Интернет-алаяқтықтың жаңа түрі: министрлік ата-аналарды сақ болуға шақырды
Балалар мен жасөспірімдерге бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа түрі анықталды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
Министрлік дерегінше, әлеуметтік желілерде түрлі бейнероликтер арқылы жасөспірімдерді қызықтырып, Telegram арналарына бағыттайтын сілтемелер таралуда. Онда ойындарды бұзу, тегін бонустар алу, жабық функцияларға қол жеткізу жайында жалған уәделер ұсынылады.
Сілтеме арқылы өткен балалардан «ID-доступ», «верификация» және басқа да түсініксіз әрекеттерді орындау талап етіледі. Осыдан кейін алаяқтар қолданушыға психологиялық қысым көрсетіп, жеке деректердің қолдарына түскенін айтып, қорқытуға көшеді. Мұндай жағдайда бала ақша аударуға тәуелді болуы мүмкін.
Қауіптің анықталуына байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ҚР ІІМ Киберқылмыспен күрес департаментіне жедел түрде жүгінді. Ақпарат құзырлы органдар тарапынан қаралып, бақылауға алынған.
Комитет төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, мұндай деректерге немқұрайлы қарауға болмайды. Күдікті жағдай анықталған кезде «E-Өтініш» порталы арқылы дереу хабарлау қажет.
Ата-аналар мен балаларға арналған негізгі ескертулер:
* Бейтаныс бейнероликтердегі сілтемелерге өтпеу;
* Telegram арналарының талабымен ешқандай тексерулерден өтпеу;
* Жеке мәліметтерді, SMS кодтары мен құпиясөздерді үшінші тұлғаларға бермеу;
* Қорқыту сипатындағы хабарламалар алынса, сөйлесуді дереу тоқтату және ата-анаға хабарлау.
Алдын алу шаралары:
* Балаға интернет-алаяқтықтың түрлерін түсіндіру;
* Құрылғыда ата-ана бақылауын орнату;
* Баламен ашық қарым-қатынас орнатып, күмәнді жайттарды дер кезінде айтуға мүмкіндік жасау.
Күмәнді жағдай туындаса, құқық қорғау органдарына жүгінуге немесе 111 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Айта кетейік, онлайн-платформаларға қатысты заң жобасы аясында он алты жасқа толмаған тұлғалардың жедел хабар алмасу сервистерінен басқа платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылып отыр. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл бастаманы қолдап, оны кәмелетке толмағандарды интернеттегі қауіп-қатерден қорғаудың маңызды қадамы деп санайды.

