Жаңалықтар

Ілияс Темірбеков туралы не білеміз?

Ілияс Темірбеков туралы не білеміз?
02.11.2015 11:09 3043

Өткен ХХ ғасырдағы Кеңес үкіметінің орнауымен құрылған Халық Ағарту комиссариатын 1924 жылдың желтоқсанынан 1925 жылдың қараша айлары аралығында басқарған қайраткерлердің бірі, Халық ағарту комиссары – Ілияс  Құлжанұлы Темірбеков 1893 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келген. 

Ілияс Құлжанұлы сырқаттануына байланысты өмірден жастай кеткен, 1927 жылы емделуге Мәскеуге Кремль ауруханасына барған. Бірақ, ауруы асқынып кеткендіктен, елге оралған соң бір ай ғана өмір сүрді. Жары 24 жасында төрт баламен жесір қалады.

Әкесі Құлжан көзі ашық, заман тынысын саралай алатын, озық ойлы адам болған. Балаларының білім алуына ерекше ден қойған.  Ілияс Құлжанұлының жиені журналист, қоғам қайраткері Гаухар Шаңғытбаеваның естелігінде мынадай жолдар бар: «Атамыз отыз жетінші жылдың зұлматы басталмай тұрып өз ажалынан дүние салғаны туралы әжеміздің: «Өз ажалымен өлгені дұрыс болды, әйтпесе бәрібір атылатын еді» деген бар. Алайда, әжеміз Зүбайда өзі байдың тұқымы болғандықтан сталиндік лагерде үш жыл (1941-ші жылға  дейін) отырып шыққан». [ 9,141-147 б] (Г. Шаңғытбаева. Шайыр.)

Ілияс Құлжанұлының  жары Зүбайда 1938 жылы түрмеге қамалғаннан кейін, балалары – Тәже, Мәриям, Болат, Нығымет қараусыз қалады. Сол кезде оларды нағашы атасы Ыбыраш өз қамқорлығына алған.

Қазақ АКСР-ның Халық ағарту комиссары қызметін атқарған кезде жасалған маңызды іс-шаралар:

Бұл жылдары Қазақстан мұғалімдерінің кәсіби ағартушылық қозғалыстары айқын аңғарыла бастады.

1924 жылы Ақмешітте  (Қызыл-Орда) қалалық-уездік кәсіподақ конференциясы өтті. Конференцияның күн тәртібінде Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағыкемшіліктер мен жіберілген қателіктерді талқылай келе, ұстаздар қауымы «Коммунистік партияға, Кеңес үкіметіне  және Кеңестің жүйедегі елдердің барлық еңбекші халқына адал қызмет ететіндігін дәлелдейді», деген қаулыны бірауыздан мақұлдады. (ауд. С.М.) [11, 75,76 б]

1925 жылы сәуір айында Бүкілқазақтық Кеңестің V съезі өтті.

1922-1925 жылдары аралығында педагогикалық курстарды 4416 мұғалім бітірді (73%) олардың 2482-сі қазақ.

1924-1925 оқу жылдары сол кезеңдегі қиыншылықтарға қарамастан барлық жағынан алғанда мектеп жұмысының ілгері қадам басқан уақыты болды. Мектеп мұғалімдерінің әлеуметтік жағдайы көтеріліп, мектептердің жағдайы жақсартылды, оқу  орындарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жихаздар, оқу құралдары және әдебиеттермен қамтамасыз етілді. Әрбір қазақ ауылындағы болыстар тұрғылықты халықтың бастамасымен Халық ағарту комиссариатының жобасы бойынша мектеп гигенасы мен тазалық  талаптарына сәйкес келетін мектептер салды. Бұл мектептер Қазақстанның оңтүстік және орталық облыстарында саманнан, солтүстік облыстарда ағаштан салынды. Ауылдардағы  мектеп құрылысына жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы жұмсалды.

1924-1925 жылдар аралығында Семей, Павлодар, Қарқаралы уездерінеде қазақ мектептеріндегі оқушылар саны күрт өсті.

Көшпенді қазақ балалары үшін коммуна мектептері желісі тиімді болды, бұл мектептер де қарқынды жұмыс істеді. 1925 жылы коммуна мектептері желісі 14 мектептен 25- ке өсті, жоспар бойынша оқушылар саны 1 500 адамға өсті.

Бұлардан өзге, өлкелік маңызды екі коммуна мектебі жұмыс істеді: 157 оқушы оқитын

өлкелік қазақ жасөспірімдер мектебі және 428 оқушысы бар тәжірибелік-көрсеткішті қазақ коммуна мектебі жұмыс істеді.

1924-1925 оқу жылында тек қана І-ІV сыныптық мектептерде 50 104 қазақ оқыды, қазақ мектептерінің барлық түріндегі V-X сыныптарда 3 441 адам білім алды.

1924-1925 оқу жылында республикадағы 2 624 мектептің 821 қазақ мектебі болды, онда 53 545 қазақ балалары оқыды, қыз балалар саны 11 пайызды құрады.

1924-1925 оқу жылына Қазақ АКСР халық комиссариаты Акорталығы 1 сатылы қазақ мектептерін үш маңызды бағдарламалық құжаттар: төрт кластық мектептер үшін және қазақ тілінде жазылған екі әдістемелік хаттармен бекітті. 

Ілиястың інілеріне келсек, Орынбордан мектеп бітірген Ыбыраш Құлжанұлы кейіннен жоғары білім алып, Қонжардағы мектеп-интернаттың директоры болған. Мұхит Бөпежанов – Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтын бітірді (Д.А. Қонаевпен бірге); 1965-1973 жылдарда түрлі-түсті металлургия министрінің орынбасары болып қызмет атқарған, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. Десек те, Мұхит Құлжанұлы 1937 жылдардың зобалаңынан бас сауғалауға мәжбүр болған. Сол кезде өзін Қ. Сәтбаевтың құтқарғаны жайлы естелік жазған. Кіші інісі Ержан Темірбеков – Ленинградтың ауыл-шаруашылық академиясын бітірді, КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты, Ленин және Октябрь революциясы ордендерімен марапатталған.

Жиен немерелерінің отбасылық мұрағатында Ілияс Темірбековтің С.Сейфуллин, О.Исаев, А.Оразбаева, Ә.Әйтиев және т.б. әйгілі адамдармен түскен суреттері сақталған.


Сымбат МҮТАЛАПХАНҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға