©Pixabay.com

Илон Маск Grokipedia онлайн-энциклопедиясын іске қосты

Кәсіпкер Илон Маск өзінің онлайн-энциклопедия нұсқасын іске қосты. Жаңа жоба Grokipedia деп аталады. Бұл туралы The New York Times басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Басылым мәліметінше, Grokipedia сайты – әйгілі Wikipedia-ның баламасы ретінде 27 қазанда іске қосылған. Қазіргі уақытта онда жасанды интеллект көмегімен жазылған 800 мыңнан астам жазба бар. Салыстырмалы түрде, Wikipedia базасында шамамен 8 миллион мақала жинақталған. Энциклопедияның атауы Масктың xAI компаниясы әзірлеген Grok атты жасанды интеллект жүйесінің атауынан алынған.

Маск бұған дейін, 2025 жылдың қыркүйегінде, X әлеуметтік желісінде Grokipedia Wikipedia-дан әлдеқайда жетілдірілген платформа болатынын мәлімдеген еді. Ал қазан айында жаңа жобасын таныстыра отырып, энциклопедияның басты мақсаты «насихаттауды жоюға бағытталған жұмыс» екенін атап өткен.

Бұған дейін Маск Wikipedia-ға қаржылай қолдау көрсетуді тоқтатуға шақырған, себебі ол платформаның редакциялық саясатын сынға алған болатын.