Жаңалықтар

Интернет-сайттардың бірінде жаңа туған нәрестелер сатылған

Жаңа туған балаларынан бас тартқысы келетін әйелдердің қылмысы ашылды
Интернет-сайттардың бірінде жаңа туған нәрестелер сатылған
Фото: turkystan.kz 28.06.2022 14:45 1121

Прокуратура балаларды сату туралы хабарландырулар орналастырылған шетелдік интернет сайтын анықтады, деп хабарлайды El.kz Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Ондағы мәліметтерге қарағанда, жаңа туған балаларынан бас тартқысы келетін жас әйелдер оларды заңмен белгіленген тәртіпті бұза отырып, уәкілетті органдар мен соттың тиісті шешімінсіз «сатып алуды» ұсынады. Сонымен қатар сайтта балаларды осылай асырап алғысы келетін адамдардың жаппай хабарландырулары бар екені анықталды.

ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 196-бабына сәйкес тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 2-бабының 4-тармағына сәйкес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Осыған байланысты Алатау ауданының прокуроры сотқа сайтты заңсыз деп тану және оның Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтату туралы өтінішпен жүгінді. Сот қадағалау органының өтінішін қанағаттандырды. Материалдар ҚР ҚК-нің 128-бабында көзделген қылмысты жасау, яғни адам саудасы мәніне тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.

«Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген»,-делінген хабарламада.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға