Сапар кезінде, тауда немесе төтенше жағдайда интернет жоғалып кетуі мүмкін. Бірақ мұндай кезде де байланыссыз қалмаудың жолы бар. Қазір кейбір қосымшалар интернетсіз-ақ жұмыс істей береді.
Олар жақын тұрған телефондармен тікелей байланыс орнатып, хабарламаны бір құрылғыдан екіншісіне жеткізеді. Ал ол қосымшаларды кез келген адам пайдалана алады. Бүгін біз интернетсіз жұмыс істейтін ең танымал 5 мессенджерге тоқталдық.
Bridgefy
Bridgefy – интернет болмаса да хабарлама жіберуге мүмкіндік беретін ең танымал қосымшалардың бірі. Ол Bluetooth арқылы жұмыс істейді. Жақын тұрған адамдардың телефондары бір-біріне сигнал беріп, хабарламаны жеткізеді.
Мұнда мәтіндік және дауыстық хабарламалар жіберуге, тіпті белгілі бір радиустағы барлық қолданушыға бірден хабар таратуға болады. Геолокация жіберу мүмкіндігі де бар.
Бірақ айналаңызда бұл қосымшаны қолданатын адамдар аз болса, байланыс баяулап немесе мүлде істемеуі мүмкін. Сонымен қатар Bluetooth үнемі қосулы тұрғандықтан, батареяны көбірек жейді.
Bitchat
Bitchat – кәдімгі чаттан өзгеше қосымша. Мұнда тіркелу үшін телефон нөмірін де, email-ды да енгізудің қажеті жоқ. Оның орнына жүйе сізге арнайы жеке код береді, сол код арқылы аккаунт ашасыз.
Қосымшада чатқа жазып қана қоймай, файл жіберуге, криптовалюта аударуға, тіпті смарт-келісімшарттар қолдануға болады. Яғни бұл – мессенджер мен қаржы құралының гибриді.
Ең басты артықшылығы – қауіпсіздік. Хабарламалар толық шифрланады, ешқандай орталық сервер жоқ, сондықтан бұғаттау қиын.
Бұл қосымша қарапайым қолданушыға бірден түсінікті болмауы мүмкін. Себебі кей әрекеттерді орындау үшін криптовалюта қолдану керек, ал оның қалай жұмыс істейтінін бәрі бірдей біле бермейді.
Berkanan Messenger
Berkanan Messenger – қауіпсіздікке басымдық беретін, бірақ салыстырмалы түрде жеңілірек қосымша.
Мұнда жеке және топтық чаттар, дауыстық және бейнеқоңыраулар бар. Интернетсіз режимде Bluetooth пен Wi-Fi Direct арқылы жұмыс істейді.
Ең қызығы, хабарламаларды өздігінен өшіретін таймер қоюға болады, ал аккаунт телефон нөміріне байланбайды. Бір құрылғыда бірнеше профиль қолдануға мүмкіндік бар.
Дегенмен бұл қосымшадағы арнайы қорғаныс кодтарын түсіну кейбір қолданушыларға қиын болуы мүмкін. Ал байланыс нашар болса, хабарламалар кешігіп жетеді.
Jami
Jami – жай ғана чат емес, байланысқа арналған толық сервис. Мұнда жазудан бөлек, қоңырау шалуға, файл жіберуге, экран көрсетуге болады.
Әдетте интернетпен жұмыс істейді. Егер қаласаңыз, бір Wi-Fi желісіне қосылып отырып-ақ сөйлесуге мүмкіндік бар.
Қауіпсіздігі жоғары. Сөйлескеніңіздің бәрі қорғалады, жеке деректер жиналмайды, жарнама жоқ.
Бірақ қосымшаны алғаш қолданғанда сәл күрделі көрінуі мүмкін. Кей жағдайда байланыс орнату үшін қосымша баптаулар жасауға тура келеді.
Briar
Briar – интернет мүлде жоқ кезде де жұмыс істей беретін қосымша. Ол Bluetooth немесе Wi-Fi арқылы жақын тұрған адамдармен байланыс орнатады.
Бұл қосымшада тек мәтін арқылы сөйлесесіз, жеке чат та, топ та бар. Бірақ фото, видео немесе басқа файл жібере алмайсыз. Бұл қауіпсіздікті сақтау үшін әдейі шектелген.
Біреуді контактқа қосу үшін онымен бетпе-бет кездесіп, QR-кодын сканерлеу керек.
Ең бастысы, барлық ақпарат тек сіздің телефоныңызда сақталады, яғни деректер сыртқа шықпайды, сондықтан бұзу немесе бақылау өте қиын.