«Ішіне пышақ сұғып алған». Гүлзира Айдарбекова күйеуінің оқиғасымен бөлісті
Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова тұрмыс құрған жылдары орын алған ауыр оқиға туралы алғаш рет айтты. Тұңғышы Қайрат Нұртас бес айлық кезінде күйеуін пышақтап кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға жастардың би кешінде болған.
Қайрат 5 ай болған кезде Нұртасты Павлодар қаласына тәжірибеге алып кетті. Ол кезде Политех-тың студенті болатын. Бізге жас отбасы деп институт екі бөлмелі жатақхана берген еді, мен сол жерде қалдым. Екеуіміз екі қалада жүрдік. Павлодар қаласына барғаннан кейін, жас жігіттер би кешіне шығады. 25 бала болып барады. Сол жақтың 50-60 баласына тап болып, қарсы төбелеседі. Нұрекең сол кезде әскерді енді бітіріп келген жылы болатын, дейді подюсер.
Ол кезде күйеуінің тепсе темір үзетін күші бар еді дейді ол.
25 баланың бәрі әскерге бармаған. Арасында екі-үш жігіт қана барған. Қалғандары институттың 1 курсын бітірген жасы 20-ға да толмаған жас жігіттер. Бұзақы жігіттер араларындағы Бауыржан деген баланы шақырады. Қолдарына пышақ барын анық көрген Нұрекең оны артқа қарай итеріп, өзі төбелесуге кетеді. Сол сәтте барлығы Нұрекеңе жабылып, ішіне пышақ сұғып, терісін жыртып жібереді. Маған хабар келгенде, ең бірінші басыма келген ой, “бес айлық баламен жесір қалдым ба?” деген болды. Қатты қорқып кетіп, бір орында тұрып қалғаным есімде, – деп еске алды ол.
Гүлзира Айдарбекова отбасы болғаннан кейін әртүрлі сынақ болатынын айтты.