El.kz

Илья Ильин 37 жасында зейнетке шықты

10.03.2026 16:20

Қазақстанның атақты ауыр атлеті, Олимпиада чемпионы Илья Ильинге спорттық еңбек өтілі үшін арнайы зейнетақы тағайындалды. Бұл туралы спортшының жары Татьяна әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, тиісті бұйрық өткен аптада шыққан.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпиондарына, егер олар спортқа кемінде 20 жылын арнаса, арнайы спорттық зейнетақы төленеді. Бұл төлем кәсіби спортқа ұзақ жыл қызмет еткен және ел намысын халықаралық аренада қорғаған спортшыларды қолдау мақсатында беріледі.

Спортшыларға берілетін зейнетақы қанша?

Қазақстанда мұндай өмірлік төлемнің мөлшері шамамен 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең. 2026 жылғы есеп бойынша бұл айына шамамен 430 мың теңге көлемінде болады.

Бұл қаражат спортшыға өмір бойы төленеді. Спорттық зейнетақы спортшылардың мемлекет алдындағы еңбегін бағалау мақсатында қарастырылған арнайы әлеуметтік қолдау түрі саналады.

Бұл төлемді кімдер ала алады?

Спорттық зейнетақы алу үшін спортшы мына талаптарға сәйкес келуі керек:

  • Олимпиада ойындарының чемпионы немесе жүлдегері болуы;
  • немесе олимпиадалық спорт түрінен әлем чемпионы атануы;
  • спорт саласында кемінде 20 жыл еңбек өтілі болуы.

Мұндай төлем Қазақстанда халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға беріледі.

Қазақстанда бұл төлемді алатын чемпиондар

Қазақстанда спорттық зейнетақыны әр жылдары Олимпиада немесе әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен бірқатар атақты спортшылар алады. Олардың қатарында:

  • боксшы Бақтияр Артаев,
  • велошабандоз Александр Винокуров,
  • ауыр атлет Зульфия Чиншанло,
  • боксшы Серік Сәпиев,
  • жеңіл атлет Ольга Рыпакова,
  • ауыр атлет Нижат Рахимов,
  • боксшы Данияр Елеусінов,
  • дзюдошы Елдос Сметов сияқты Олимпиада чемпиондары бар.

Илья Ильиннің спорттағы жолы

Илья Ильин – Қазақстан тарихындағы ең танымал ауыр атлеттердің бірі. Биыл ол 37 жасқа толды. Спортшы 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Кейін 2012 жылы Лондон Олимпиадасында да чемпион атанды.

Сонымен қатар ол үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт рет әлем чемпионы болды. Жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы атанып, Азия чемпионатында да екі мәрте топ жарды. Илья, ауыр атлетика тарихында −94 кг және −105 кг салмақ дәрежелерінде төрт әлемдік рекорд орнатқан.

Ол төрт рет әлемнің ең үздік ауыр атлеті деп танылған (2005, 2006, 2014, 2015). Спортшы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие. Сондай-ақ «Құрмет», «Барыс» және «Отан» ордендерімен марапатталған. Сонымен бірге «Жылдың халық сүйіктісі» республикалық қоғамдық сыйлығының лауреаты атанған.

Спорттан кейінгі өмірі

Илья Ильин спорттағы жетістіктерімен қатар ғылым саласында да еңбек етті. Ол «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша PhD ғылыми дәрежесін қорғаған.Бүгінде ол спорт саласында тәжірибесімен бөлісіп, жас спортшылардың дамуына үлес қосып келеді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Татьяна Ильина (@ilyina_tatyana_)