Инклюзивті қоғам құру: Қазақстан қай тәжірибеге арқап сүйеп отыр
Инклюзивті мәдениет – қоғамның барлық мүшесіне тең мүмкіндік беретін әлеуметтік орта. Мұнда адамның ұлтына, дініне, жынысына немесе денсаулығына байланысты шектеу болмайды. Яғни, әрбір азамат білім алуға, еңбек етуге, шығармашылықпен айналысуға, мәдени өмірге араласуға құқылы. Мұндай мәдениет қоғамдағы кемсітушілік пен тосқауылдарды жойып, әртүрлілікті байлық ретінде қабылдауға жол ашады.
Бұл бағытта істелініп жатқан жұмыстарға El.kz тілшісі шолу жасады. Қазақстан Президенті өз Жолдауында инклюзивті қоғам құруды ұлттық дамудың басым бағыты ретінде атап өтті. Өйткені тең құқық пен әділеттілік – әлеуметтік тұрақтылықтың да, мемлекет беделінің де негізі.
Инклюзивті мәдениеттің мәні
Инклюзияны тек ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты түсіну қате. Ол бүкіл қоғамға бағытталған ұғым, этностық, діни, гендерлік және әлеуметтік ерекшеліктері бар әртүрлі топтардың құқықтарын тең дәрежеде мойындауды білдіреді. Инклюзивті мәдениет қоғамдық келісімді күшейтіп қана қоймай, адамдар арасындағы сенімді арттырады, әлеуметтік капиталды ұлғайтады.
Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, инклюзия білім беру саласында балалардың құқығын қорғауға, еңбек нарығында әділдікке және қоғамдық өмірде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Құқықтық негіздер және мемлекеттік саясат
Инклюзивті қоғам қалыптастыру ең алдымен заңнамалық тұрғыдан бекітілді. 2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қосылып, халықаралық міндеттемелерді мойнына алды. Бұл қадам ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтарын толық қорғауға жол ашты.
2021 жылы қабылданған «Ұлттық жоспар: мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту» құжаты осы бағыттағы жүйелі саясаттың жалғасы болды. Құжат аясында инфрақұрылымды бейімдеу, әлеуметтік қолдау көрсету және жұмыспен қамтуды арттыру шаралары қарастырылған. Сондай-ақ «Қазақстан – 2025» даму стратегиясында да инклюзивті мәдениетті нығайтуға басымдық берілген.
Білім беру жүйесіндегі өзгерістер
Білім – инклюзивті қоғамның жүрегі. Соңғы жылдары Қазақстан мектептері ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы бола бастады. 2022 жылғы деректер бойынша, елдегі мектептердің шамамен 70%-ы инклюзивті білім беруге жағдай жасаған.
Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта және арнайы білім беру саласындағы педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Мұғалімдердің бейіндік қызметіне сәйкес пәндік және цифрлық құзыреттерін жетілдіру, сондай-ақ инклюзивті білім беру бағытында тұрақты түрде біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылып келеді. Жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін 30 мыңнан астам педагог осындай курстардан өтпек.
Мұғалімдерді арнайы даярлау, қайта оқыту курстары, тәжірибелік семинарлар жиі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, онлайн платформалар, қашықтан оқыту жүйелері мен заманауи технологиялар балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беруде. Бұл тәсілдер білім беру жүйесін барынша қолжетімді етуге бағытталған.
Қолжетімді орта мен инфрақұрылым
Инклюзивті қоғамның маңызды көрсеткіші – қолжетімді орта. 2023 жылдың басындағы ресми деректерге сәйкес, қоғамдық нысандардың 90%-ында пандус, лифт және арнайы құрылғылар орнатылған.
Қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер байқалады. Жаңа автобустар мен пойыздарда мүгедектер арбасына арналған орындар мен көтергіш жабдықтар бар. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасайды.
Еңбек нарығы және әлеуметтік қолдау
Инклюзияны ілгерілетуде жұмыспен қамту ерекше маңызға ие. Қазақстанда «Жұмыспен қамту жол картасы» сияқты бағдарламалар шеңберінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмыс орындары ұсынылуда. Әлеуметтік кәсіпкерлік те дами түсуде: мемлекет тарапынан гранттар беріліп, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік жасалып отыр.
Сонымен қатар, мемлекет жәрдемақылар мен зейнетақыларды, медициналық оңалту қызметтерін, арнайы курстарды ұсыну арқылы әлеуметтік қолдауды күшейтуде.
Қоғамдық сана мен мәдени өзгерістер
Заңдар мен инфрақұрылым жеткіліксіз, ең маңыздысы – қоғамның көзқарасы. Қазақстанда соңғы жылдары инклюзивті мәдениетті насихаттайтын жобалар көбейді. Әлеуметтік желілерде ақпараттық кампаниялар жүргізіліп, БАҚ-та табысты мысалдар жиі жариялануда.
Паралимпиадалық спортшылардың жетістіктері, өнер фестивальдері мен түрлі шығармашылық жобалар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, жастарға да үлгі болуда. Бұл теңдік пен құрмет қағидатын нығайтады.
Болашаққа көзқарас
Инклюзивті қоғам құру – ұзақ мерзімді міндет. Алдағы уақытта Қазақстанда білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығы және мәдениет саласында инклюзивті жобаларды кеңейту жоспарланған. Бұл мақсатқа мемлекет пен азаматтық қоғам бірігіп жұмыс істегенде ғана қол жеткізуге болады.
Бұл тек бір топтың мәселесі емес, бүкіл халықтың мүддесі. Әділеттілік пен теңдікке негізделген қоғам құру арқылы Қазақстан өзінің әлеуметтік дамуын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық қауымдастықта абыройын арттыра түседі.

