Инклюзив білім беру: Арнайы педагог жетіспейді
Қазір жоғары оқу орнында дефектолог мамандығы жоқ. Оның орнына Арнайы педагогика кафедрасы бар. Ұлттық білім беру дерекқоры мәліметі бойынша білім беру ұйымдарында 11 мыңға жуық арнайы педагог жұмыс істеп жатыр. Десе де, әлі 2,3 мың арнайы педагог қажет.
Иә, арнайы педагог – бесаспап маман. Ол есту, көру, сөйлеу, дамуында ерекшелігі бар балаларды әлеуметке бейімдеп, білім береді. Таным-түсінігін кеңейтіп, моторлы дағдысын дамытады. Олар мектепте ерекше баланы диагностикадан өткізіп, қатарға қосу үшін дамыту бағдарламасын жасайды. Соның ішінде логопедия (сөйлеу), сурдопедагогика (есту), тифлопедагогика (көру), олигофренопедагогика (ақыл-ой) деп бөлінеді.
Арнайы педагогтың міндеттері:
- Баланың даму ерекшеліктерін анықтау
Жеке оқу бағдарламасын құру
Танымдық, моторлық, сөйлеу, әлеуметтік дағдыларын дамыту
Ата-анамен және мамандармен тығыз жұмыс жасау
Инклюзивті ортада баланы бейімдеу
Арнайы педагог бесаспап болуы керек. Ол сенсорлы интеграцияны, дефектологиялық коррекцияны білгені дұрыс. ABA терапиясы, музыка терапиясы, ойын терапиясын, флортайм, джаспер терапиясын қамтуы керек. Осы әдістерді қолдана отырып, баланы ары қарай дамытады, – дейді Дефектолог-логопедтер ассоциациясының төрайымы Шолпан Аянғалиқызы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, білім беру ұйымдарында педагог-ассистент және кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарында педагог-ассистент штаты бар. Қазіргі елімізде 3,8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог жұмыс істейді.
Еліміздегі 17 жоғары оқу орнында аталған мамандар білім алады. Жыл сайын арнайы педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік гранттар саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы - 656 грант, 2025 жылы 819 грант бөлінді.
Бүгінде заңнаманы жетілдіру аясында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Педагог-психолог» бағыттары бойынша педагогикалық білімі бар мамандарды «Арнайы педагогика» деңгейінде қайта даярлау мүмкіндігін көздейтін норманы енгізу қарастырылып жатыр, - деп атап өткен министрлік.
Елімізде 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы, 14 оңалту орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ мектептерде мүмкіндігі шектеулі және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жеке көмекші лауазымы енгізілді.

