Жаңалықтар

Интернет алаяқтары Ұлттық компанияларға инвестиция салуға үгіттеп жүр

Ішкі істер министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанда он бес мыңнан астам интернет алаяқтық ісі тіркелген көрінеді
Интернет алаяқтары Ұлттық компанияларға инвестиция салуға үгіттеп жүр
Фото: den-der.kz 25.10.2022 17:19 2976

Еліміздің аумағында бүгінгі таңға 15700-ден астам интернет-алаяқтық қылмыстық іс тіркелген. Адамдардың жеке бас деректерінің алаяқтардың қолына түскені алаңдатады. Күн сайын қазақстандықтардың жеке ұялы нөмірлеріне олардың қалтасына заңсыз қол сұғушы теріс пиғылдылардан бірнеше мыңдаған, бәлкім миллиондаған қоңырау түсіп жатады. Біреулері алаяқтың көкейіндегі арамдықты бірден сезіп, олардың бетін қайтарып үлгеріп жатса, енді баз біреулері олардың тұзағына қалай түсіп қалғандарын аңғармай, барынан айрылып жататындығы өкінішті. Барынан демекші, араны ашылған алаяқтар түгі жоқтарды да аяп жатқан жоқ, жуас қой жүндеуге жақсы деп, оларды несие рәсімдеуге «көндіріп», қомақты қаражатқа қарызға кіргізіп жатыр. Осылайша, абайшаласақ, «жақсы менен жаманды айырмаған» қазақ халқы сырттан келген «жауға» өз басын, мал-мүлкін бәске тігіп, кредит те алып беруде.

Интернет-алаяқтық азайып келе ме?

Ішкі істер министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанда он бес мыңнан астам интернет алаяқтық ісі тіркелген көрінеді. Бұл жеке азаматтарға анау-мынау емес, жеті миллиардтан астам шығын әкелген. Яғни қарапайым қазақстандықтардың қалтасынан алаяқтар осыншама соманы ұрлаған деген сөз. Әсіресе, алаяқтар Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында аса белсенді болғанға ұқсайды.

Солай бола тұра, бұл өткен жылдың тоғыз айлық көрсеткішімен салыстырғанда, интернет-алаяқтықтың санының азайып келе жатқанын көрсетеді. Ішкі істер министрлігі ұсынған статистикалық деректерге көз жүгіртер болсақ, өткен жылға қарағанда интернет-алаяқтық 4,4%-ға азайған. Өткен жылы желтоқан-қыркүйек аралығында мұндай алаяқтыққа қатысты 16475 дерек тіркелген болса, биылғы сәйкесті кезеңде 15747 дерек тіркеліп отыр. Және оның ішінде 3061 қылмыстық істің ізі суымай ашылған. Өкінішке орай, статистика көзге түртіп көрсетіп бергендей, мұндай қылмысқа баратындардың дені жастар. Және олар ғаламтор желісін пайдалану мен онлайн хабарландыру платформаларының қыр-сырын жақсы меңгерген.

Ұрланған ақша қайда кетіп жатыр?

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жеке азаматтардың атына рәсімделіп, жымқырылған қаражат көбіне-көп таяу шетелдегі банктерге бағытталып отырған. Яғни бұл алаяқтардың шетелде отырып, біздің елімізде ұрлық схемасын жүзеге асырып отырған болуы әбден мүмкін деген күмәнді дәлелдей түскендей болады.

Ішкі істер министрлігінің киберқылмыспен күрес бөлімшесінің жедел уәкілдерінің қатысуымен Қазақстан мен Ресей азаматтары болып табылатын, он бес адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Олардың бір емес бірнеше сериялы интернет-алаяқтыққа қатысы бар болуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде олардың алты интернет-алаяқтыққа қатыстылығы белгілі болып отыр, мұның өзі қазақстандық азаматтарға 106 миллион теңге көлемінде зиянын тигізген екен.  Қоңырау шалу үшін алаяқтар абоненттік номерлерді ауыстырып жіберетін бағдарламаларды пайдаланған.

Алаяқтар азаматтардың банктегі есепшоттарына, қолдарындағы банк карталарына, тіпті депозиттеріне қол жеткізу үшін неше түрлі қитұрқылыққа баруда. Мәселен, азаматтардың телефонына қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырады және ары қарай өздері құрған қылмыстық схема бойынша «клиенттің» үрейін ұшырады. Нақтырақ болсақ, «клиенттің» карточкасына қатысты қандай да бір күдікті істің тіркелгенін алға тартады. Бұл күдікті істі тоқтату яғни банк тілімен айтсақ, операцияны бұғаттап, шоттағы ақшаны дін аман сақтап қалу үшін оны сақтық үшін құрылған резервтегі қауіпсіз шотқа аударуды немесе картадағы сандарды бір нақтылап өтуді және сіздің жеке телефон нөміріңізге сол мезетте келіп түскен СМС-кодты хабарлауыңызды сұрайды. Сіз алас-қапас оған сұраған деректерін «сыбырлай» бастаған сәтте-ақ, сіздің есепшотыңыздағы ақша алаяқтың қалтасына қарай жылыстап бара жатады. Бұл интернет алаяқтықтың көпшілік ішінде аса таралған бір түрі ғана. Ал қаншама халық OLX секілді хабарландыру беру сайттары арқылы үйіндегі ескі-құсқысы мен артық-ауысын сатамын деп алданып қалып жатыр десеңізші. Дәніккен кәнігі алаяқтар мұндай сервистерде жылт ете қалған хабарландыруды аңдып отырып, сатып алушының кейпінде сізге хат жазып хабарласады. Олар сіздің тауарыңызға аса қызығушылық білдірген сыңай танытады. Сізге тауарды сатып жібермеуді, оны міндетті түрде сатып алатынын айтып қуантып қояды. Тіпті сіздің сұрап отырған бағаңыздан бір тиын да төмен түсірмейді. Әбден әңгімені пісіріп болған соң, ақысының қалай төленетіні туралы әңгіме басталады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деп, қызықтың бәрі осы жерде басталады. «Сатып алушы» төлемді банк реквизиттері арқылы төлейтінін мәлімдейді. Сауданың көрігі қызып жатқанда, оның неліктен банк реквизиттері арқылы төлем жасаймын дегеніне сіз бас қатыра қоймайтыныңыз анық, сұрағанын жібере саласыз. Керекті дерек қолына тигеннен кейін «сатып алушыңыз» сіздің тегіңізді, жеке куәлік нөміріңізді, жеке сәйкестендіру нөміріңізді пайдаланып, онлайн кредит рәсімдеп, сізді әп-сәтте сатушыдан кредит төлеушіге айналдырып жібереді.

Интернет-алаяқтық істердің басым көпшілігінде сырттан ықпал жүргізіп отырғандардың көлеңкесі байқалады. Мұны трансшекаралық қылмыстар деп атайды. Мұндай қылмысты ашу үшін белгілі бір уақыт талап етіледі, сондықтан трансшекаралық қылмыстар бүгін анықталып, ертең ізі ашыла қоймайтын күрделі істер. Ол үшін ішкі істер органдары шет мемлекеттердің ішкі істер органдарына сұраныс жібереді, алаяқтың жеке басын куәландырады және басқа да істерге қатыстылығын анықтайды. Жуырда әлеуметтік желіде бір белсенді мұндай алаяқтармен қазақ тілінде сөйлесу керек, ол орысша сұрақ қойған сайын сіз қазақшамен бастырмалата берсеңіз, ол тұтқаны сіздің сөзіңізге түсінбей өзі-ақ қоя салады деп еді. Дегенмен, оның сөзінің расында да жаны бар секілді.

Цифрландыру дәуірінің көлеңкесі

Алаяқтықтың артуында елімізде ғана емес, күллі әлемде қарқындап дамыған цифрландыру үрдісінің де үлесі бар. Адамдар бүгінде үйден шықпай төлем жүргізіп, сауда-саттық жасауға үйреніп барады. Бұл айта кету керек, ғаламтор желісінде, кейде тіпті ашық дереккөздерінде азаматтардың жеке деректерінің қолды болуына алып келуде.

Интернеттің қолжетімділігі мен әлеуметтік желілердің дамуының қарқын алуы, адамдардың оған тәуелділігі де алаяқтық істерге жан бітіріп, олардың белсендірек қимылдауына септігін тигізіп отырғаны жасырын емес. Мәселен, өткен жылы ішкі істер қызметкерлерінің қырағылығының арқасында құрықталған Жамбыл облысының тұрғыны, жас әйел азаматша Instagram әлеуметтік желісінде көз жауын аларлық түрлі киімдердің фотосын саудалаған. Киімдердің суретіне қарап, таңдау жасаған қырықтан астам қазақстандық киімді сатып аламын деп ақша жіберіп алданған. Нәтижесінде, оларға тапсырыс берген киімдері келмеген, ал шын мәнінде тергеу кезінде белгілі болғандай, алаяқтың саудаға салатын тауары да болмаған, ол «аңқау елге арамза молда» болмақшы болып, әлеуметтік желіден тауар іздегендердің ақшасын алдап алып, қалтасына салып алған. Сол секілді тағы бір қылмыстық істі тергеу кезінде қарағандылық алаяқтың интернетте авто бөлшектер сатамын деп 23 алаяқтық іс жасағаны белгілі болған. Ал Солтүстік Қазақстанда азаматтардың жеке құжаттарының көшірмелерін пайдалана отырып, 50 ондайн кредит рәсімдеп, оны өз қалтасына салып алған, яғни ұрлап алған азаматтың ісі белгілі болды. Бұл алаяқ азаматтардың құжаттарының көшірмелерін әлеуметтік желілерде шыққан жеке куәліктерді тауып алғандығы туралы әртүрлі хабарландырулардан алған.  Мұндай мысалдар аса көп, адамның адамды алдауы аяқ бассаң кездесетін заңсыз әрекет. Қазір алаяқтықпен қоғамды таңқалдыра алмайсын. Қазақстанды қаржы пирамидасы іспетті ұйымдасқан қымыстық топтар да айналып өтпеуде. Мәселен, WhatsApp мессенджерінде «Касса от ставки» чаты анықталған. Мұнда спорттық ойындарға бәс тігудің тиімді жолдарын қолданып, 50 пайызға дейін кірісіңді көбейтуге уәде беріледі. Чаттың әкімшісінің жеке мәліметі анықталып, ол жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ, осы чатқа пайда табамын деп тіркеліп, қалтасы қағылған он төрт азамат белгілі болды.

Аладансам, не істеймін?

Осындай сипаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында бірқатар ұйымдық-практикалық шаралар ұйымдастырылуда. Ішкі істер министрлігімен жыл басынан бері киберқылмыспен күрес бойынша жұмыстар, оның аясында мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен, ұялы байланыс операторларымен, қызмет провайдерлерімен және онлайн платформалармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Ішкі істер органдары күн сайын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді мониторингілеуде. Егер сіз алаяқтың арбауына түсіп, оған бар ақпаратты жайып салған болсаңыз, және мұны телефон тұтқасын қоя салысымен түсінсеңіз, бірінші кезекте бірден өз банкіңізге хабарласып, барлық қолданыста бар карточкаларыңызды, шоттарыңызды бұғаттаңыз және сіздің қаражатыңызға қатысты барлық қозғалысты тоқтаттырыңыз. Бұл аса маңызды, себебі, қазір барлық банк операциялары онлайн мобильді қосымшалар арқылы жүргізілетіндіктен, банк қызметкерінің операцияның кімнің қандай мақсатта жүргізіп жатқанынан хабарсыз болуы заңдылық. Бұл жерде алаяқ сіздің өз еркіңізбен берген деректеріңізді пайдаланып, әрекет етуде. Және сіз дер уақытында жедел әрекет етпесеңіз, кейін кім кінәлі деген сұрақ туғанда, өзіңізден басқа кінәліні таппасыңыз анық. Сондықтан алаяқтармен жүргізілген барлық хат-хабарды сақтап қоюға тырысыңыз, себебі бұл ертеңгі күні қылмыстың ізіне түсіп, оны ашуға септігін тигізетін айғақ болуы мүмкін. Және жедел түрде өзіңіздің тұрғылықты жеріңіздегі жергілікті полицияға барып арыз жазуды да ұмытпау керек.

Алаяқтар ұстатпайды деген құр сөз. Жыл басынан бері Қазақстанда 571 интернет-алаяқ құрықталып, 17 қылмыстық топтың жолы кесілді.  Мұндай сипаттағы қылмастырдың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі ұялы байланыс операторларымен келісіп, азаматтардың жеке нөмірлеріне СМС ескертулер жіберуді қолға алуда. Бұл әрине, қазақстандықтардың алаяқтық әрекеттер туралы алдын-ала хабардар болуына тікелей ықпал ететін тәсіл болмақ. Себебі, қазір әрбір адамның қолында жеке ұялы телефоны бар екені ақиқат. Ал телефонына келген хабарламаны кез-келген адам ашып оқиды, сөйтіп ой түйеді, соның арқасында сақ жүреді.

Интернет-алаяқтық алуан түрлі

Бір қызығы, интернет-алаяқтықтың тәсілдері әр алуан. Қылмыскерлер әдетте «клиенттен» ақша табу немесе оның деректерін алуға бағытталған әлеуметтік инженерия тәсілін пайдаланады. Дерек жинау кезінде ешнәрсе де назардан тыс қалмайды, оның аккаунтына, жеке шотына қолжетімділікке бірінші кезекте жол ашып алады.  Таңқаларлығы да сол, адамдар алаяқтардың қолына өздері туралы деректі өздері ұстатады. Бұл жағдайда біз әлеуметтік желілерде, сайттарда өз жеке деректерімізді қалдыру арқылы, оларға өзіміздің қалайша оңай олжа болып жатқанымызды да байқамаймыз.

Ал кейбір алаяқтар абоненттік телефон нөмірлеріне «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген принциппен қоңыраулатып, СМС-хабарламалар жібереді, сөйтіп олар байланыс операторымен бірге акция жүргізіліп жатқанын, және дәл сіздің телефон нөміріңіздің жеңімпаз болғанын қуана хабарлайды. Және ол аз болса, жүлдеңізді басқа қаладан алып кетуді немесе оны жөнелту сомасын банк картасына аударуыңызды өтінеді.  Мәселен, полиция құрығына іліккен павлодарлық тағы бір алаяқ өзін «Самсунг Электроникс» компаниясының өкілі ретінде таныстырып, абоненттерге олардың аса бағалы сыйлық ұтып алғанын хабарлап және оның жеткізу құны мен қосымша құн салығы үшін  он мыңнан елу мыңға дейінгі аралықта ақы төлеуді ұсынған. Нәтижесінде, әлгі алаяқтың осындай 44 қылмысқа қатыстылығы дәлелденген.

Кейбір адамдардың интернет сауда жасаймын немесе курсқа тіркелемін деп кез-келген күдікті сайттарда жеке деректерін қалдыратыны және ол аз десеңіз тіпті, пластикалық карталарының деректерін де енгізетіні өкінішке орай, жиі кездесетін ақиқат. Сондай-ақ, тексеріп, әбден көз жеткізіп алмай, әлдебір тауар үшін алдын ала төлем жасау да қауіпті. Смартфонға немесе компьютерге өзіңіз егжей-тегжейлі білмейтін қосымшаларды қондыруда да сақ болу керек, сондай-ақ, біреулердің ұсынысы бойынша ешқандай сілтемеге өтпеңіз. Мұндай сілтемелер әсіресе, интернетті пайдалану кезінде қалқымалы терезе арқылы көрсетіліп тұрады. Сондықтан күдікті көрінген кез-келген сілтемені ең дұрысы ашпай, жаба салыңыз.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде, жалпы ғаламтор желісінде «Қазмұнайгаз», «Қазтрансойл» секілді қазақстандық ірі компаниялардың атынан тиімді инвестиция туралы хабарландырулар қаптап кетті. Ішкі істер министрлігі бұл жаңадан пайда болған алаяқтық түрі деп атап отыр. Ұлттық компаниялардың кірісінің есебінен пайда таппақшы болған қазақстандықтардың ішінде бұл алаяқтарға да ақша жіберіп, сан соғып қалғандары бар екен.

Полицейлер әсіресе, соңғы жеті жылда мұндай қылмыстардың саны арта түскенін айтуда. Интернет-алаяқтықтың аса бір кең таралған тәсілдері ретінде интернет-хабарландыру бойынша қандай да бір тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу, пластикалық карта шотынан ақша жымқыру, түрлі жобаларға, оның ішінде ойындарға, инвестицияларға, бәс тігуге алдап ақша салдырту, азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу үшін түрлі күмәнді сілтемелерге өтуді ұсыну.

Телефон алаяқтарының басым бөлігі өздерін банктердің қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау органдарының қыметкері ретінде таныстырады. Есіңізде болсын, құқық қорғау органдары телефон арқылы операциялар жүргізбейді. Мамандардың айтуынша, қандай да бір банктің қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау қызметкері ретінде телефон шалатын алаяқтардың тұзағына көбінесе егде жастағы адамдар тез түсіп қалады екен. Ал, ғаламтор желісіндегі сауда көрігін қыздырған тауар, қызмет сату секілді алаяқтардың арбауына көбіне-көп жастар мен орта жастағылар көбірек сенеді және алданады екен.

Не істемек керек?

Өз жеке деректеріңіз, банктегі есеп шотыңыз бен пластикалық картаның нөмірі туралы ешкімге тіс жармаңыз, сондай-ақ, аударым түбіртегін ешкімге жібермеңіз, құпиясөзіңізді ешкімге жария қылмаңыз. Тексерілмеген күмәнді сайттарға жеке деректерді енгізу де қауіп. Тексеріп алмай, ешуақытта аударым жасамаңыз. Дұрысы, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасаймын деп келісіңіз. Мәміле күдікті болып көрінсе, оған ақша аударуға асықпаңыз, жариялы кіріс көзі жоқ қаржы схемаларынан сақ болыңыз. Қосымшаларды жүктеу үшін тек қана Ап стор (App store), Плэй маркет (Play market) секілді ресми дереккөздерді пайдаланған абзал. Ақы төлеу үшін жіберілген сілтемеге өтпеңіз, немесе Спам-хабарламаларда тұрған сілтемені баспаңыз. Банкинг қызметіне кіретін құпиясөзді жиірек ауыстырып тұрған дұрыс, сондай-ақ, 3D-қорғанышы секілді банк ұсынған өзге де қауіпсіздік шараларын пайдалану керек. Өз есепшотыңыздағы ақша қозғалысын жиі тексеріп қойыңыз.

Қазіргі цифрландыру дәуірінде ақшаны қолма қол ұстаушылардың қатары азайып келеді. Мұны әрине, қылмыскерлер де жақсы біледі. Сондықтан, сақ жүрсеңіз, ақшаңыз да дін аман сақталады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға