Жаңалықтар

ІІМ-де еліміздің үздік жедел уәкілі таңдалды

ІІМ-де еліміздің үздік жедел уәкілі таңдалды
Фото: gov.kz 06.10.2023 20:01 829

Ішкі істер министрлігінде “Үздік жедел уәкіл” республикалық байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жарыстың ақтық кезеңі Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының базасында өтті. Айта кету керек, ең ауыр қылмыстар жедел қызметкерлердің білімі мен дағдыларының, олардың табандылығының, адалдығының, батылдығы мен тапқырлығының арқасында ашылады.

Дәстүрге айналған конкурста аумақтық бөліністердің қызметкерлері жедел қызметте, заңдарды меңгеруде, атыс және физикалық дайындықта жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар шара барысында жедел уәкілдермен қазақстандық қылмыстық іздестірудің аңызы, отставкадағы милиция полковнигі Ғабдрахим Меңдешев кездесті.

Офицердің есебінде көптеген ашылған ауыр және аса ауыр қылмыстар бар. Жеңімпаздарды ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Айдос Рысбаев марапаттады.

Қиын қызметтеріңізден үйлеріңізге аман-сау оралуларыңызды тілеймін. Сәттілік серік болсын әрдайым! – деді Рысбаев.

Ең үздік жедел уәкіл болып Ақмола облысының қызметкері Елжас Ноғаев танылды. Екінші орынды Абай облысының намысын қорғаған Қуаныш Зарипов иеленді.

Ал үздік үштікті алматылық жедел уәкіл Берік Бибеков түйіндеді. Жалпы бұл байқау жедел іздестіру қызметін одан әрі дамытуға және жедел уәкілдердің кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға