Жаңалықтар

ІІМ заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі тәркіледі

ІІМ заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі тәркіледі
Фото: © Polisia.kz 10.08.2023 17:49 1010

1 маусымнан бастап республика аумағында “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ол есірткіні өсіруге, дайындауға және өткізуге қарсы бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екі айда полицейлер 678 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде 299 өткізу фактісі, аса ірі мөлшерде есірткіні сақтаудың 126 фактісі, есірткіні тұтыну үшін притонды ұстаудың 2 фактісі. Заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 67 кг героин, 1 тонна 175 кг марихуана, 94 кг гашиш және 23,7 кг синтетика тәркіленді, – деп хабарлады ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті.

25 қатысушыдан құралған үш ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды, олардың екеуі – шетел азаматтары. Олардан синтетикалық есірткі өндіруге арналған 72 тоннаға жуық түрлі прекурсор, зертханалық жабдықтар салынған 7 қорап, 40 кг марихуана және 4 кг гашиш тәркіленді.

Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында арнайы операция барысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 183 фактісі анықталды. Қарасора плантацияларын анықтау үшін Ұлттық ұланның тікұшақтары мен Қорғаныс министрлігінің дрондары қолданылып жатыр. Олардың көмегімен 4 есірткі плантациясы анықталды. Онда қылмыскерлер құрамында тетрагидроканнабинолдың мөлшері жоғары марихуана жасайтын 8 мыңға жуық “үнді қарасорасының” бұталарын өсірген. Елдің солтүстік өңірі де бақылаусыз қалмады.

Павлодар облысының полицейлері 67 кг героин мен 10 кг гашиш контрабандасының жолын кесті. Есірткіні шетел азаматы қарбызға жасырып өтпек болған.  4 есірткі зертханасы анықталды, 11 күдікті ұсталды, 2 тонна прекурсор және 22 кг дайын мефедрон тәркіленді. “Қарасора” арнайы операциясы жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға