Жаңалықтар

Тұрғылықты жері бойынша тіркелмегендер айыппұл арқалайды

Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланды
Тұрғылықты жері бойынша тіркелмегендер айыппұл арқалайды
Фото: gov.kz 20.09.2022 15:21 1798

ҚР ІІМ тұрғындарға тұрғылықты жері бойынша тіркелмегені үшін айыппұл бар екенін ескертті, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланды.

«Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша ресми тіркеусіз тұру фактілері жиілеп кетті. Заң бойынша әрбір азамат жеке тұрғын үй болсын, жалға берілетін немесе тұрақты тұратын басқа тұрғын үй болсын, өзі тұратын жерде тіркелуі керек. Әйтпесе, тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға кейбір мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде шектеулер қолданылады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеусіз тұрғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға дейін жауапкершілік көзделген», деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Бүгінде айыппұл мөлшері жобамен 21 мың теңгеден асады.

«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті барлық азаматтарды заңға бағынуға шақырады. Меншік иесі сізді тіркеуден шығарып тастаған жоқ па, үнемі тексеріп отырыңыз. Тіркелген жеріңізді қараңыз. Егер сіз тұрғылықты жеріңізді өзгерткен болсаңыз, онда жаңа тұрғылықты мекенжайға тіркелуіңіз керек. Бұл басқа қаладан келген студенттерге де қатысты. Сіз өзіңіздің оқу орныңызға тіркелуіңіз керек», деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға