М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бірінші курсының 300 курсанты ант қабылдады, деп хабарлайды Polisia.kz-ге сілтеме жасап El.kz интернет порталы.
Салтанатқа ішкі істер органдарының ардагерлері, құрметті қонақтар, ІІМ басшылығы, курсанттардың ата-аналары және Гонконг полиция академиясынан арнайы делегация қатысты.
Бүгін біздің жас курсанттар өміріндегі ең алғашқы әрі маңызды қадамды жасап отыр – олар Ант қабылдады. Халыққа адал қызмет етуге, заңды қастерлеуге және офицер абыройын сақтауға серт берді. Бұл оқиғаның дәл осы жылы, осы жерде өтуі біз үшін аса маңызды. Республика күні мен Жеңіс мерейтойы тәуелсіздіктің бағасын, Отанға қызмет етудің үлкен жауапкершілік екенін еске салады, – деді ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин.
Ата-аналар үшін де бұл күн ерекше толқыныс пен мақтанышқа толы сәт болды.
Бұл күнді біз көп күттік. Біз үшін бұл балаларымыздың есейіп, маңызды шешім қабылдағанының айғағы. Енді олар елге қызмет етуге дайын. Бүгін оларды жинақы, сымбатты, өзіне сенімді көріп, жүрегімізді мақтаныш сезімі кернейді, – деді ата-аналардың бірі.
Жас курсанттар бұл күнге ұзақ дайындалған. Бүгін олар сап түзеп, парадтық киімде, жинақы да тәртіпті болып, Академия қатарын толықтырып, офицерлік жолға алғашқы қадам басты.

