iPhone-ның құнына тең Ferrari сатылымға шықты
Ferrari көліктерінің бағасы арзан болмайтыны анық. Алайда кейде ерекше жағдайлар да кездеседі. Сырт келбеті ғана әйгілі Маранелло суперкарына ұқсайтын қолдан жасалған нұсқа соған дәлел.
Жуырда Германияда дәл осындай көлік сатылымға шықты. «eBay» сайтындағы хабарландыруда танымал брендке тиесілі көлік сатылымға шыққаны жазылған. Әрине, кез келген адам оның нағыз Ferrari емес екенін түсінеді. Дегенмен автор көліктің алдыңғы және артқы бөліктеріне тұлпар бейнеленген эмблемалар орнатқан.
Негізінде бұл – 1997 жылы шығарылған Fiat Coupe. Ол спорткар деген ұғымға қарама-қайшы сипаттағы көлік. Автомобиль 1,8 литрлік, 4 цилиндрлі бензин қозғалтқышымен жабдықталған, қуаты небәрі 131 ат күшін құрайды. Ал одометрінде 322 мың шақырым көрсетілген.
Сатушының айтуынша, оның «жеке Ferrari-і» әлі де жүріп тұр. Қозғалтқышы жұмыс істейді, бірақ көліктің астыңғы бөлігіне дәнекерлеу қажет, ал шығару құбыры тесілген. Бірақ бұл оның дыбысының суперкарға ұқсауына әсер етіп тұрғанын айтады.
Көліктің ішкі бөлігі де біраз ескірген. Дегенмен рөлдегі сары түсті Ferrari логотипі көзге бірден түседі.
Болашақ иесі үшін жөндеу шығындарынан бөлек тағы бір қиындық бар – техникалық тексерістен өту. Көліктің TÜV тексеріс мерзімі өтіп кеткен, сондықтан оны қайтадан жолға шығару үшін жаңа иесіне қатаң талаптардан өтуге тура келеді.
Соған қарамастан бұл «жалған Ferrari-дің» басты артықшылығы – оның бағасы. Хабарландыруға сәйкес, көлік небәрі 1000 еуро тұрады. Қазіргі бағаммен есептегенде, бұл шамамен 555 мың теңге, яғни жаңа iPhone бағасымен шамалас.

