Mike Andronico/CNN Underscored

iPhone-ның сәтсіз моделін жасаған дизайнер Apple компаниясынан кетті

Apple корпорациясы негізгі өнімдерді әзірлеуге үлес қосқан дизайнерлерді жұмыстан шығарып жатыр. Бұл туралы Bloomberg-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Жақында компаниядан өнеркәсіптік дизайнер Абидур Чоудхури кетіп қалғаны белгілі болды. Ол ультражұқа iPhone Air моделінің басты авторларының бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, бұл құрылғы нарықта сұраныстың төмен болуына байланысты сәтсіздікке ұшыраған. Чоудхури қыркүйек айындағы Apple презентациясында iPhone Air-ді таныстырған мамандардың қатарында болды. Алайда дереккөздер оның компаниядан кетуі құрылғының төмен сатылымына байланысты емес екенін атап өтті.

Apple ішіндегі инсайдерлер Чоудхуридің кетуі дизайнерлер ұжымында үлкен резонанс тудырғанын айтады. Себебі ол командада беделі артып келе жатқан маман болған. Дизайнер IT-алыптан кетіп, жасанды интеллект (AI) саласындағы стартапқа бет бұрған.

Материалда соңғы уақытта Apple-ден дизайнерлер мен инженерлердің жиі кетіп, түрлі AI-стартаптарға қосылып жатқаны жазылған. Олардың бірқатары – Стив Джобспен бірге жұмыс істеген Apple-дің бұрынғы бас дизайнері Джонни Айв құрған стартапқа барғандар.

Бұған дейін Financial Times дереккөздері Тим Кук 2026 жылы Apple-ден кетуі мүмкін екенін хабарлаған еді. Кук корпорацияны 2011 жылдан бері басқарып келеді.