Жаңалықтар

ІІМ "Сандық полиция қызметкері" жобасын көрсетті

ІІМ "Сандық полиция қызметкері" жобасын көрсетті
Фото: gov.kz 21.06.2023 01:38 816

Цифрлық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Цифрландыру процесі полиция қызметіне де әсер етті. Күнделікті полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану — Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі.

Цифрлық технологияларды пайдалану құқық бұзушылықтардың алдын алудың ең тиімді тетіктерінің бірі, сондай-ақ қылмыстарды жедел ашудың маңызды құралы болып табылады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция жұмысына белсенді түрде енгізіліп жатқан заманауи технологиялармен танысты.

Халық қалаулыларына жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған “Ekin Patrol” жылжымалы кешенінің жұмысы көрсетілді. Кешен қызметтік автокөлікке орнатылады, бейнетіркеуді жүзеге асырады және алынған деректерді мұрағаттайды.

Сонымен қатар депутаттарға полицияға жол ережесін бұзушыны анықтауға көмектесетін “Қорғау” жүйесінің ерекшеліктері туралы айтылды. Бағдарлама көше камераларының деректерін талдай отырып, жақын маңдағы полицейдің планшетіне қауіпті жүргізушінің оған жақындағаны туралы сигнал береді.

Бұл жол қозғалысы ережесін бұзушы немесе машинаны жоғары жылдамдықпен басқаратын жүргізуші болуы мүмкін. Кездесуде қонақтарға патрульдік полицейлердің “Сандық полиция қызметкері” деп аталатын жобасы көрсетілді. Құрылғы нақты уақыт режимінде бейнелерді жедел басқару орталығы инспекторларының жұмыс орнына шығарады, сонымен қатар бейнелерді жою, өшіру және орынды жасыру мүмкіндігін шектейді.

Депутаттар жедел басқару орталығына және полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған мектептердегі бейнекамералар мен дабыл түймелерін, қоғамдық орындардағы “SOS” батырмасын көрді. Кездесу барысында қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес сотталғандарды және ІІО-да есепке алынған тұлғаларды бақылауға арналған электрондық білезіктер көрсетілді.

Сондай-ақ қонақтарға ІІМ-де құрылған ситуациялық-талдау орталығының жұмысы туралы айтылды, ол жедел жағдайды талдайды, түрлі өңірлердегі құқық бұзушылықтардың өршуін бақылауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың жаңа алгоритмі туралы айтылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға