Жаңалықтар

Имам Абу Ханифаның өмір жолы (1 бөлім)

Абу Ханифа – фақиһ, яғни фиқһ саласының ғұламасы
Имам Абу Ханифаның өмір жолы  (1 бөлім)
31.10.2022 09:09 5320

Абу Ханифа – Ислам дінінің біздің ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан ханафи мазһабының негізін қалаған оқымысты. Ислам тарихында кейінгілер оны Ұлы имам деп қастерлеген. Абу Ханифа қазақ даласында «Имам ағзам» деген атпен белгілі болған. Қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан осы күнге дейін түрлі әдет–ғұрыптарын, жеті атадан бері қыз алыспайтын салтын, қымыз, жылқы етін қастерлі тамақтарының бірі ретінде сақтай алса Имам ағзамның ілімінің арқасында екенін біреу білсе, біреу білмейді.

Абу Ханифа сахабаларды көрген және олардан дәріс алған ғұлама, яғни табиғинге – сахабалардың ізін басушылар қатарына жатады.  Қалған мазһабтардың көшбасылары оның қалдырған мұрасын пайдаланған.  

Абу Ханифа – фақиһ, яғни фиқһ саласының ғұламасы. «Фиқһ – Құран мен сүннеттің мәйегі. Фиқһ Құран аяттарын түсіндіреді, дәлелдерін келтіреді, мағынасы мен нені меңзеп тұрғанын баяндайды. Сонымен қатар фиқһ хадистердің мағынасын, ішкі мазмұнын ашады. Сондықтан фиқһ дегеніміз дінді түсіну деген сөз. Ал дінді түсіну үшін оның негіздерін, мазмұнын, дәлелдерін және ишараттарын білу керек. Құран аяттарын қари жатқа біледі, хадистерді есте сақтаушы да жатқа айтады, алайда олар барлық кезде айтып тұрған сөздерінің мағынасын түсінбеуі де мүмкін, ал фақиһ аяттар мен хадистердің мағынасын дәлелдермен түсіндіре алады», – деп жазды Абу Ханифа.        

Абу Ханифаның өзі жазып қалдырған белгілі шығармасы жоқ болғанымен, оның мұрасын үзеңгілес пікірлестері мен шәкірттері мұқият жазып алып отырған. Соның арқасында Абу Ханифаның фиқһ бойынша көзқарастары біздің заманымызға жетіп ғана қоймай, жүздеген жылдар барысында түрлі мұсылман иеліктеріндегі ғұламалардың еңбектері арқылы мұсылман қоғамының өмірін реттеп келді. 

Имам ағзамның өмір жолы туралы XI–ғасырда әл–Хатиб «Тариху Бағдад» (Бағдат тарихы)  деп аталатын 14 томдық шығармасында көп беттер арналған. Имам өмірі мен ғұламалық жолы жөнінде одан кейінгі ғасырларда жүздеген кітаптар шықты, алайда олардың барлығы Абу Ханифаның өмірі туралы фактілерді осы тарихи шығармадан алған.

Ислам діні елімізге бейбіт жолмен келді. Кейбіреулер айтып жүргендей, сахабалардың табандары қазақ топырағын баса қоймаған шығар, бірақ дін уағыздаушылары – тақуалар, пірәдарлар, сопылар және дәруіштер арқылы жеткен. Дін таратуда Бұқара діни медресесінде оқыған Дала перзенттері, қазақ халқының құрамына енген қожалар, кейінгі кезеңде татар молдалары мен тәліптері үлкен рөл атқарғандығы тарихтан белгілі. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас..» деп жыр жолдарын төккен Ұлы Абай, діншіл ақындар Ғұмар Қараш, Шәкәрім және басқа ақын–жыраулар «Кербаланың шөлінде, Мұсылманның елінде..» – деп жырлап дін негіздерінің қазақ халқының сана–сезімінде берік орнауында орасан жұмыс атқарған. Себебі дүмше молданың демагогиясынан гөрі көркем әдеби құрал болып табылатын ауыз әдебиеті қазақ санасына тезірек жеткендігі сөзсіз. 

«Мен өткендерге тіл тигізбеймін, тағдырға сенемін, күнәсі үшін ешкімді кәпір демеймін» деген ұстанымы болған Абу Ханифаның мұрасы орасан зор, оны бағалау тұрмақ, отандастарымызға жан–жақты түсініктемемен жеткізудің өзі қиын міндет, орасан зор жауапкершілік. Бұл мақалалар сериясында Абу Ханифаның өмір жолы, тұлғасы, ілімінің бастау көздері және өмір сүрген заманы туралы жалпы мағлұмат беруге тырыстым.

Абу Ханифа деген лақап атпен белгілі болған оның шын аты–жөні – Нуғман бин Сабит бин Заута Марзубан. Ирактың оңтүстігіндегі Куфа қаласында ерікті парсылар отбасында Хижраның 80 жылы, Пайғамбар (ғ.с.) қайтыс болғаннан соң 67 жылдан кейін, қазіргі кездегі қолданыстағы жыл санауы бойынша 699 жылы, яғни бұдан 1323 жыл бұрын дүниеге келген. Оның шыққан тегі туралы түрлі версиялар айтылады. Кейбір тарихшылар, Абу Ханифаның жанұясы қазіргі Кабул қаласынан шыққан, Ислам жорықтары кезінде тұтқынға түсіп, құлдық қамытын киген, алайда жергілікті билеуші отбасыларына көп жағдайда рақымшылық жасалғандықтан, Абу Ханифа аталары еркін парсылар қатарына енген деп көрсетеді. Имамның өмірін зерттеушілер оның араб емес, парсы екендігіне күмән келтірмейді. Атасы құлдықта болғанымен әкесі және өзі еркіндікте дүниеге келген. Мұсылман қоғамында құлдық таңбасы кетпейтін, мәңгі қорлықтың белгісі саналған, бірақ атасының құлдықта болғаны Абу Ханифаның қадірі мен біліміне еш нұқсан келтірмегенімен бетіне салық болып басылған, Абу Ханифаға қарсы топтар оның әкесі де құл болған, құлдың баласы деп жала жабуға тырысқан. Абу Ханифаның аталары арабтың бени таим тайпасына маула (кірме) саналғандықтан осы тайпаның бір адамы Абу Ханифаны мұқатпақ болып, «Сен бізге маула (кірме) боласың» – дегенде, «Менің тегім сенен жоғары», – деп жауап бергендігі оның өз ата–тегін білгендігін және мақтан тұтқандығын көрсетеді. 

«Маула» деген сөз сол заманда араб еместерге қатысты айтылатын. Абу Ханифаның кезінде фақиһтердің түгелге жуығы маулалар, яғни  араб еместер еді. Сол кезеңде Ирақ, Мекке, Мәдина, Йемен, Хорасан, Шам, Куфадағы ең атақты ғұламалардың барлығы маулалар. Абу Ханифа туып–өскен заманда ғылым араб еместердің қолында болды. Олар тектерін айтып мақтана алмайтын халге түскенімен, ғылым саласында жарқырап көрінді.

Осы орайда Пайғамбардың (ғ.с.): «Білім араб еместердің қолында болады» деген көрегендігін атақты хадисшілер әл–Бухари, Муслим, ат–Табари және басқалары жазып кеткен. Сахабалардан кейін діни ғылым маулаларға көшкен. Сондықтан Абу Ханифаның араб еместігі таңқаларлық нәрсе емес.

Араб, араб емес екендігіне үлкен мән беруді сол замандағы мұсылмандар арасындағы тартыстың жаңғырығы деп білу керек. Ұлтшылдық көзқарастағы араб тарихшылары бұрын да болған, қазіргі кезде де бар. Мысал ретінде, Иран мен Ирақ арасындағы 1980–1988 жылдардағы соғыс кезінде Ирақ газеттерінің айдарлары «Парсылар – араб емес, сондықтан олар Құранды жете түсіне  алмайды» – деген сарындағы ұрандармен басталатыны сол ескі текетірестің жаңғырығы десек қателеспейміз.

Мұндай ұрандардың қаншалықты шындыққа жанасатындығын Ислам тарихындағы ұлы мухаддистердің кім екендігіне назар аударсақ жеткілікті.

Ал неге Абу Ханифа заманында білім мен ғылым араб еместердің қолына көшті дегенге келетін болсақ, оған араб тарихшылары төмендегідей уәж айтады. Умайа (омейядтар) халифаты (661-750 жылдар) кезінде егемендік пен билік арабтардың қолында болып, арабтар соғыспен айналысып, ғылым мен білім саласына мойын бұра алмаған, осындай мүмкіндікті көрген араб еместер бос кеңістікті толтырып, билікті қайтарып алуға шамалары жетпейтін болғандықтан, ғылым мен білімге ден қояды. Өздеріне деген құрметті билік арқылы емес, білім арқылы қайтаруға тырысады. Алдарына үлкен мақсат қойып, соның арқасында мұсылман пікірінде үстемдік құра бастайды.  

Маулалардың пайда болып, күшеюіне бір жағынан сахабалардың өздері жол ашты. Олар кезінде қастарына маула шәкірттерді ертіп жүруді дәстүрге айналдырады. Маулалар сахабалардың Пайғамбар (ғ.с.) туралы көрген–білгендерін толық игеріп алады. Ал сахабалар дәуірі аяқталған кезде, табиғиндердің, яғни маулалардың заманы туады. Маулалардың көпшілігі терең мәдениеті бар ұлттардың өкілдері еді. Сондықтан олардың айрықша пікірлерінің қалыптасуына сол көне мәдениеттің де әсері болады.

Оның үстіне сол замандағы арабтар өнер мен білімнен алыс жұрт болатын. Адам егер өзін ғылымға арнаса, ол өнер иесіне айналатын. Белгілі араб тарихшысы Ибн Халдун осы орайда: «Кейін барлық ілімдер үйренуді талап етті. Өндіріспен қала тұрғындары айналысты, ал арабтар одан алыс еді. Сондықтан білім де қала тұрғындарына бұйырды,  маулалар білім иелері болды», – деп көрсетеді. 

 Алайда әділ тарихшылар «Алланың алдындағы ең сыйлылар – араларыңдағы тақуалар» деген аятты басшылыққа ала отырып, тақуалықты тектіліктің ең жоғарғы сатысы санаған. Абу Ханифаға Ислам тарихындағы лайықты орнын берген. 

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға