El.kz

«Ипотека 22%-ға дейін өсуі мүмкін»: Қазақстанда баспана алу қиындай ма?

10.03.2026 15:00

Қазақстанда баспана мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе жас отбасылар үшін ипотека – үйлі болудың негізгі жолдарының бірі. Алайда мемлекеттік бағдарламалар болмаса, тұрғын үй несиесінің шарттары әлдеқайда қатаң болуы мүмкін.

«Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мұндай жағдайда ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 22 пайызға дейін жетуі ықтимал. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте айтылды. Оның сөзінше, мемлекеттік бағдарламалар болмаған жағдайда ипотеканың ай сайынғы төлемі отбасы бюджетінің 70–80 пайызына дейін жетуі мүмкін. Яғни, баспаналы болу үшін қазақстандықтардың табысының басым бөлігін несие төлеуге жұмсауына тура келеді.

Егер түрлі мемлекеттік бағдарламалар болмаса, адамдар коммерциялық ипотека бойынша жылына 22 пайызға дейін төлеуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда ипотекалық төлем отбасы бюджетінің 70–80 пайызын алып қоюы мүмкін, – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі керісінше азаматтарға қаржылық тұрғыдан жеңілдік береді. Осы жүйенің арқасында ипотекалық төлемдерді 30–40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Сондықтан жеңілдетілген бағдарламалар тұрғын үй бағасын өсіреді деген пікірмен банк басшысы келіспейді.

Зейнетақы ақшасын тіс емдеуге қайта пайдалануға бола ма?

Брифинг барысында тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Қазақстанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге, оның ішінде тіс емдеуге пайдалану мүмкіндігін қайта қарау ұсынылып отыр.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұрын бұл мүмкіндік халық арасында кеңінен қолданылған. Алайда кейін қаражаттың бір бөлігі мақсатсыз пайдаланылғандықтан, бағдарлама тоқтатылған.

Бұл өте қажет әрі пайдалы бағдарлама болды. Өкінішке қарай, қаражатты мақсатсыз пайдаланған 10 пайыз адамның кесірінен, 90 пайыз азамат бұл мүмкіндіктен айырылды. Менің ойымша, бұл әділетсіз, – деді ол.

Қазір бұл механизмді қайта іске қосу үшін процесті толықтай ашық әрі бақылауға ыңғайлы ету жолдары қарастырылып жатыр. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін емделуге арналған төлемдерді пайдалану толықтай онлайн форматқа көшірілуі мүмкін.

Жаңа жүйеде стоматологиялық клиникалар мен медициналық ұйымдар тіркеліп, барлық қызмет онлайн рәсімделеді. Әрбір төлем орындалған жұмыс актісі арқылы бекітіліп, Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесімен біріктіріледі. Дегенмен бағдарламаны қайта іске қосу туралы соңғы шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды.

Тұрғын үй бағасы төмендей ме?

Банк басшысы тұрғын үй бағасының жақын жылдары арзандауы екіталай екенін де айтты. Оның пікірінше, бұл ең алдымен демографиялық факторға байланысты.

2000 жылдардың басында туған жастар қазір 26–27 жасқа жетіп, тұрғын үй нарығына белсенді шыға бастады. Бұл – баспанаға деген сұранысты арттыратын үлкен буын.

Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын 120–130 мың жаңа неке тіркеледі. Ал жаңа отбасы құрылған кезде олардың алғашқы жоспарларының бірі – жеке баспана алу.

Бағаның өсуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ тұрғын үй бағасының төмендеуі болмайды деп нақты айта аламын, – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, екінші нарықта белгілі бір деңгейде тоқырау болуы мүмкін. Ал жаңа тұрғын үйлердің бағасына құрылыс материалдарының құны мен саладағы жалақы деңгейі әсер етеді.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда коммерциялық ипотеканы белсенді дамыту қажет екенін айтты. Бұл мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.