БАӘ-дегі IKEA бөлшек сауда желісі ұйқы мен цифрлық демалысты (digital detox) насихаттауға бағытталған ерекше акцияны іске қосты6 деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Middle East Campaign мәліметінше, «Телефондарға арналған ұйқы жиынтығы» атты жоба аясында дүкендерде арнайы кішкентай төсекшелер сатылады – олар тек смартфондарға арналған.
Әр төсекше NFC-чиппен жабдықталған. Бұл чип IKEA-ның арнайы мобильді қосымшасымен байланысып, телефонның қанша уақыт «ұйықтағанын» тіркейді.
Акцияға қатысушылар, егер гаджеттерін қатарынан жеті түн бойы кемінде жеті сағатқа төсекке қойып демалтса, 100 дирхам (шамамен 15 мың теңге) көлемінде ваучер иеленеді. Бұл сыйлықты кейін IKEA дүкендерінде пайдалануға болады.
Смартфондарға арналған бұл мини-төсекшені сатып алушылар 750 дирхамнан (шамамен 110 мың теңге) жоғары сомаға сауда жасағанда оны тегін алады. Тек чекте жаңа коллекциядан кемінде бір тауар болуы шарт.
IKEA-ның бұл бастамасы – смартфондардың ұйықтайтын бөлмелерде тұрақты «қонақ» болуын пайдалы әдетке айналдырудың заманауи әрі креативті тәсілі. Компанияның айтуынша, мұндай «саналы ажырау» адамдардың ұйқы сапасын жақсартып, шынайы демалуға көмектеседі.

