Жаңалықтар

ІІМ Жолдауды талқылады

Алда жасайтын жұмыс көп. Мемлекет басшысы реформаның 5 нақты бағытын атады.
ІІМ Жолдауды талқылады
Фото: ашық дереккөзден 06.09.2022 22:34 2627

ІІМ Марат Ахметжановтың, оның орынбасарларының, орталық аппараттың қызмет басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті, деп хабарлайды EL.KZ. 

Министрліктің мәліметіне қарағанда, бейнеконференцбайланыс арқылы жиынға ведомствоның аумақтық департаменттері мен оқу орындарының басшылығы қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсеткен тапсырмаларын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және сегіз айдағы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері қаралды.

Министр ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған басым міндеттерін айқындады. Ол биылғы Жолдаудың тарихи рөлін және әрбір қазақстандық үшін зор маңызы бар екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауын жариялады. Президент алдағы бірқатар саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді айтып кетті.  Оларды іске асыру шаралары Президент Әкімшілігі мен Үкімет отырысында талқыланды. Нақты бағыттар бойынша жұмысты ұйымдастыру үшін мемлекеттік органдар арасында арнайы жұмыс топтары құрылады. Алда жасайтын жұмыс көп. Мемлекет басшысы реформаның 5 нақты бағытын атады, – деп атап өтті ІІМ басшысы.

Марат Ахметжанов Президент Жолдауының негізгі бағыттарына, яғни жаңа экономикалық саясатқа, индустриялық секторды дамытуға, болашаққа стратегиялық инвестицияларға, мемлекеттік басқаруды қайта қарауға, сот және құқық қорғау жүйелерін одан әрі реформалауға егжей-тегжейлі тоқталды.

Еліміздің экономикалық ахуалын жаңғырту сияқты үлкен міндеттермен қатар Президент қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету және құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға тиімді қарсы іс-қимыл жасау міндетін қойып отыр.

ІІМ басшысы департамент бастықтарына қылмыстың әрбір дерегіне жауапкершілікпен қарауды, азаматтарды қорғау бойынша қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамалары барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттарға үлкен жауапкершілік жүктейді, осы өзгерістердің барлығында да құқық қорғау органдарының, әсіресе полицияның рөлі зор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға