Жаңалықтар

Исимбетовтер әулеті – теміржолшылар династиясы

Исимбетовтер әулеті – теміржолшылар династиясы
11.06.2019 11:31 6307

Ақтөбе облысында өткен «Мерейлі отбасы» байқауында бағы жанған әулеттің бірі – Исимбетовтер. El.kz порталы теміржолшылық қызметті атадан балаға мирас етіп келе жатқан ерекше отбасының үлкендерімен тілдескен еді.

Кез келген мемлекетте теміржолдың атқарар рөлі зор. Ол қалаларды бір-бірімен жалғайтын ең маңызды транспортты артерия болып қала бермек. Елімізде өткен ғасырдың 30-жылдары пайда болған қос рельсті көлік бірнеше мыңдаған адамдарды жұмыспен де қамтамасыз еткені рас. Мәселен қазірде, «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамында 145 мыңнан аса адам еңбек етеді екен. Ол қатардан Исимбетовтерді де көруге болады. Бұл отбасындағылардың теміржолда өткерген еңбек өтілін қоса есептегенде 150 жылдан асып жығылады. Міне, нағыз теміржолшылар династиясы!

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жұрын ауылының тұрғындары Асылбек Мәжитұлы мен Гүлданай Ақылбекқызы Исимбетовтер 4 бала өсіріп, солардан 8 немере көріп отыр.

– Ең алғашқы таныстығымыз 8-сынып қабырғасында оқып жүргенде орын алды. Жігіт болып хат жазып, жауабын асыға тосқан шақтарды бастан өткердік, – дейді отағасы.

Мектепті тәмамдаған Асылбек Мәжитұлы әскер қатарына алынып, үш жыл Отан алдындағы борышын өтеп келіпті.

– Ешкімге қолымды ұстатпай, ағаңның әскерден келгенін күттім. Осылайша, екеуміз 1979 жылы шаңырақ көтердік, – дейді Гүлданай Ақылбекқызы.

Асылбек Исимбетов теміржолшылар отбасында дүниеге келіпті. Туған әкесі Ерсары 35 жыл, анасы Ұмсын 33 жыл теміржол саласында қызмет еткен.

– Мені екі жасымда нағашы атам Мәжит қолына алып, өзі тәрбилеп өсірді. Ол кісі қатал, әрі әділдігімен есімде қалған. Менің санама «еңбек – бәрін жеңбек» деген нақылды құюмен болды. Мәжит атам да өмір бойы теміржол саласында қызмет етті. Яғни, үйдің ересектерінің барлығы қос ішектей тартылған темір жолдың үстінде адал қызмет атқарып, «құрметті теміржолшылардың» қатарынан табылды. Сондықтан да, менің басқа қызмет саласына кетуім мүмкін емес еді. Ата жолын жалғайын деген ниетпен осы саланы таңдадым, – дейді А.Исимбетов.

Параллель жатқан темір жол үстіне қаншама тағдыр, қаншама өмір байлаулы. Олардың көздеген мекенжайына аман-есен баруын қамтамасыз етушілер – жол шеберлері. Сан мыңдаған адам мен неше тонна жүктердің де рельстердің үстімен жүйіткіп отырып, діттеген жеріне жетуі Асылбек Мәжитұлының тікелей қызметіне байланысты. Яғни, қауіпсіздікті сақтау – басты міндет. Күннің аптап ыстығында да, қыстың қытымыр аязында да бұл қызметтегілерді жұмыс орындарынан табуға болады. Қырық жылдан аса уақытын темір вагондардың қауіпсіз қимылына арнап келе жатқан Асылбек Исимбетов «Құрметті теміржолшы», «Үздік жол шебері» секілді марапаттарға ие болған.

– Балалар да әке жолын қуып теміржол мамандығын таңдады. Тұңғышымыз Ақбөкен «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалында қауіпсіздік жөніндегі жетекші инженер болып келе жатқанына 18 жыл. Оның жары Ермек –  пойыз диспетчері. Күйеу баламның жиырма жылдық еңбек тәжірибесі бар. Екінші қызымыз Ақмарал да теміржолшы мамандығын оқығанымен, бүгінде жеке кәсіпке бет бұрып кетті. Ұлымыз Нұрлан Қандыағаш сигнализация және байланыс станциясында  бас механик болып қызмет етеді. Оның еңбек өтілі сегіз жылды құрайды. Кенжеміз Индира Ақтөбе әскери госпиталінде ақ халатты абзал жан, – дейді отанасы.

Осы үш қыз, бір ұлдан тараған сегіз немере ата-әжесінің көз қуанышына айналған. Олардың алды математика, ағылшын тілі секілді пәндік олимпиадаларда жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Кейбірі спортты жанына серік еткен. 

– Немерелерім қай саланы таңдайтынын білмедім. Олар болашақ мамандықтарын өздері шешетін болады. «Ата жолын қу» деп, үгіттеуге қарсымын! – дейді Асылбек Мәжитұлы.

Бір қызығы, отанасы Гүлданай Ақылбекқызы да теміржолшылар отбасында дүниеге келіпті. Бірақ, ол педагог мамандығын таңдап, бала тәрбиесімен айналысқан. Бастауыш сынып оқушыларына 30 жыл бойы дәріс берген отанасы қазірде зейнет демалысына шыққан.

– Саналы ғұмырымның біршама бөлігін мектеп қабырғасында өткердім. Алдымнан неше жүздеген бала өтті. Олардың алды қазір елге белгілі азаматтар. Ұстаздық – ұлы қызмет деп білемін. Шәкірттерімнің барлығына өз балаларымнан кем қарамай, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтары болуы үшін бар білімім мен біліктілігімді жұмсадым. Олардың бүгінгі жетістіктеріне қарап, педагогтық жұмысым зая кетпегенін түсінемін, – дейді Гүлданай апай.

Әрине, ұстаздық ғұмыр – ұлы ғұмыр. Жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап көрсетушілердің ерен еңбегі ғасырлар бойы еленіп келеді. «Тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» мамандық иесі Гүлданай Ақылбекқызының тегі Мұғалжар ауданы, Жұрын ауылындағы жергілікті А.Жұбанов атындағы орта мектептің ұлағатты ұстаздарының тізімінде тұр.

Сонымен қатар, Исимбетовтер отбасы қазақы дәстүрге берік. Көнеден келе жатқан ырым-тиымды ұстанып, әдет-ғұрыптарды ұмыт қалдырмаған.

– Қыздарымызды қазақы салтпен ұзаттық. Келінді де барлық дәстүрді сақтай отырып, түсірдік. Сырға салу, құда түсу, шілдехана, бесік той секілді барлық жоралғыларды жасадық, – дейді отанасы.

Бас қосқандарына биыл тура қырық жыл болған Исимбетовтер шаңырақтарының биік, босағаларының берік болуын былай түсіндіреді.

– Әрдайым сыйластықта болып, алдымыздан кезіккен сынақтарға бірге қарсы тұра білдік. Соның арқасында үбірлі-шүбірлі болып, бүгінге күнге жетіп отырмыз. Балаларыма да «сыйластықты сақтап, бір-бірлеріңді демеп отырыңдар» деумен келемін. Түсіністік, бірлік, ынтымақ, құрмет көрсету – отбасын берік сақтаудың басты қағидалары деп білемін, – дейді Гүлданай Ақылбекқызы.

Исимбетовтер «Мерейлі отбасы» секілді байқаулар бақытты отбасыларды насихаттап, жас жұбайларға жақсы мысал болады дегенді айтады.

– Бұл байқауға қатысу туралы ой болмағаны рас. Ауылдық округтан ұсыныс келгенде, «неге қатыспасқа?» деген ой келді. Отағасы сөзге сараң, тек істің адамы болғандықтан, алғашында қарсы болған. Кейін келе, мұндай байқаулар біздің отбасының мерейін үстем етіп, беріктігін одан әрмен нығайта түсетінін түсіндіріп, көндірген едік. Қол ұстасып жүріп өткен қырық жылдық ғұмырымызды сараптай келе, байқауға қатысып, облыстық сыннан да сүрінбей өттік, – дейді отанасы.

Берекеге толы отбасының көпшілікке үлгі боларлық беріктігі облыстық сында қазылар алқасына да ұнай білсе керек.

Гүлданай Ақылбекқызы жастар арасында шаңырақтың шайқалуы жиілеп кеткеніне алаңдаулы: «Әлеуметтік мәселелер мен қарым-қатынастың қиындығынан сондай оқиғалар жиілеп кетті. Екі жан өмірін бірге өткіземіз деп бекінген соң, туындайтын кез келген проблемаларды бірге өткеруге дайын болуы керек. Түсіністік танытып, бір-бірін қолдап отырса, аралары ажырамай, қайта беки түседі. Сезім мен сенім жас жұбайлардың қос қанатына айналса, олар алмайтын қамал жоқ!»...


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға