«Ішімдіксіз ауылда» 3 жылдан бері қылмыс тіркелмеген
Түркістанда «ішімдіксіз ауылдар» қатары көбейді. Төлеби ауданына қарасты Жаңажол ауылындағы дүкен сөрелерінде ішімдік мүлдем сатылмайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otyrar.tv-ға сілтеме жасап.
Мұндағы 2500-нан аса тұрғын арақ-шараптан түбегейлі бас тартқан. Ал алкаголь тұтынбаудың ауылға қандай пайдасы бар? Өңірде расымен қылмыс азайды ма?
Бұл ауылда 3 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Мұнда тіпті ішімдік те сатылмайды. 2 жарым мыңнан асатын халқы бар Төлеби ауданына қарасты Жаңажол ауылында жағдай осындай. Бүгінде ауылдағы 6 дүкенде де арақ-шарап сатылмайды екен. Осы ауылдың келіні әрі дүкен сатушысы Сандуғаш Тағайбекқызы мұнымен мақтанатынын айтады.
Сандуғаш Тағайбекқызы, дүкен сатушысы: «Осы ауылға келін болып түскеніме 17 жылдай болды. Біздің ауылда ішімдік сатылмайды. Насыбай деген мүлдем сатылмайды. Керемет ауыл деп мақтанып айта аламын»
Осылайша ауыл ақсақалдары бастаған игі шараны өз кезегінде жеке кәсіпкерлер де қолдаған. Ауыл жастары да бұл бастамаға қолдау білдірді. Олар ішімдіктен бас тарту қылмыстың болмауына, отбасылық дау-жанжалдарға жол бермеуге өз септігін тигізеді дейді.
Ішімдік шаңырақтың берекесін кетіреді. Қаншама отбасылық жағдайлар туындап жатады. Ұру. Соғу. Зорлық-зомбылық. Қанша отбасы ажырасып жатыр. Оның барлығына бірден бір себеп ол – ішімдік. Сондықтан ауылымызда зорлық-зомбылық болмасын, ұрлық-қарлық болмасын деген ниетпен біз ішімдік деген аты жаман нәрсеге шектеу қойдық, - дейді Төлеби аудандық жастар орталығының басшысы Беглан Ақылбек.
Жаңажол ауылында учаскелік полиция инспекторлары жүйелі жұмыс жүргізіп отырады. Тәртіп сақшылары «ішімдіксіз ауылдың» тыныштығын сәт сайын күзетеді.