Индонезия билігі астананы көшіру процесі қашан аяқталатынын айтты
Индонезия үкіметі Джакартадан Нусантараға астананы көшіру жұмысын 2028 жылға қарай толық аяқтамақ. Бұл туралы Jakarta Globe басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Ел президенті әкімшілігінің басшысы Мухаммад Кодари ресми мәлімдеме жасады.
Егер тек президент сарайы болып, заң шығарушы және сот билігі институттары көшпесе, үкімет қалай тиімді жұмыс істей алады? Биліктің үш тармағы да Нусантарада орналасуы тиіс, – деді ол.
Кодаридің айтуынша, мемлекетке қажетті барлық мекемелер ғимараттарының құрылысы 2028 жылға дейін аяқталады. Бұл – Индонезия президенті Прабово Субиантоның тапсырмасы.
Бұл [жаңа] астананың мемлекеттік билік орталығы ретінде толық стандарттарға сай болуына мүмкіндік береді, – деп қосты ол.
Айта кетейік, 2014-2024 жылдары елді басқарған бұрынғы президент Джоко Видодо 2019 жылы астананы көшіру идеясын алғаш рет ұсынған еді. Бастапқы жоспар бойынша жаңа мегаполис Калимантан аралында 2024 жылға дейін бой көтеруі тиіс болатын. Бұл мақсатқа шамамен 32 миллиард доллар бөлінген. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты жоба уақытша тоқтап қалған.
2022 жылдың қаңтар айының ортасында мемлекет басшысы жаңа астананың атауы Нусантара болатынын жариялады. Бұл сөздің мағынасы – «архипелаг». Ал 2024 жылғы 28 шілдеде Джоко Видодо жаңа қалаға барып, алғашқы жұмыс күндерін сонда өткізгенімен, 30 шілдеде қайтадан Джакартаға оралды. Қазіргі таңда ел үкіметі сонда орналасқан.
Президент болып сайланғаннан кейін Прабово Субианто Нусантара құрылысын толық аяқтап, астананы көшіруді түбегейлі жүзеге асыратынын мәлімдеді.

