Жаңалықтар

Ілияс Жансүгіровтің төте жазумен жазылған жинағы табылды

Ілияс Жансүгіровтің төте жазумен жазылған жинағы табылды
Фото: gov.kz 13.12.2023 21:01 754

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жансүгіров оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының тұрғыны, кино режиссер Ербол Бораншаұлының жеке кітапханасынан Ілияс Жансүгіровтың төте жазумен жазылған «Өтірік» атты өлеңдер жинағы табылды. 1927 жылы Мәскеу баспасынан шыққан кітап Ілияс Жансүгіров атындағы облыстық әдеби мұражайға өткізілді. Бұл сүйінші хабарды мұражай меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева Жетісу университетінде өткен «Жансүгіров оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында хабарлады. Оның айтуынша, бұл – бұрын-соңды ешкімнің қолына түспеген түпнұсқа кітап.

Жансүгіров оқуларына еліміздің түкпір-түкпірінен келген Ілиястанушы ғалымдар мен студент жастар қатысты. Кездесуде Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты талқыланды.

Жиында баяндама жасаған ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор, филологтарды даярлау жөніндегі доцент Шара Қияхметова бұрынғы зерттеу жұмыстарында табылған бірқатар дүдәмал деректерді атап өтті.

Батыр Қалмырзаевтың «Ілияс Жансүгіров және «Қазақ» газеті» атты мақаласында Ілияс деп көрсеткен 1914-1916 жылдар аралығында «Қаптағай» атты бүркеншік атпен «Қазақ» газетінде жарияланған, қазақ халқының империалистік соғысқа және әскери салық төлеуге қатысы туралы мақала Біләл Сүлеевке тиесілі. Ақын өмірбаянына сәйкес ол өзінің алғашқы мақаласын 1921 жылғы 22 наурыздағы «Жас алаш» газетінде «Замандастарына Жолдау» деп атайды. Ол туралы: «1931 жылғы «Жаңа әдебиет» журналының 6-7 санында жарияланған өмірбаянында Ілияс өзінің қалам жұмысына 1920 жылдан бастап араласа бастағанын жазған, - деді Ш.Қияхметова.

Сондай-ақ, ол фотоархивтерде бейнеленген тұлғаларды сәйкестендіру арқылы өз дәлелін келтірді.

Пленарлық отырысқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.д. Сауле Ержанова, ф.ғ.д., «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі профессор Мұратбек Имангазинов, ф.ғ.к., ҚазҰқызПУ профессорының м.а., Ләззат Әділбекова қатысып, Ілияс шығармаларының ғылыми-теориялық мәселелерін көтерді.

Кездесу соңында Ш. Қияхметованың «Ілиястану» оқулығының тұсауы кесілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға