Жаңалықтар

Имам Абу Ханифаның өмір жолы (3 бөлім)

Абу Ханифа тек діни сұрақтармен айналыса бастайды. Бірақ құтпаларында билікке қарсы кейбір  сөздері мен сындары естіліп жүрді
Имам Абу Ханифаның өмір жолы (3 бөлім)
02.11.2022 16:49 3327

Абу Ханифа – Ислам дінінің біздің ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан ханафи мазһабының негізін қалаған оқымысты. Абу Ханифа қазақ даласында «Имам ағзам» деген атпен белгілі болған. Қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан осы күндерге дейін түрлі әдет–ғұрыптарын, жеті атадан бері қыз алыспайтын салтын, қымыз, жылқы етін қастерлі тамақтарының бірі ретінде сақтай алса Имам ағзамның ілімінің арқасында болды.  

 

Абу Ханифа өмірінің 52 жылын Умайа (Дамаск)  халифаты кезінде, 18 жылын Аббас (Бағдат) халифаты кезінде өткізді, яғни сол кездегі екі мұсылман мемлекетін көрді, оның ішінде Умайа халифатының гүлденіп, қуатты мемлекетке айналуын, кейін оның әлсіреп, ыдырап бітуіне куәгер адам. Аббас мемлекетінің парсы жерлерінде туындаған құпия үндеудің арқасында құрылғанын көрді. Кейін оның зерек көзі жасырын топтардың жасаған әрекеті екенін байқайды. Осы қозғалыс Умайа билігін жеңіп, олардың қолдарынан билікті тартып алады. Жаңа халифтер Пайғамбардың (ғ.с.) жақын туыстары болғандықтан діни басқарушы ретінде халыққа өздерін таңады, бірақ тұрғындар жаңа билікті қорқынышпен қабыл алады.

Осының бәрін Абу Ханифа өзінше түсінеді, болған оқиғалар оған қатты әсер етеді. Имамның қарсы шыққандармен бірге екендігі немесе сырт қалғандығы белгісіз. Бірақ оның шын жүректен Дамаск халифатына қарсы шыққандарды қолдағаны, уақыт өте келе Бағдат халифатына қарсы шыққандарға тілеулес, іштей жақтас пікірге ауады.      

 Ол Дамаск халифатын басқарып отырған бени умайа деген араб тайпасы шариғат және дін тұрғысынан алғанда билікке ешқандай құқығы жоқ деп санады, алайда Абу Ханифа қолына қылыш ұстаған жоқ, көтерілісшілермен бірге жүрмеген, алайда Имамның ондай ниеттері болғандығы белгілі.

Ал енді оның жеке өміріне қатты әсер еткен оның сол замандағы түрлі қарулы қозғалыстарға қатысты көзқарасына, олардың басшыларына көрсеткен көмегі мен қолдауы, мемлекетті билеп тұрғандармен қарым–қатынасына келейік. Бұл тақырып Абу Ханифаның өмірін түсінуге, оның басына түскен бейнеттің себептері мен салдарын анықтауға мүмкіндік береді.

Хижраның 131 жылы (748 жылы) Хазірет Әлидің немересі Зейд бин Али Зейніләбидин Шам халифі Хишам бин Абдулмаликке қарсы жорыққа шыққанда Абу Ханифа: «Оның жорыққа шығуы Пайғамбар ғалейһи саламның Бадр шайқасына шыққанындай», – деп қолдау көрсетеді. Одан «Неге оларға ермедің?» – деген сұраққа: «Мені елдің аманаты ұстап тұр. Али ибн Аби Лейлаға ұсынып едім алмады. Бір жағынан белгісіздікте өлемін бе деп қорықтым», – деген екен. Сонымен қатар ол жорыққа қосылмай, Зейдтен кешірім сұрап:  «Егер мен адамдардың әкелеріне деген адалдығындай ергендердің оны тастап кетпейтіндігін білсем мен онымен бірге шайқасқа баратын едім. Ол  – Хақ Имам. Мен оған қаржылай көмек беремін», – деп оның елшісіне он мың дирһам ұстатып, оған кешірімін жеткізуді сұрайды.

Дамаск халифаты кезінде Куфа қаласының уәлиі Ибн Хубейра деген еді. Халифат аумағында көтерілістер мен қозғалыстар күн санап өршіп келе жатқандықтан билеушілер атақты фақиһтерді сот қызметіне тартып, түрлі мансаптар бере бастайды. Сондай ұсыныс Абу Ханифаға да келіп түседі. Уәли оның билікке адалдығын сынағысы және қолынан келсе атақты имамды өзінің қызметшісі еткісі келген еді. Оған барлық үкімдерді қуаттайтын мөрді тапсыруға тырысады. Куфа уәлиі Абу Ханифа бас тартқан кезде оны дүреге жығуға әмір береді. Билікке қызметке кірген фақиһтер жиналып келіп, Абу Ханифаға: «Өзіңнің түбіңе өзің жеткің келмесе ұсынысты қабыл ал, біз де өз ықтиярымызбен қабыл алған жоқпыз», – деп үгіттейді.   Абу Ханифа: «Уәли адамды өлім жазасына кеседі, мен оны мөр қойып растауым керек? Бұл іске ешқашан көнбеймін», – деп үзілді–кесілді бас тартады. Тәртіп сақшылары  Абу Ханифаны зынданға тастап бірнеше күн қатарынан ұрып–соғады. Соңында машайықтармен кеңесем деген Абу Ханифаны қапастан босатқанда, ол Меккеге қашып кетеді. Бұл Хижраның 130 жылы еді. Сол кеткеннен Абу Ханифа Дамаск халифаты құлап, бени умайа тайпасы биліктен қуылып, Аббас әулетінің халифі Абу Джағфар әл–Мансур Бағдат халифатын құрған кезде ғана қайтып келеді.

Халифат басына Аббас әулеті (749–1258 жылдар арасы) келгенде Абу Ханифа 50 жасқа келген еді. Аббас әулеті Мұхаммед Пайғамбардың (ғ.с.) немере ағасы Аббастан тараған, шииттік қозғалыс бени умайа тайпасын тақтан тайдырған соң Аббас әулеті соның арқасында билік басына келеді. Аббас әулеті Халифат астанасын Дамаскіден Бағдат шаһарына көшіреді. Таққа отырған жаңа халиф өзінің кешегі көмекшілерін құртып, абсолюттік билік орната бастайды. Түрлі ұлттардан тұратын империяның түрлі бөліктеріндегі наразылықтарымен қоса Аббас әулеті Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) кіндігінен тарағандардың билікке таласына да қарсы күрес жүргізеді. 

Аббас әулеті Бағдат халифатының туын Хижраның 136 жылы, яғни 749 жылы орнатады. Яғни Абу Ханифа өмірінің алты жылын Мекке қаласында Кағбаның қасында өткізеді. Абу Ханифа Аббас әулетінің билікке келуін қуанышпен қарсы алады. Себебі ол Дамаск халифатының Пайғамбар (ғ.с.) тұқымы мен Хазірет Әли тұқымын қанды қуғындауын өз көзімен көрген еді. Аббас билігі іс жүзінде Хазірет Әлидің немерелерінің бірін қолдаған шиіт қозғалысының, шиіт ұраны нәтижесінде дүниеге келген мемлекет екенін түсінді. Бірақ оны Пайғамбар (ғ.с.) әулеті құрған мемлекет деп қабылдады. Сондықтан ол жаңа халифаға Куфа ғұламалары атынан адалдық антын береді. Өз құтпаларында тұрғын халықты, оның ішінде ғұламаларды жаңа билікке мойынсұнуға шақырады.  

Сонымен Абу Ханифа Пайғамбар (ғ.с.) әулетіне деген құрметіне негізделген көзқарасына сәйкес Аббас билігіне адалдығын сақтайды. Халифа да оны қадірлеп, оған барынша сый–сияпат, құрмет  көрсетеді. Алайда Абу Ханифа халифаның материалдық сый–сияпатын түрлі әдіс–айламен қабылдамай қайтарып отырады. Имам ескі әдеті бойынша ешкімнен сыйлық алмайтын еді.

Бірде халифа әйелімен көп әйел алу жөнінде сөз таластырып қалады да, жұбайы әділет сұрағанда халифа одан кім екеуіміздің арамызда әділдік айтсын деп сұрайды. Әйелі: «Абу Ханифа айтсын», – дейді. Сонымен халифа имамды шақырып алып: «Абу Ханифа, әйелім менімен сөз таластырады. Әділдігін айт», – дегенде Абу Ханифа: «Мүминдердің әмірі сөйлесін», – деп халифаға сөз береді. Халифа: «Еркек адам қанша әйел ала алады?» – деп сұрайды. Абу Ханифа: «Төрт», – деп жауап береді. Халифа: «Қанша кәнизак ала алады?» – дегенде ол: «Қанша қаласа, ол шектелмеген», – дейді. Халифа: «Осыдан басқаша айтуға болады ма?» – деген сұрауына «Жоқ» деп жауап береді. Халифа естідің ғой деп әйеліне қарағанда Абу Ханифа: «Алла көп әйел алуда тек әділ адамдарға ғана рұқсат берген. Кім олардың арасында әділдік ұстай алмайды немесе әділдік ұстай алмаймын деп сескенсе ол адам бір әйелден артық алмауы керек. Алла–тағала: «Егер әділ бола алмаса біреу ғана», – деп айтқан. Біз Алланың әдебін ұстануымыз керек», – дегенде халифа үндемей отырып қалады. Үнсіздік ұзаққа созылған соң Абу Ханифа орнынан тұрып, патша сарайынан шығып кетеді. Ғұламаның сөзіне ризалығын білдіргісі келген халифаның әйелі оның артынан қызметшісін жіберіп, ақша, бір кәнизак пен қашырды сыйлайды. Абу Ханифа сыйлықтарды алып келген қызметшіге халифаның әйеліне: «Дінім үшін күрестім, Алланың мақамы үшін істедім. Осы ісіммен біреуге жақын болу немесе дүние табу үшін істеген жоқпын деп айтып бар», – деп, сыйлықтарды кері қайтарады.   

Абу Ханифаның Аббас әулетінің билігіне қатысты қандай сын айтқандығы белгісіз, бірақ билік басындағылардың Ұлы Имамға қатысты көзқарастары өзгере бастайды. Оның үстіне Аббас әулетіне қарсы Хазірет Әлидің баласы Хасаннан тарайтын Мұхаммед және оны інісі Ибраһим бастаған көтеріліс басталады. Хижраның 145 жылы Хазірет Әлидің үрім–бұтағына жататын Мұхаммед әскерімен Мәдина қаласынан халифаға қарсы жорыққа шығады. Оны Хорасан тұрғындары қолдайтын, бірақ олар өте алыстағы аудандарда болғандықтан оған әскери көмек бере алмайды.

 Көтерілісті бастаған екеуінің әкесі Абдалла имам Абу Ханифамен бұрыннан ғылыми байланыс ұстап тұрған, атақты ғұлама еді және Абу Ханифа дәріс алған машайықтардың қатарына жататын. Балалары Аббас әулетіне қарсы шыққанда, ол халифаның зынданында жатады, көтерілістің соңында екі баласы өлтірілген соң ол да зынданнан ешқашан шықпайды.

Абдалла балаларының қозғалысы және олар қаза тапқаннан кейін Аббас халифасының имамға өшпенділігі арта түседі. Абу Ханифа сол кезден бастап, Аббас әулетін қолдаудан біржолата бас тартады, бірақ бұрынғыдай ғылымымен айналысып жүре береді. Дәріс кезінде билікті сынағанымен бүлікке шақырмайды, қару көтеруге үндеу тастамайды. Өзінің шәкірттері мен ізін басушылардың көңілі толатындай ғана дәрежеде сабақтарын жалғастырады. Халифа Абу Джағфар Абу Ханифаның ішкі ойларын біліп отырады, сондықтан оған кейде кешіріммен қарап, кейде сынап жүреді. Оның арты Абу Ханифа үшін қайғылы аяқталады.

Халифа қалай болғанда да Абу Ханифаны өзіне қызмет етуге мәжбүр еткісі келеді. Осы кезде халифа мемлекеттің жаңа астанасы Бағдат қаласын салуға кірісіп жатқан кезі еді. Алайда Абу Ханифа өзіне ұсынылған қази мансабынан бас тартады. Халифа өзіме қызмет еткізем деп серт қойса, Абу Ханифа қызмет етпеймін деп серт жасайды. Бұл кезде жаңа билік Хазірет Әли тұқымдарының барлығын дерлік зынданға тастап, олардың мүліктерін тәркілеген кез еді.

Тарихшылардың бір бөлігі Абу Ханифаның басына төнген қатер Хазірет Әли ұрпақтарының Аббас халифтеріне қарсы соғыстарына тікелей қатысы жоқ деп санайды. Себебі көтеріліс Хижраның 145 жылы басылып–жаншылса, Абу Ханифа 150 жылы қаза табады.

Сонымен Хазірет Әли ұрпақтары жойылған соң Абу Ханифа тек дәріс, яғни діни сұрақтармен айналыса бастайды. Бірақ құтпаларында билікке қарсы кейбір  сөздері мен сындары естіліп жатады.

Бірде қазіргі Ирақтың солтүстігінде орналасқан Моусил қаласының тұрғындары халифаға қарсы шығады. Халифа оларға қарсы әскер жіберудің алдында шейхтерді жинап алып, оларды жазалауды дін тұрғысынан негіздеп беруді сұрайды. Халифа Моусил тұрғындарымен бұрын «Маған қарсы шықсаңдар қандарың құнсыз» деп уағдаласқан екен. Халифа шақырған шейхтардың барлығы: «Өз халқың, жазаласаң да, кешірсең де өз еркің», – деп қолдау көрсетеді. Сонда халифа: «Шейх, сен неге үндемейсің? Біз Пайғамбардың халифатында, аманат үйінде отырмыз емес пе?» – дегенде Абу Ханифа: «Олар да, сен де қолдарыңда жоқ затқа уағдаласыпсыздар. Себебі мұсылманның қанын төгу олардың да, сенің де билігіңде емес», – дейді. Халифа бәрін тарқатып жібереді де Абу Ханифаға: «Уа, шейх! Айтқаның айтқан. Еліңе қайта бер, бірақ мені қаралап, хариджиттерді маған қарсы итермелеме!» – дейді.   

Абу Ханифаның халифа Абу Жағфарға қатысты көзқарасын келесі бір риуаят көрсетеді. Бірде халифа Абу Ханифаға 10 мың дирһам және бір кәнизак жібереді. Абу Ханифа оны алудан бас тартқанда, оны алып келген халифаның уәзірі: «Халифа сенен ілік іздеп жүр, егер сен сыйлықтарды алмасаң оның ойын растайсың», – десе де қабыл алмайды. Уәзір: «Онда қаржыны сақтай тұрайын, сен кәнизакты ал», – деп сұрайды. Абу Ханифа: «Жасым ұлғайды, әйелге құштарлық кетті. Сондықтан күшім жетпейтін кәнизакты ала алмаймын, екінші жағынан, мұсылмандардың әмірі берген кәнизакты сата да алмаймын», – деп айтқанынан қайтпайды. 

Халифа мен Абу Ханифа арасында орын алған осы оқиғалардың барлығы билеушінің Ұлы Имамның әр қадамын бақылап отырғандығын көрсетеді. Абу Ханифа біреу разы немесе наразы болады дегенге қарамастан өзінің пәтуалары мен діни тұжырымдамаларын шығарумен айналысқан.

Тағы бірде халифа Абу Ханифаны шақырып алады. Рабиғ деген халифаның сарай қызметкері: «Мұсылмандардың әмірі, Абу Ханифа сенің атаңа қарсы шығып жүр. Сенің атаң Абдалла бин Аббас: «Уәде берген адам бір–екі күн өткен соң антынан арылады», – деп айтушы еді. Ал Абу Ханифа анттан шығу ешқандай жағдайда да болмайды деп айтады», – дейді. Сонда Абу Ханифа: «Мұсылмандардың әмірі, Рабиғ сенің әскерің антқа адал емес деп тұр», – дейді. Халифа: «Қалай?» – дегенде Абу Ханифа: «Әскерің саған ант береді де олар үйлеріне біраз уақытқа қайтқанда ант бұзылады», – дейді. Халифа күліп: «Рабиғ, Абу Ханифаға қарсы келіп не қыласың?» – деп күледі. Екеуі халифа алдынан шыққанда Рабиғ кейіс білдіріп, Абу Ханифаға: «Менің қанымды төккің келді ғой!?» – дегенде Абу Ханифа: «Жоқ. Сен менің қанымды төккің келді, бірақ мен, сені де, өзімді де аман алып қалдым», – деген екен.

Куфа қаласының қазиы Абу Ханифаның үстінен шағым түсіріп, оның біраз уақыт пәтуа шығаруына тыйым салғызады. Бірақ көп уақыт өтпей халифа Абу Ханифаға пәтуа мен діни тұжырымдар шығаруға рұқсат береді. Осыған байланысты бір оқиға «Тариху Бағдад» шығармасында жазылып қалған. Соған сәйкес Абу Ханифаның үстінен шағым түсіріп жүрген Куфа қазиы Ибн Аби Лейла еді. 

Жалпы алғанда, қазидың үкімін барлық тұрғындардың орындауы міндетті, ал фақиһтің пәтуалары мен тұжырымдары орындалуы міндетті емес саналғандығын назарда ұстауымыз керек.

Абу Ханифа барлық тұрғындардың орындауы міндетті қазидың үкімі мен орындалуы міндетті емес, кеңес сипатында берілетін  фақиһтің пәтуалары мен тұжырымдарынан қате тапса қатар сынайтын. Әрине фақиһтің пәтуасынан гөрі қазидың жүзеге асырылатын үкіміне қатысты сын көзбен қарайтын. Себебі әділ емес үкім зұлымдық деп санаған. Абу Ханифа қазидың қателерін хат алмасу арқылы, былай айтқанда, қызметтік жолмен емес, ашық айтатын. Соның себебінен Куфа қаласының қазиы Ибн Аби Лейла екеуінің арасында жаулық пайда болады.

Абу Ханифа Хазірет Әли ұрпақтарына іш тартты деп атап өттік. Ол қанша жасырғанымен шәкірттеріне лекция оқығанда, құтпа кезінде сөйлеген сөздерінде билікпен пікірі бір жерден шықпайтындығы көрініп тұрады.

Сонымен Абу Ханифаның халифа Мансурмен текетіресі имамның зынданға түсуімен аяқталады. Осыдан кейін Ұлы Имам дәріс оқу, пәтуа жасауға ешқашан қайтып отырмайды, халифа оны абақтыдан тірі шығармайды.

Абу Ханифаның өлімі туралы түрлі версиялар бар. Ұлы Имамды зынданда күнде соққыға жығып, уландырып өлтірілді, дүре салмай тек умен өлтірілді, қамауда қанша уақыт жатты, өлімінің алдында босатылды, дәріс беруге тыйым салынып үйінде қайтыс болды деген түрлі деректер бар. Тарихшылар бірауыздан Абу Ханифаға күнде дүре соғылып, абақтыда өлген дейді. Куәлардың сөзі бойынша Абу Ханифаға күнде он дүре соғып, жалпы саны 110 дүреге жеткен. Күн сайын қазилық мансабын алуын талап еткенімен Абу Ханифа бас тартудан танбаған. Тарихшылар Абу Ханифа құдайдан азаптан тезірек құтқаруды сұраған.

Имам ағзам Хижраның 150 жылының джумади әл–ула айының 11–де, қазіргі жыл санау бойынша 767 жылдың маусым айының 14–де Бағдат қаласында 70 жасқа келгенде шыншыл және шейіт адам өлімімен қаза табады. Денесі Тигр өзенінің шығыс жағында орналасқан Хайзаран зиратында жерленген. Бағдат шаһарының Имам ағзам жерленген ауданы кейін Абу Ханифаның құрметіне Ағзамия деп аталып кеткен. 1006 жылы Имамның басына үлкен күмбез, қасында мешіт және медресе орнатылған. Имам ағзам қайтыс болғаннан 175 жыл өткенде үлкен мешіт, оның қасынан үлкен медресе ғимараты салынады. Ал 1066 жылы Имам қабірінің басында үлкен ақ күмбезді мазар бой көтереді. 1258 жылы Хулагу хан Бағдатты күшпен алып, көптеген ғимараттар қиратылғанда Абу Ханифаның мазарына тиіспеген. Сүннит пен шиит арасындағы қақтығыстар кезінде Имам ағзам қабірі мен медресесі бірнеше рет қиратылған. 1534 жылы Осман империясының құрамына енген кезде Имам ағзам қабірі қайта қалпына келтіріліп, оны қорғап тұратын 150 әскериден тұратын гарнизон бөлінген. 2003 жылы АҚШ және коалициялық әскерлер Бағдат қаласына ұрыспен кіргенде, Имам ағзам мешітінің мұнарасына зақым келеді. Кейін мазар орналасқан ауданның тұрғындары өз күштерімен мазарды қайта қалпына келтірді.

Бұған дейін Имам Абу Ханифаның өмір жолы туралы мақаланың бірінші және  екінші бөлімі жарияланған болатын.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға