Polisia.kz

ІІМ: Жарты жылда 11 мың адам интернет-алаяқтардың құрбаны болды

Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жартысында 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Министрліктің дерегінше, қылмыскерлердің негізгі тәсілі — шетелдік нөмірлер арқылы қоңырау шалу. Байланыс операторлары мұндай қоңырауларды бұғаттап, 67 миллионнан астам хабарласуды тоқтатуға мүмкіндік берген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, алаяқтардың айласы күн сайын өзгеріп отыр. Қазір олар:

  • Жалған брокерлік компаниялар арқылы азаматтарды алдап отыр;
  • Қауіпсіз инвестициялық жоба ретінде көрсетілген схемаларға ақша салуға көндіреді;
  • Онлайн-сауда кезінде тауарды алдын ала төлеуге мәжбүрлейді;
  • Нәтижесінде 1 мыңнан астам қазақстандық қаржылық шығынға ұшырады.

Құқық қорғаушылар интернет-алаяқтардың құрбаны болмау үшін қарапайым ережелерді сақтауға шақырады:

  • Тауарды алған соң ғана төлем жасаңыз;
  • Банк, полиция немесе мемлекеттік орган атынан WhatsApp арқылы хабарласқан нөмірлерге сенбеңіз;
  • Әсіресе, шетелдік нөмірлерден келген қоңырауларға абай болыңыз.


Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда интернет-алаяқтық соңғы жылдары қарқынды өсіп отыр. Цифрлық қаржы сервистерінің кеңеюі, онлайн-сауда мен инвестицияға сұраныстың артуы алаяқтарға жаңа мүмкіндіктер ашты.

2023 жылы ІІМ 20 мыңнан астам киберқылмыс тіркеген. Биылғы көрсеткіштің де өсіммен аяқталатыны болжанып отыр.

Цифрлық даму министрлігі мен байланыс операторлары арнайы фильтрлеу жүйесіненгізгенімен, қылмыскерлер жаңа жолдарын табуда. Сарапшылар "бұл жағдай азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды талап етеді" дейді.