reporter

Instagram басшысы ЖИ контенттердің санын көбейтуді жоспарлап отыр

Instagram-ның бас директоры Адам Моссери алдағы жылдары жасанды интеллект арқылы жасалған контент көлемі адамдар жасаған материалдардан асып түсетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл авторлар, фотографтар және платформалардың өздері үшін ойын ережесін түбегейлі өзгертеді.

Авторлар табыстарынан айырылып қалмай ма?

Моссеридің бағалауынша, әлеуметтік желілердегі ленталар барған сайын ЖИ арқылы жасалған контентке толып келеді. Мысалы бұрындары авторларды ерекше ететін қасиеттер: жеке дауыс, шынайылық, сенім тудыра білу болса, енді жасанды интеллект көмегімен оңай еліктелетін болды.

Авторларды маңызды еткеннің бәрі шынайы болу, байланыс орнату, қолдан жасау мүмкін емес дауысқа ие болу. Енді кенеттен қажетті құралдары бар кез келген адамға қолжетімді болып отыр, - деді Адам Моссери.

Instagram басшысы 2026 жылы қолданушылар лентасында ЖИ арқылы жасалған суреттердің саны шынайы фотолардан көп болады деп күтеді. Ол бұл өзгерісті креаторлар үшін үлкен сын-қатер деп санайды, өйткені олардың түпнұсқалығы күмән тудыра бастайды.

Неліктен ЖИ-мен жасалған контент сапалы шығады?

Моссери ЖИ контентті анықтаудың қазіргі тәсілдері, соның ішінде сутаңбалар сенімсіз екенін мойындады. Оларды оңай алып тастауға немесе мүлде елемеуге болады. Тіпті Meta компаниясының өз технологиялары да контенттің адам немесе алгоритм арқылы жасалғанын тұрақты түрде анықтай алмайды.

Сондықтан платформалар тәсілді өзгертуі керек: жи-ді іздеудің орнына, шынайы материалдардың түпнұсқалығын растауға көшу қажет.

Фото мен видеоға авторлық құқық орнату

Моссеридің айтуынша, мүмкін шешімдердің бірі, контент түсірілген сәтте криптографиялық қолтаңба қою. Оның идеясы бойынша, смартфондар мен камералар өндірушілері сурет пен видеоны цифрлық ізбен белгілейтін жүйе енгізгенде ғана, түпнұсқалықты растайтын арнайы тізбек болмақ.

Егер индустрия бұл бастаманы қолдаса, пайдаланушылар контенттің нақты камерамен түсірілгенін немесе нейрожелі арқылы жасалғанын ажырата алатын болады. Алайда бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні туралы нақты мәліметтер әзірге айтылған жоқ.

Мінсіз фотолар дәуірі аяқталып келеді

Синтетикалық контенттің көбеюі аясында Instagram, керісінше үрдіске, шикі, мінсіз емес бейнелерге басымдық бермек. Story-дегі бұлыңғыр кадрлар, тосын түсірілген фотолар мен өңдеусіз видео автордың шынайы адам екенін дәлелдеудің бір тәсіліне айналуда.

Платформа басшысының пікірінше, жылтыратылған, мінсіз суреттер құнын жоғалта бастайды. Алгоритмдер мінсіздікті оңай жасай алатын әлемде, дәл сол кемшілік пен табиғилық шынайылықтың белгісіне айналады.

Моссери қолданушыларға енді өз көздеріне ғана сене бермеу керек екенін атап өтті. Контенттің өзіне ғана емес, оны кім жариялағанына, қандай контексте және қандай мақсатпен жарияланғанына да назар аудару маңызды болады.

Instagram ЖИ-контентті белсендірек белгілеуді, түпнұсқа материалдарды растауды және бастапқы жарияланымдардың көрінуін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл фото мен видео автоматты түрде болған оқиғаның дәлелі саналатын дәуірдің аяқталғанын білдіреді.