерге көптеген жалған компаниялар қатысып жүрді. Ақырындап нарыққа консалтингті енгізіп, үйренісіп кету қажет болды. Бастапқыда ұжымда тек 2-7 адам ғана болды. Кейіннен республика бойынша жұмыс істей бастағаннан соң, қызметкерлер саны да арта түсті. Жалпы компания кәсіппен айналысқысы келетін не бизнесі бар адамдарға эксперттік, коучтық кеңес беру үшін ашылды. Мұның өзі кәсіпкерлерге бизнесте жетістікке жетуге бір көмек болмақ», - деді Лауэра Заки.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда кәсіппен айналысатын әйелдер қауымы 40%-дан асты.