Илон Масктың жаңа мессенджері WhatsApp пен Telegram-ды алмастыра ма?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Илон Маск 2025 жылдың маусым айында X платформасында XChat мессенджерін таныстырды. Әу баста жеке хат алмасу қызметін жаңарту ретінде ұсынылған жоба көп ұзамай бета-сынақтан өтіп, қыркүйекте кең аудиторияға тарады. Сол жылдың қазанында Маск сервисті дербес қосымша ретінде дамыту жоспарын жариялады. Қауіпсіздікке басымдық берілген жаңа сервис толық қорғалған хат алмасу, файл жіберу, дыбыстық және бейнеқоңырау сияқты мүмкіндіктерімен назар аудартуда. Осы тұста сарапшылар мен қолданушылар арасында «Илон Масктың жаңа мессенджері WhatsApp пен Telegram-ға шын мәнінде балама бола ала ма?» деген сауал күн тәртібіне шықты.
XChat қандай желі?
XChat қосымшасы Rust бағдарламалау тілінде әзірленген. Илон Масктың айтуынша, онда криптовалюта жүйелеріне ұқсас жоғары деңгейдегі қорғаныс технологиясы қолданылады. Мессенджерде толық қорғалған хат алмасу жүйесі қарастырылған: жіберілген хабарламаларды үшінші тараптар оқи алмайды. Сондай-ақ уақыт өткен соң өздігінен жойылатын хабарламалар, кез келген форматтағы файлдарды жіберу, дыбыстық және бейнеқоңырау шалу мүмкіндіктері енгізіледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, пайдаланушыларға телефон нөмірінсіз тіркелуге жағдай жасалатыны айтылған.
2025 жылдың қыркүйегінде бұқаралық ақпарат құралдары XChat-ты қолданар алдында хабарламаларды қорғау үшін төрт таңбалы құпия код орнату қажет болатынын хабарлады. Ал қазан айында Илон Маск X платформасындағы хат алмасу жүйесінің толық жаңартылып, XChat деп аталғанын айтып, онда пайдаланушылар арасында тікелей байланысқа негізделген сенімді қорғаныс тәсілі қолданылып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жүйе мұқият тексеріліп, қауіпсіздік талаптарына сай жетілдіріліп жатыр.
Кәсіпкердің айтуынша, XChat пайдаланушылардың жеке деректерін жарнама берушілерге бермейді және мұндай тәжірибені қолданатын бәсекелес қызметтерді сынға алған.
Сонымен қатар чаттарға Grok атты жасанды зерде жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ол нақты уақыт режимінде жауап ұсынып, сұрақтарға жедел реакция жасауға мүмкіндік береді.
2025 жылдың қарашасында X платформасындағы хабарламалар бөлімі ауқымды жаңартудан өтті. Жүйеге хабарламаларды түзету, жою немесе белгілі бір уақыт өткен соң автоматты түрде өшіру мүмкіндігі қосылды. Бұған қоса топтық әңгімелер құру, файл алмасу қызметі жетілдіріліп, хабарламалар бөліміне жеке құпиясөз орнату тәсілі енгізілді.
Шифрлауға қатысты сын
Илон Масктың «биткоинге ұқсас шифрлау» туралы мәлімдемесі сарапшылар тарапынан сынға ұшырады. Мәселен, Мэриленд университетінің информатика кафедрасының доценті Ян Майерс биткоин жүйесінде шифрлау сирек қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе көбіне деректерді жасыруға емес, иелік құқығын растауға арналған цифрлық қолтаңбаларға сүйенеді. Сарапшы мұны «зымыранды суға ұшырамыз деумен бірдей» деп бейнелі түрде түсіндірген.
Ол сондай-ақ «биткоин стилі» немесе Rust тілінің аталуы шифрлау тәсілін нақты сипаттамайтынын және хабар алмасу қосымшасының қауіпсіздігін бағалауда сенімді өлшем бола алмайтынын айтты.
Илон Масктың мәлімдемесін JAN3 компаниясының жетекшісі Самсон Моу да сынға алды. Оның сөзінше, биткоиннің өзі шифрланбайды: жүйенің қауіпсіздік үлгісі деректерді қорғауға емес, транзакцияларға иелік етуді растауға арналған цифрлық қолтаңбаларға негізделген. Сарапшы биткоиндегі барлық транзакциялар ашық блокчейнде жария түрде көрінетінін де атап өтті.
XChat бета-сынағы
XChat қосымшасының бета-сынағы 2026 жылдың наурыз айында басталды. Қазіргі кезеңде ол тек iOS платформасында сынақтан өтіп жатыр. xAI компаниясының өнім дизайнері Майкл Босвелл команданың бірнеше ай бойы қосымшаны әзірлегенін айтып, енді нақты пайдаланушылардың пікіріне мұқтаж екенін жеткізді. Ол X желісіндегі жазбасында: «Соңғы айларда iOS жүйесіне арналған дербес XChat қосымшасын тыныш режимде әзірледік. Қолданып көріңіздер, сынап көріңіздер, пікірлеріңіз біз үшін маңызды», — деп жазды.
Алғашында қатысушылар саны мың адаммен шектелген еді. Бұл орындар небәрі екі сағатта толып, кейін компания сынақ бағдарламасын бес мың пайдаланушыға дейін кеңейтті.
Жаңа шифрланған хабар алмасу қызметі X әлеуметтік желісіндегі жеке хат алмасу бөлімінің мүмкіндіктерін қайталайды. Онда қорғалған чаттар құру, медиафайлдар жіберу, хат алмасуға құпиясөз орнату, хабарламаларды түзету және уақыт бойынша автоматты түрде жою функциялары қарастырылған.
Өнімді ілгерілетуде қауіпсіздік мәселесі басты тақырып болып отыр. Қазан айында Джо Роганның подкастында сөйлеген Илон Маск сервис пайдаланушылар арасындағы тікелей байланысқа негізделген қорғаныс жүйесімен жұмыс істейтінін айтып, оны «ең қауіпсіз хабар алмасу жүйелерінің бірі» деп атаған. Бұған дейін ол бәсекелес қызметтерді де бірнеше рет сынға алған: атап айтқанда, WhatsApp-тың сенімділігіне күмән келтіріп, Signal-дың қорғанысын да сынға алған болатын. Бұл пікірлер WhatsApp басшысы Уилл Кэткарттың жауабын туғызып, ол мұндай мәлімдемелерді дәлелсіз сын әрі өз өнімін жарнамалаудың тәсілі деп бағалады.
Сонымен қатар Grok жасанды зердесінің жауаптарына сүйенсек, XChat-тың Android жүйесіне арналған нұсқасы да әзірленіп жатыр және жақын уақытта іске қосылуы мүмкін.

