Инвестиция жасаймын деп алаяқтарға алданып қалмау үшін нені білу керек?
Соңғы жылдары жаппай цифрландырудың арқасында онлайн форматта инвестиция жасайтын адамдар саны айтарлықтай өсті. Бастапқы деңгейдегі инвесторлар ақпарат алу үшін әлеуметтік желілерге және трендтерге көбірек сүйенетін болды. Әлеуметтік желілер инвесторларға көптеген артықшылық сыйлайды, дегенмен олардың алаяқтар үшін де жаңа мүмкіндіктер алаңы екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда қаскөйлердің арбауына түсіп қалмас үшін неге мән беру керек деген сауалға жауап іздеп көрдік, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жылдам табысқа уәде беретін жалған сайттар
Қазақстанда алаяқтар жиі ресурстарды өндіретін компанияларға инвестиция тақырыбын пайдалана бастады. Олар компаниялардың ресми беттерін айнытпай көшіретін жалған веб-сайттар құрып, адамдарға бағалы металдар немесе мұнай өндіру ісіне ақша салуды ұсынады. Fingramota.kz мәліметінше, болашақта компания пайдасынан үлес аласың деп сендіреді. Кей жағдайда ірі компаниялардың акцияларын немесе жалған «токендерін» сатып алуды ұсынып жатады.
Алаяқтар адамдарды танымал әлеуметтік желілердегі (Facebook, Telegram, YouTube) онлайн-жарнама арқылы арбайды. Онда белгілі адамдардың атынан жарияланған жазбалар немесе өзін білікті қаржыгер ретінде көрсеткен жалған аккаунттар арқылы күмәнді әрі жоғары табыс әкеледі деген құралдарды жарнамалайды.
Мұндай платформаны насихаттайтын жазбалардың астына әдетте жалған пікірлер жазылады. Онда «инвесторлар» өздерінің табысын көрсетіп, басқаларды да ақша салуға шақырады.
Мұндай мысалдардың бірі – алаяқтар «KAZMinerals», «Қазақмыс», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром» және ірі қазақстандық банктердің атынан ұсынатын жалған «инвестициялық жобалар». Қулыққа барғандар пайдаланушыларды мұнай-газ немесе мыс өндіруші компаниялардың «командасына қосылуға» шақырып, «бар-жоғы 53 мың теңгелік бастапқы инвестиция арқылы 4 апта ішінде 890 мың теңгеге дейін табыс табасың» деп уәде береді.
Бұл схеманың алғашқы қадамы – адамды жалған платформаға тіркелуге мәжбүрлеу. Келесі қадам – виртуалды шотты толтыру, яғни өз қаражатын жіберу. Бұдан кейін алаяқтар құрбанға «қаржы сарапшысы» деген жалған кеңесшіні бекітеді. Ол «ең тиімді бағалы қағаздарға» немесе тіпті «өндіру процесіне тікелей инвестиция салуға» көмектесетіндей болып көрінеді. Алайда бұл жалған сарапшының шынайы мақсаты – адамды барынша көп ақша салуға итермелеу.
Алаяқтар құрбандарға қолдан жасалған есептер мен графиктер көрсетеді, онда виртуалды шоттағы кірістер «сәтті инвестициялардан» өскендей көрінеді. Осылайша олар көбірек ақша салуға шақырады.
Пайдаланушыға «баланс», «өсім графигі» және «табыс сомасы» көрсетілген интерфейс ұсынылады. Бұл өте нанымды көрінуі мүмкін, бірақ барлығы – жалған.
Алаяқтар құрбанды алдау үшін: «Сіздің пайдаңыз 450 000 теңге болды! Ақшаны шығару үшін 15 000 теңге комиссия төлеңіз» немесе «Аккаунтты белсендіру керек – тағы да ақша салыңыз» деуі мүмкін. Мұндай алдау шексіз жалғаса береді. Жәбірленуші төлеуге дайын тұрғанша, олардың ақшасын алдап тартып алады.
Алаяқтардың тағы бір кең таралған схемасы мынадай: пайдаланушыларды жалған инвестициялық сайтқа (фишингтік сайтқа) тіркелу үшін шағын сауалнама толтыруға шақырады. Ол үшін адамның аты-жөні, электрондық пошта мекенжайы мен телефон нөмірі талап етіледі. Алаяқтарға адамның көп ойланғаны тиімді емес, сондықтан олар өздерінің жарнамаларында «платформаға тіркелу уақыты жақында аяқталады» деп жазады. Егер сіз сауалнаманы толтырсаңыз, компьютеріңізге немесе смартфоныңызға зиянды бағдарлама автоматты түрде орнатылады. Ол бағдарлама сіздің жеке деректеріңізді ұрлап, алаяқтарға жеткізеді.
Кеңес: инвестициялық шешім қабылдағанда белгілі бір тұлғалардың пікіріне немесе жұлдыздардың қолдауына сенбеңіз. Алаяқтар мемлекеттік қайраткерлердің, ықпалды адамдардың немесе танымал жұлдыздардың суреттерін, дауысын және бейнематериалдарын қолданып, адамдарды алдап соғады.
Сонымен қатар, Қазақстан заңнамасына сәйкес, қарапайым азамат бағалы қағаздарды қор биржасында өз бетінше сатып ала алмайды немесе сата алмайды. Мұны тек брокер арқылы жасауға болады. Брокер міндетті түрде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бағалы қағаздар нарығында қызмет атқаруға берілген лицензиясына ие болуы және биржаның тікелей мүшесі болуы қажет.
Инвестициялық алаяқтықтан қалай сақтануға болады?
Инвестициялық алаяқтар өздерінің мақсатына жету үшін жәбірленушінің психологиялық бейініне бейімделген түрлі сендіру әдістерін қолданады. Сондықтан мынадай күмәнді белгілерге назар аудару маңызды:
- Тым тартымды көрінсе, оған күмәнмен қараңыз
Уәде етілген кірісті белгілі қор индекстерінің ағымдағы табыстылығымен салыстырыңыз. Әдетте мынадай қағида бар: кірістің мүмкіндігі қаншалықты жоғары болса, тәуекел де соншалықты жоғары, яғни сіз ақшаңызды жоғалтып алуыңыз ықтимал. «Бұл инвестиция сізге керемет пайда әкеледі», «бұл – серпіліс әкелетін акция», «өсу әлеуеті жоғары және ешқандай тәуекелі жоқ!» деген секілді уәделердің барлығы – өте жоғары тәуекелдің немесе ашық алаяқтықтың белгісі.
- «Кепілдендірілген» табыс деген ұғым жоқ
Кез келген инвестиция белгілі бір деңгейде тәуекелге ие. Егер сіздің ақшаңыз толықтай қауіпсіз болса, онда табыс аз болады. Ал жоғары табыс әрқашан жоғары тәуекелмен байланысты, тіпті бүкіл инвестицияңызды жоғалтып алу қаупі де бар.
Алаяқтардың көбі инвесторларды сендіруге көп уақытын жұмсайды. Олар «өте жоғары табыс кепілдендірілген», «мүмкіндікті жіберіп алмаңыз» деген уәделермен алдайды. Мұндай адамдар сізді байығандағы болашағыңызбен қызықтырып, өміріңіздің қалай өзгеретінін баяндап береді. Бірақ бұған сенбеңіз.
«Ореола» әсерінен сақ болыңыз. Инвесторлар кейде алаяқтың мейірімді немесе сенімді көрінуіне алданып, «ореола» эффектісінің құрбанына айналуы мүмкін. Сондықтан адамның нақты біліктілігін тексеріңіз.
«Барлығы сатып алып жатыр». Барлығы осыған инвестиция салып жатыр деп жар салатын презентациялардан сақ болыңыз – олар сізді де солай жасауға көндіргісі келеді. Өнім сізге шынымен қызықты ма, соны ойлаңыз. Егер презентация негізінен қанша адамның өнімді сатып алғанына ғана шоғырланса, бұл алаңдатарлық белгі болуы мүмкін.
«Дәл қазір ақша жіберіңіз» деген қысымға түспеңіз. Алаяқтар құрбандарына бұл ұсыныс өмірде бір рет қана болатынын, ертең ондай мүмкіндік болмайтынын айтады. Бірақ жылдам инвестиция жасауға тырысып, қысымға көніп қалмаңыз – ақша жібермес бұрын зерттеп, ойлануға уақыт бөліңіз.
Өзара қайтарым. Алаяқтар кейде инвесторларды тегін инвестициялық семинарлар арқылы тартады, сонда сіз олардан ұялып, дегеніне көнеді, яғни инвестиция салады деп сенеді. Сондықтан жақсылыққа жақсылықпен жауап қатамын деп, қаржыңыздан айырылып қалып жүрмеңіз. Мұндай шараларға қатыссаңыз, олардың ақпаратын үйіңізге алып кетіңіз, сөйтіп барлық «артықшылықтары мен кемшіліктерін» бағалаңыз.
Ең бастысы, өнім дәл сізге сай ма, сіз не сатып алып отырғаныңызды түсінесіз бе және осыған байланысты барлық төлемдер мен алымдарды білесіз бе, міне, осыларға мән беріңіз.

