Әлеуметтік желі

Илон Масктың «роботтар армиясы»: Tesla жылына 1 миллион Optimus өндіреді

24.10.2025 08:20

Tesla компаниясының басшысы Илон Маск алдағы жылдары адамға ұқсас Optimus роботтарының тұтас «армиясын» құруды жоспарлап отыр. Ол жыл сайын шамамен 1 миллион робот өндіретін өндіріс желісін іске қосуды көздейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Біз жылына миллион Optimus роботын шығаратын өндірістік желіні құрамыз. Өндірісті келесі жылдың соңына қарай бастаймыз деп үміттенемін, — деді Маск Tesla басшылығымен өткен кездесуде.

Optimus 3: жаңа буын прототипі

Масктің айтуынша, Optimus үшінші нұсқасының (Optimus 3) алғашқы үлгісі 2026 жылдың бірінші тоқсанында — ақпан немесе наурыз айларында дайын болуы мүмкін. Алайда, жылына миллион дана өндіру деңгейіне жету үшін уақыт қажет екенін ол атап өтті.

Tesla әзірге толыққанды өндірістік тізбекке ие емес. Сондықтан компания роботтың барлық негізгі компоненттерін өз күшімен жобалап, шығару жоспарын қолға алған.

Масктің бақылау туралы талабы

Миллиардер жобаға қатысты шешімдерге өз ықпалын сақтағысы келетінін де жасырмады:

Егер біз роботтар армиясын жасайтын болсақ, менің оған айтарлықтай ықпалым болуы керек. Толық бақылау емес, бірақ маңызды әсер ету мүмкіндігі болғаны дұрыс. Әйтпесе, өзімді жайсыз сезінемін, — деді Маск.

Болашақ жоспар: Optimus 4 және Optimus 5

Кәсіпкердің айтуынша, болашақта Optimus 4 моделі шамамен 10 миллион дана, ал Optimus 5 — 50–100 миллион дана көлемінде шығарылуы мүмкін. Маск бұл роботтар мен автономды көліктердің көмегімен «кедейліксіз қоғам» құруға болатынына сенімді.

Optimus – жоғары дәлдіктегі хирург бола алады. Мұндай технологиялар арқылы адамзатқа ең жоғары деңгейдегі медициналық көмек пен тең мүмкіндіктер қолжетімді болады, — деді ол.

Optimus жобасының тарихы

Илон Маск алғаш рет адамға ұқсас робот идеясын 2021 жылдың тамызында жариялаған.
2024 жылдың қазанында Optimus көпшілікке ресми түрде таныстырылып, оның бағасы 20–30 мың доллар аралығында болатыны хабарланды.

2025 жылдың көктемінде Маск роботтың би билеп, қарапайым қозғалыстарды орындай алатынын көрсетті. Сол жылдың күзінде Optimus Голливудтағы қызыл кілемге шығып, кунг-фу әдістерін орындаған бейнежазбалар жарияланды.

Илон Масктың Optimus жобасы — адам мен технологияның өзара әрекеттесу шегін қайта анықтайтын ең батыл бастамалардың бірі. Егер жоспар іске асса, келесі онжылдықта роботтар тек көмекші емес, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы мүмкін.