Жаңалықтар

Иракта заңсыз жұмыс істеген 20 қазақстандық ұсталды

Иракта заңсыз жұмыс істеген 20 қазақстандық ұсталды
Фото: Polisia.kz 10.04.2023 19:36 974

Қазақстан елшілігі ұсталған жерлестерімізді соттың қарауынсыз депортациялау туралы келісімге қол жеткізген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Биыл наурыз айының соңында Ирак Республикасының құқық қорғау органдары заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін Қазақстанның 20 азаматын ұстады. Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп Иран аумағынан шығып кетті», - деді СІМ өкілі.

Оның айтуынша, жыл басында да осыған ұқсас оқиға болған.

«Биыл ақпанда Қазақстанның 7 азаматы Ирак Республикасының шетелдіктердің болуы туралы заңының нормаларын бұзғаны туралы, атап айтқанда, жасырын казинода заңсыз еңбек еткені үшін тергеуге тартылған болатын. Бізге мәлім болғандай, өткен жылдың қараша айында олардың 5-еуі ұсталып, сот қарауына дейін кепілмен босатылған. Осыған қарамастан жерлестеріміз Иракка қайта оралып, елдің заңнамасын қайтадан бұзды. Қазақстан елшілігі шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастырған. Сондай-ақ, сот және прокуратурамен келіссөздер өткізілді», - дейді ол.

А.Смадияров жоғарыда аталған заңбұзушылық үшін Ирак заңнамасы бойынша бір жылға дейін бас бостандығынан айрылуы немесе 500 мыңнан 3 млн ирак динарына дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға