Жаңалықтар

Инклюзивті білім алатын баланы қоғам дұрыс қабылдауы тиіс

Инклюзивті білім алатын баланы қоғам дұрыс қабылдауы тиіс
Фото: © Pixabay.com 19.05.2024 10:30 5223

Инклюзивті білім беру дегеніміз не? Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қоғам қалай қабылдап жатыр? Олардың ортаға бейімделуі бойынша қандай шаралар атқарылуда? Мұндай балаларға бекітілген педагог-ассистенттерге мемлекет деңгейінде тиісті көңіл бөлініп отыр ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз Қазақстан бойынша арнайы мектеп пен балабақша санымен көш бастап тұрған Шымкенттегі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығының жұмысы, арнайы педагогтер мен олардың білім беру методикалары туралы сөз қозғамақпыз.

Инклюзивті білім беру – кез келген балаға сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған жалпы білім беруді дамытудың үздіксіз процесі. Оның мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қалыпты балалармен бірге оқытып, ортаға бейімдеу. Өзін қоғамнан шеттетпей, тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік беру.

Инклюзивті білім беру санатына тек психофизикалық ауытқуы емес, сонымен қатар материалдық қиындыққа тап болған отбасыдан шыққан, сонымен қатар өзге елден көшіп келген және белгілі бір ортаға бейімделуі кезінде кедергілерге тап болған балалар да кіреді. Себебі олар да ортаға бейімделуі үшін ерекше білім беру әдісін қажет етеді.

Психофизикалық дамуында ауытқушылығы бар балалар үшін арнайы сыныпта оқыту белгіленген оқу жоспары мен бағдарламалар негізінде жүргізіледі. Негізінен елімізде бұған дейін «инклюзивті бала», «мүмкіндігі шектеулі бала» деген термин қолданып келген. Бірақ 2020 жылдан бастап «ерекше білім беру қажеттілігі бар бала» деген ұғым қолданысқа енді. Нәтижесінде инклюзивті орталықтардың да атауы өзгерді.

2023 жылдағы статистикаға сүйенсек, елімізде 188 мыңнан астам бала ерекше білім беруді қажет ететін топқа жатады. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны артып отыр. Мәселен, былтыр Шымкентте 18 жасқа дейінгі мұндай бала саны 10900 болса, биыл олардың саны 11594-ке жеткен.

Қаладағы білім беру мекемелерінде 2011 жылдан бастап инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашыла бастаған. Бүгінде барлық мектеп мұндай кабинеттер бар. Ал 2022 жылдан бастап барлық мектепте логопед кабинеттері пайдалануға берілген.

Үшінші мегаполисте психофизикалық ауытқуы бар балаларға арналған 5 арнайы мектеп пен 7 балабақша бар. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің екеуі тілінің дамуында кемістігі, тағы екеуі туберкулез дерті анықталған, қалғандары тірек-қимыл қозғалысында ауытқуы,  ақыл-ой кемістігі мен көзі көрмейтін балаларға арналған. Сондай-ақ қалада 6 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс істейді. 

Инклюзивті білім алатын балалардың қатарында өте талантты, ақылды балаларда да бар. Сондықтан ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар да өзгелерден кем емес, теңдей білім алуы керек,-деді қалалық ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Жанна Өтесінова.

Спикердің айтуынша, мұндай балаларды қоғам да жыл өткен сайын дұрыс қабылдап келеді. Инклюзивті білім беруге мұқтаж бала мен дарынды бала деген кім? Бұл тұрғыда халықты құлақтандыру, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп  келеді. Балабақша, мектеп немесе орта арнаулы оқу орындары болсын, ай сайын педагогтермен, ата-аналармен тұрақты кездесулер өткізіліп, семинар-тренингтер ұйымдастырылып  отырады екен.

(Фото: ©El.kz/Жансая Ақбала)

Жанна Өтесінова мақсат – бастысы педагогке жеткізе білу керек, олар ата-аналармен қалай жұмыс жасау керектігін, соларға дұрыс қарым-қатынас орната алуында деп отыр. Дегенмен әлі де ақпараттық насихаттауда қолдау ауадай қажет.

Әрине, мен қоғамның бәрі қарсы деп айта алмаймын. Осыдан екі жыл бұрынғы жайтты алсақ, қазір ілгерілеу бар. Қоғам мұндай балаларды дұрыс қабылдап, қолдауын да көрсетіп жатыр. Біз бірінші кезекте педагогке дұрыс түсіндіре білсек, олар ата-анамен жұмыс жасаушы алтын көпір деуге келеді. Түсінемін, мұғалімге де оңайға соқпайды. Себебі бір сыныпта 25 бала болса, соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін бала көңіл күйі болмай, айқайлап немесе жылап қалса, ұстаздың сол қалған 23-24 баланы өзіне қарата білуі де қиын. Оның үстіне бір сабаққа берілетін уақыт та шектеулі. Сондықтан уақыт өтеп кетпес үшін мұғалімнің біліктілігі аса маңызды,-деді Жанна Өтесінова.

Психофизикалық ауытқуы бар баланы анықтау алдымен емханадан басталады. Оны ерте диагностика деп атайды. Мәселен, педиатр дәрігер бала 1 жасқа келгенше дамуын бақылайды. Қимыл-қозғалысы баяу, кеш еңбектеп, былдырлап дыбыс шығармайтын, ойыншыққа қызықпайтын болса, дәрігер оның себебін анықтайды.

Жанна Өтесінова бала 3 жасқа дейін медицина мекемесінде дәрігерлердің бақылауында болып, содан кейін ғана білім беру мекемелеріне қабылданатынын айтты. Алайда кей ата-ана көп жағдайда балаға дер кезінде көңіл аудармай, уақытты жоғалтып алып жатады екен.

3 жасқа дейін дәретке баратынын, су ішіп немесе қажеттіліктерін түсіндіре алмайтын баланы назарға алу керек. Кей жағдайда 4 жасқа дейін тілі шықпаған баланы анасы бізге әкеліп, 4 айда сөйлетіп беруді талап етеді. Мен ондай аналарға дефектолог-логопед мамандары сиқыршы еместігін үнемі айтып отырамын. Сондықтан баланың дамуында өзгеріс болса, бірінші кезекте ата-анасы дабыл қағу керек. Бүгінде біздің қалада 6 психологиялық-медициналық педагогикалық консультация жұмыс істейді. Онда логопед, невропатолог, психиатр, психолог, сурдопедагог, дефектолог, олигофренопедагог мамандары отырады. Олар ең алдымен баланы емдеуші дәрігер қойған диагнозы бойынша анықтама сұрайды. Кейін 15 минуттан бастап бір сағатқа дейін баламен жұмыс істейді, онымен сөйлесіп, бірге ойнайды. Жан-жақты зерттеу жүргізеді. Содан соң ғана нақты қайда барып, қай маманмен жұмыс істеу керектігі бойынша бағыт-бағдар береді. Психологиялық-медициналық педагогикалық консультацияға 18 жасқа дейінгі бала қабылданады, жасына шектеу жоқ. Ал соңғы диагнозды біз емес, дәрігер қояды,-деді орталық басшысының міндетін атқарушы.

Психологиялық-медициналық педагогикалық консультациядан өткен соң бала жасына қарай балабақша немесе мектепке жіберіледі. Мәселен, балабақшада әрбір ерекше баланың әрқайсысына жеке білім беру әдісі қолданылады. Бала қандай ойынға немесе ойыншыққа қызығады? Қай пәнге бейім? Нені ұнатады? Бұл сұрақтардың жауабын ең алдымен тәрбиеші көреді. Сонымен қатар бала қабылданған кезде екі апта ішінде ондағы логопед маманы психологпен бірге балаға зерттеу жүргізеді.  Соған сәйкес ол баланың жеке картасы түзіліп, онда бір жылдық бағдарлама жазылады.

Мектептер мен колледждерде де дәл сондай зерттеу жүргізіледі. Білім ұяларында психикологиялық-педагогикалық  қолдау деген бар. Онда логопед, психолог, дефектолог, баланың өз сынып мұғалімі барлығы команда болып жұмыс жүргізіп, жылдық жоспар түзіледі.

Айта кетейік, Шымкентте 1279 бала диагнозына байланысты үйде оқытылады. 

(Фото: ©El.kz/Жансая Ақбала)

Қаладағы білім беру мекемелерінде 647 арнайы педагог ерекше балалармен жұмыс істеп отыр. Дегенмен маман тапшылығы сезіледі. Себебі қолына дипломын алып, жұмысқа орналасқан жас мамандардың көбі көп ұзамай жұмыстың қиындығына төзе алмай, кетіп қалып жатады екен.

Арнайы педагог ең алдымен ерекше баланың ата-анасымен жұмыс істейді. Егер бала 6 жасқа дейін дұрыс сөйлеп немесе қимыл-қозғалысы, дамуы қалыпқа түспесе, орындық, дәретхана не екенін түсінбесе, ары қарай қиындай түседі екен.

Ерекше бала түгілі дені сау баланың өзі ненің не екенін түсінбесе, оларға да үйрету қиындай түседі. Дефектолог мамандары 3, 6 және 12 жасты «алтын жас» деп атап жатады. Кейде бала 6 жастың өзінде үйреткенді алып шығатын болса, біз үшін ол – үлкен жетістік. Себебі 12 жастан кейін тым кеш, бала көп нәрсені қабылдамайды,-деді Жанна Өтесінова.  

Сөз соңында  орталық басшысының міндетін уақытша атқарушы ерекше баласы бар ата-аналарға маман ретінде өз кеңесін де атап өтті.

Бастысы, ата-ана шыдамды болуы керек. Үнемі күлемсіреп, шаттық сыйлайтын қарым-қатынаста болғаны жөн. Себебі кей бала ұрысып жатқанды түсінбейді. Әрине, балаға қойылған диагнозына байланысты. Ал егер ата-анасының көзінен қуанышты байқаса, бала да соны қайталайды. Агрессияға берілмейді. Айтқанды орындайды,-деді Жанна Өтесінова.

Шымкент тұрғыны Гүлсін Асанханова ерекше білім беру қажеттілігі бар 4-сынып оқушысының анасы. Баласының сөйлеу барысында өзгеріс болған. Дислалия және дизартрия диагнозы қойылған. Мектепте барғалы педагогтердің арқасында перзентінде ілгерілеу байқалған.

Балам мектепке барған кезде оқу-жазу былай тұрсын, қолына қалам ұстай алмайтын. Дефектолог, психолог, логопед мамандарының арқасында жақсарып келеді. Қазір оқуды да, жазуды да үйренді. Тіпті шығарма жазып, өлең-шумақтарды жаттап айтады. Балам мектепте өте белсенді. Мұғалімдеріне көңілім толады. Ол кісілерге алғысымды айтамын. Өте білімді мамандар. Алла қаласа, келер жылы қалыпты сыныпқа ауысады деген үмітім бар,-деді қала тұрғыны.

Ерекше баланың анасы инклюзивті білім беру әдісі қолданысқа енгенін дұрыс деп санайды. Себебі бала өзгелерге қарап, ортаға бейімделеді. Тек балабақшаларда ерекше балаларға бөлек тәрбиеші берілсе деп санайды.

Бұрын ерекше балаларды бөлектейтін еді, қазір сау балалардың қасына қосып отыр. Оны ата-ана ретінде өте құптаймын. Бірақ бірнеше ата-анадан естимін, ерекше балалар балабақшада қашып кете береді екен. Сондықтан оларға бөлек тәрбиеші берілсе деймін. Өйткені бір топта 20 бүлдіршін болса, оның бір-екеуі ерекше бала делік. Бір тәрбиеші барлығына бірдей үлгермей жатады. Әсіресе далаға ойнауға шыққанда қиын. Ол бала екіншісін ұрып қою мүмкін. Жалпы ерекше балаларды қоғам қабылдау керек деп санаймын. Әрине, басына түспеген адам түсінбейтін шығар. Бірақ ол бала да қоғамның бір бөлшегі, болашақтан үміті бар. Бәлкім ата-анасы дер кезінде емдетсе, дұрысталып кетеді. Сондықтан ондай балаларға әрдайым түсіністікпен қарап, ортаға бейімделуіне қолдау көрсету керек,-деді Шымкент тұрғыны.

(Фото: Айдана Есімбетованың жеке мұрағаты)

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы бекітілген педагог-ассистенттер беріледі. Олар тіпті баламен бірге партада отырып, оның оқу-жазуды үйренуіне, мұғалімді тыңдай білуіне, жалпы ортаға бейімделуіне көмек беретін маман. Бірақ педагог-ассистент барлық балаға берілмейді. Ол қойылған диагнозына қарай бекітіледі.

Тірек-қимыл қозғалысында ауытқушылығы, ДЦП, аутизм синдромы байқалатын, көңіл күйі құбылмалы балаларда педагог-ассистент болады. Қарапайым тілмен айтқанда баланың көмекшісі. Бірақ мен көп жағдайда ата-аналарға мұндай мамандар бала мектеп бітіргенше жанында табылмайтынын түсіндіремін. Әрине, ол да баланың диагнозына байланысты. Өйткені педагог-ассистент балаға қолына қалам ұстауды, білім үлгерімін, мұғалімді тыңдауды, қоңырауда өзін-өзі қалай ұстау керектігін үйретеді. Сыныпқа, ортаға бейімделуіне себепші болады. Мұндай мамандар баламен бірге бір партада отырады,-деді орталық басшысының міндетін атқарушы.

Айта кетерлігі, педагог-ассистенттер оқу жылының алғашқы айында баламен бір партада отырса, кейінгі айлары біртіндеп алшақтап, содан соң сыныптағы ең соңғы орындықта отырады. Баланың диагнозына қарай мұндай мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен бір жыл бірге жүреді. Бұл аралықта бала ортаға бейімделуі қажет. Ал аутизм синдромы секілді белгілі диагнозы бар күрделі балалар мектеп бітіргенше педагог-ассистенттердің қамқорлығында болады.

Шымкентте бүгінгі таңда білім беру ұяларында 87 педагог-ассистент жұмыс істейді. Олардың әрбіріне ерекше білім беру қажеттілігі бар бір баладан бекітілген. Солардың бірі – Айдана Есімбетова. Педагог-ассистент, инклюзивті білім беру бойынша ұжым жетекшісі соңғы 4 жылдан бері Шымкенттегі №12 М.Горький атындағы жалпы орта мектепте еңбек етеді. Білім ұясында аутизм синдромы бар балаларға арналған арнайы сынып бар. Онда  9 оқушы оқиды. Айдана Есімбетова 4 сыныпта оқитын баланың педагог-ассистенті. Оқушымен бірге қалыпты білім беретін сыныпта бір партада отырып, кейін сабақты арнайы сыныпта жалғастырады.

Педагог-ассистенттер жалпы сыныпқа сабаққа, асханаға тағы да басқа жерлерде психологоиялық-педагогикалық қолдау жұмыстарын жасайды. Академиядық дағдылардан бөлек, күнделікті тұрмыстағы дағдыларды да үйретеміз (тамақ әзірлеу, дұрыс тамақтану, тазалық жұмыстары т.б). Педагог-ассистент бұдан бөлек әр балаға жеке оқу бағдарламасын әзірлеуге қатысады. Ата-аналар тарапынан білім беру, дағдылар бойынша ұсыныстар болса, оларды ескере отырып бірге жұмыс атқарамыз. Ата-аналарға біздің атқарып жатқан жұмысымыз көңілдерінен шығып жатыр. 4 жыл ішіндегі мониторингке көз жүгіртсек, білім беру динамикасы өсуде,-дейді педагог-ассистент.

(Фото: Айдана Есімбетованың жеке мұрағаты)

Айдана Есімбетова мектептегі өзге оқушылардың ерекше балаларға деген қарым-қатынасы қуантады деп отыр. Айтуынша, қалыпты сыныпта оқитын балаларда эмпатия байқалады. Бауырмашыл, жан-дүниесін түсініп, үнемі жанашырлық танытады. Қалыпты балалар ата-аналарының да ерекше балаларға деген көзқарасы өзгерген. Ешқандай кикілжің болмаған.

Менің бұл мектепте еңбек етіп келе жатқаныма төртінші жыл. Біз келгенде бірінші кезекте мұғалімдермен, өзге оқушылармен, ата-аналармен қосымша жұмыстар жүргіздік. Оларға ерекше балалар туралы ақпарат бердік. Сондықтан да болар, қалыпты білім алатын оқушылар немесе өзге мұғалімдер тарапынан ерекше балаларды шеттету деген болған жоқ. Қайта керісінше, олар ерекше балаларға үнемі жанашырлық, қамқорлық танытып отырады. Ата-аналар тарапынан да шағым түспеген. Аутизм белгілері бар балалардың ата-аналары да мұғалімдерге ерекше құрметпен қарайды. Біз де оларды қолдап отырамыз,-дейді Айдана Есімбетова.

Жалпы мамандардың айтуынша, бала өскен сайын ерекше балаларға деген көзқарасы, мейірімі арта түседі. Оларға әрдайым көмектескісі келіп, егер де біреу ренжітсе, дереу қамқорлығына алады. Кейде емделу үшін сабаққа біраз уақыт қатыспай қалып, келген кезде құшақ жайып қарсы алып жатады екен. Мамандар мұның бәрі тәрбиеге байланысты деген тұжырым жасап отыр.   

Педагог-ассистенттердің, соның ішінде аутизм синдромы бар балалармен жұмыс істейтін мамандар жұмысының өзіндік қиын тұстары бар. Алайда жалақы мәселесі көңіл көншітпейді екен.  

Бізге жақында «Аманат» партиясының өкілдері келіп, жұмысымызбен танысты. Жұмысымыздың қиын екенін көрген олар алып отырған жалақымыз аз екенін атап өтті. Әріптестерім де солай ойлайды. Өйткені аутизмі бар балалармен жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әріптестерім бұл салада ақша үшін емес, жұмысты жақсы көргендіктен жүр дер едім. Өз басым жұмысқа бар ынта-шынтамен келемін. Төзімділік, баланың жанын түсіне білу керек. Осы жылдар ішінде менде шаршау, эмоционалды жағдай деген болған емес,-дейді Айдана Есімбетова.

Инклюзивті білім беретін арнайы педагогтер жыл сайын білімін жетілдіріп отырады. Мәселен, былтыр қалада 250 «Өрлеу» арқылы курстан өтсе, биыл да 250 маманды оқыту жоспарланған. Жыл басынан бері оның тең жартысы білімін шыңдаған. Сонымен қатар жыл сайын 16 арнайы педагог Алматы қаласындағы Ұлттық ғылыми-практикалық орталыққа жіберіліп, сол жақта тәжірибе жинайды. Кейін бар білгенін өз әріптестерімен бөлісіп отырады.  

Мамандар мемлекет ерекше балаларға білім беруде қажетті құрал-жабдықтың бәрімен тиісті деңгейде қамтамасыз етіп отырғанын алға тартты.

Соңғы деректерге сүйенсек, ерекше білім беру қажеттілігі бар бала саны бойынша республикада Алматы қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Астана қаласы мен Түркістан облысы. Ал Шымкент 6-орында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға