Жаңалықтар

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті
Фото: Коллаж El.kz 23.11.2023 18:30 6010

Темірден түйін түйіп, кәсібінен нәсіп көріп, ұлттық дәстүрімізді сақтауға күш салып жүрген жандар туралы біз жиі жазамыз. Бүгін сөз еткелі отырған кейіпкеріміз ата кәсіпті жалғастырып қана қоймай, небір құнды жәдігелерімізді жоғалтпай сақтап келеді. Бүгінде қастерлі кәсіп зергерлік өнердің биік шыңын бағындырған Берік Әлібай туралы әр қазақ біледі.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген зергермен тілдесіп, сұхбаттасып қайтты.

Зергер 1964 жылы Жамбыл облысының меркі ауданындағы Қызыл-сай ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищені, Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясын тәмәмдаған.

Б.Әлібайдың көптеген авторлық жұмыстары ҚР Тұңғыш Президент музейінің, мемлекеттік орталық музейінің, ұлттық музейі, облыстық, аудандық музей қорларында және жеке коллекцияларда сақтаулы тұр. Бұдан өзге көптеген республикалық, бүкілодақтық, халықаралық көрмелерге қатысқан. Жеке көрмелерін де әлі күнге дейін өткізіп келеді.

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Қазақстанның Катар, Сауд Арабиясы, Қытай, Жапония, Түркия, Ресей, Иран, Германия, Испания, Оман, Тәжікстан, Түркіменстан, БАӘ тағы басқа мемлекеттерде өткен Қазақстанның мәдени күндеріне қатысып, қазақ халқының дәстүрлі зергерлік қолөнерін әлемге паш етіп, насихаттауда өз үлесін қосқан.

Қазақтың зергерлік өнерінің тамыры тереңде жатыр. Қастерлі кәсіп. Оны меңгеру үшін тума талант болу керек деп жатады. Біз зергерден бұл кәсіпке қалай келгенін сұрадық.

Үлкен атам ұсталықпен айналысқан. Осы өнерге келуіме сол кісінің ықпалы көп. Бес-алты жасымда оған қолғабыс  жасап, құрал-саймандарына дейін араласып жүрдім.  Мен есейгенде ол өмірден өтті. Зергерлік өнер – қасиетті және қастерлі кәсіп. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын киелі өнердің бірі. Суретші боламын деген арман болды. Сурет салдым. Кейін Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищеге оқуға түсіп, сонда металлды көркемдеп өңдеуді үйрендім. Сол жерде зергерлік дайындайтын бөлімді бітірдім. Бірақ бәрібір түбінде зергерлікке келіп тоқтадым. Үлкен атамның қолданған құрал-саймандары қазір өзім ашқан мұражайда сақтаулы тұр, – дейді зергер.

Кейбір әшекейлер қазақ дүниетанымында наным-сенімге бағытталып жасалып жүр. Әсіресе, соның ішінде күмістің киесі орасан зор. Тіл-көзден қорғайды деген сияқты наным бар. Бұл бағытта зергер Берік Әлібайдың жасап жүрген әшекейлері көп.

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Біздің әшекейлердің көбісі тек сәндік бағытта жасалмайды. Мәселен құдағи жүзік отау жүзік, бойтұмар, өңіржиектеріміздің бәрінің айтар бір мән-мағынасы бар. Мұны халқымыздың көбісі біледі. Оны оқып-тоқып қазір күнделікті өмірде пайдаланып жүр. Соның ішінде құдағи жүзікке тоқтала кетсек, көбінесе қыз беру, келін алғанда қыздың шешесі құдағиына тағатын жүзікті осылай атайды. Бұл екі саусаққа киіледі және үлкен көлеммен жасалады. Өзінің көңіліне және сыйластығына қарай бір жылдан кейін сыйланатын жүзік. Себебі бір жылдан кейін келін мен ененің арасындағы сыйластық біліне бастайды. Өзінің қызына қызындай қараған құдағиына риза болса, осы жыл аралығында оны сыйлаған. Шаңырақ сияқты дөңгелек және астында екі жастың біріккен сақинасы іспетті болады, – дейді.

Қазақ мұндай жүзікті таққан адамды төрге шығарып, сый-құрмет көрсеткен. Жақсы келін тәрбиелегенін және парасатты ана  екенін осы жүзіктен байқайтын болған. Зергерге осындай наным-сенімге бағытталып жасалатын әшекейге тапсырыс көп келіп түседі екен.

Бізде сақ заманынан тіл-көзден қорғайды деп жасалған әшекейлер көп екенін білеміз. Мәселен малға да тіл-көзден қорғау үшін тұмар тағып қоятын кездер бар. Қасқырдың тісін және үкінің тырнағын тағады. Бұған музейлерде қойылған заттар дәлел. Сол себепті күнделікті өмірде тағып жүру үшін ер адамдар қасқырдың тісін алқа ретінде тағады. Оның тісін таққан адамға ит те жүгірмейді деген сенім бар. Сондықтан «тіл-көз» деген дүние рас. Ал енді ашылатын тұмарлардың ішіне құран-сүресін жазады немесе алыс жүрген жағдайда туған жердің бір уыс топырағын салып қояды. Өмірден өткен жағдайда туған жердің топырағымен бірге жерлеген. Туған жердің топырағы бұйырсын деген сияқты. Сондықтан наным-сенім күнделікті өмірде бар, – дейді зергер.  

Күмістің адам ағзасына пайдасы бар екені айтылып жүр. Бұдан басқа адамға көз тигенде, дуаланғанда, күміс жағымсыз энергияны өзіне тартып алады деген сенім бар. Бірақ бұл тек болжам күйінде қалып отыр. Осы жөнінде және жалпы күмістің киесі туралы зергерден сұрадық.

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Күмістің адам организіміне пайдасы туралы ертеден белгілі. Ата-бабамыздың күнделікті пайдаланатын ыдыс-аяқтан бастап бар заты күмістен болған. Мінетін атына дейін күміспен күптеген. Себебі күміс бар жерде микроп болмайды. Ал күміс таққан адамның жайнап-жарқырап жүретіні де осының әсері деп ойлаймын. Күмістей сұлу, әдемі бол деп айтып жатады. Адамды өзіне тартып тұрады. «Алтын – сәндікке, күміс – емдікке» деп қазақ текке айтпаған, – дейді ол.

Зергер өзі тұрған үйін бүгінде мұражайға айналдырған. Кірген бетте өзі жасаған әдемі әшекейлер мен көз тартар түрлі құнды жәдігерлер тізіліп тұр. Таза күміспен қапталған ер-тоқымдар мен өзге де картиналар көздің жауын алады. Мұражайға келушілер тамашалап қана қоймай, қолдан жасалған дүниелерді сатып алады. Шебер өзіне қатты ұнайтын заттарды өте қымбат бағаға қойып, сатпауға тырысатынын айтады.

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Бұл заттарды музейдің қорына қойып, сатпауға тырысамын. Мәселен мына тұрған алтын жалатылған қазақы ер-тұрманға 3 кг таза күміс кетті. Оны 5 ай көлемінде үзбей отырып жасадым. Күні-түні басқа жұмыс істемей, осының зергерлігіне уақытымды қидым. Ал ерді шабу, терісін тігу бұл бөлек әңгіме. Зергерлігі ең қиын жұмыстың бірі. Бұдан өзге асатаяқты жасауға 3 жыл уақыт кетті. Бұл ертеден келе жатқан қасиетті бұйым. Кезінде хандар ақ киізге отырып, ант қабылдағанда қолына осындай асатаяқ ұстаған. Бұдан өзге 1991 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімінде беліне тағылған белдіктің авторы мен. Үш күннің ішінде жасап шығардық. Сондай-ақ, Иорданияның сұлу патшайымы Рания тағып жүрген бойтұмардың авторы өзім, – дейді.

Зергер Берік Әлібайдың қолынан шыққан әр заттың өз тарихы бар. Оны қанша қымбатқа қойса да, бірі болмаса, енді бірін түптің түбінде сатып алары анық. Бүгінде зергер коллекция жинап жүр. Ескі заттарды арнайы сатып алып музейге қояды. Оны жинау үшін бір жағынан қаражат керек. Сол себепті, кейбір туындыларын зергер музейге қою арқылы сатып отыр.

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Есік қорғанынан, Берел, Шіліктіден небір стильде бұйымдар мен әшекейлер табылды. Стилі жағынан сол заманға ұқсас туындыларды жасау бүгінде кейбір өңірлерде жақсы дамыған. Ал зергер берік Әлібай қай стильге жақын?

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Өзім Батыс стилі бүршіктеу әдісімен жасағанды жақсы көремін. Маңғыстау, Қызылорданың стилі кезінде 17-19 ғасырларда бөлек болған. Ол кезде бір-біріне қатынасы жоқ алыс ауылдар болды. Осындай кезде зергер бір жерде отырып өз стилін тапқан. Тек бір стилмен жасай беретін болған. Ал қазір біз бір мемлекетпіз. Жеріміз, байлығымыздың бәрі ортақ. Сол себепті Батыс, Шығыс, Оңтүстік болып бөлінбей қазақ стилін ұстанып жалғастырып жүрміз. Сол ғасырларда қазақ зергерінің биіктеген шыңы болды. Қазір музейде тұрған заттардың бәрі осыған дәлел. Қыз беріп, қыз алысқанда, күміспен күптелген бір сәукеленің өзін 500 жылқыға бағалаған, – дейді.

Қазір – 21 ғасыр дамыған заман. Небір жаңа технологиялар бар. Зергер бұл жаңа дүниелерді қолданбауға тырысатынын айтты. Себебі «Өз қолыңмен және маңдай-терін тамызып отырып жасаған заттың қолдан шыққандығы бірден көрініп тұрады. Халық та оны біледі. Станоктан шыққан дүниенің бойында ешқандай энергиясы мен адам тартатын күші болмайды. Қолдан жасаған затты сезген адам оны алғысы келіп тұрады. Қолөнердің бір ерекшелігі осында жатыр», дейді зергер.

Кеңес үкіметі кезінде зергерлік өнерге көп тосқауыл болғанын жасырмады. Тек қана бір орталықтандырылған Алматы зергерлік комбинаты, Алматы зергерлік фабрикасы сияқты жерлерде жасауға рұқсат етілген екен.

Кезінде әкемнің әпкесінің де күйеуі зергер болған кісі. Бірақ ол жертөледе шеберханасын жасырып жұмыс істеген. Тек жексенбі күндері ғана базарларға шығып сататын болған. Өйткені қорықты. Ол уақытта соттатып жіберетін. Ал біздің бағымызға қарай тәуелсіздік жылдарында оқу бітіргесін 90 жылдардан бастап жұмыс істеп кеттік. Содан бері үзбей келеміз. Қазір еркіндік заманында өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет ақшалай көмектеспесе де, көрмелер ұйымдастыруға  және шетелде өтетін көрмелерге қатысуға қолұшын беріп келеді. Енді мемлекет тарапынан субсидия берілсе деп армандаймыз, – дейді Берік Әлібай.

Осы уақытқа дейін өнері арқылы көптеген елдерді аралап, олардың мәдениетімен танысқан. Зергер көп халықтармен салыстырғанда, біз ұлттық құндылық, мәдениетіміз арқылы бас жүлдені алып жүрміз деп отыр. Бүгінде зергердің шәкірттері әр өңірде әйгілі. Алдағы жоспарымен бөлісті.

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Балаларым да бұл өнерден алыс емес. Ең бастысы еңбекпен келеді. Еңбек арқылы қай істің көзін тапсаң сонда нәтижесі болады. Бұл қасиетті және киелі өнер. Оны ұстап жүру де оңай емес. Арман бар. Жеке музей салу. Ішін кеңітсем деген жоспарда тұр. Қолөнер және басқа заттар өте көп. Өз залым жеке, коллекциям жеке тұрса керемет емес пе?! Зергерлік мектеп ашып, жеткіншектерді үйретсем деген арман-мақсат көп, – дейді ол.

Айта кетейік, зергер Берік Әлібай  – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі. Сондай-ақ, Қр Президенті стипендиясының және «Қр Тәуелсіздігіне 20 жыл, 25 жыл» медалінің, К.Фаберже атындағы Халықаралық мемориалдық қорының гауһар тасты орденінің иегері. Халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегері.

Иорданияның сұлу патшайымы Ранияға бойтұмар жасап берген зергер сырымен бөлісті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға