Жаңалықтар

III.Тәтіқара ақын

Жыраулар поэзиясынан нәр алып, ақындық поэзияның тууына жол салған ізашар тұлғалардың бірі – XVIII ғасырда тірлік кешкен Тәтіқара ақын.
31.03.2014 08:20 12146

Жыраулар поэзиясынан нәр алып, ақындық поэзияның тууына жол салған ізашар тұлғалардың бірі – XVIII ғасырда тірлік кешкен Тәтіқара ақын.

Ақындық өнеріне әйгілі Ш.Уәлиханов жоғары баға берген Тәтіқара ақын Қостанай жеріндегі Сарыкөл бойында дүниеге келіп, балалық, жастық шағын сол төңіректе өткерген. Ақынның «Кебеже қарын, кең құрсақ, Артық туған Абылай­...» деп басталатын өлеңін дәлелге ала отырып, Ш.Уәлиханов Тәтіқараның Абылай жанындағы ақын-жыраулардың бірі болғанын айтады. Алайда бала кезінен бастап кедейлік, жоқшылық ауыртпалықтарын көріп өскен ақынның тұрмыстық жағдайы кейіннен де оңалып кетпесе керек. Оның дәлелін де ақынның өз шығармасынан табуға болады. Белгілі ғалым Е.Ысмайылов та өзінің «Ақындар» деп аталатын еңбегінде Тәтіқара ақынның шығармашылығына назар аударып, оны қазақ пен жоңғар арасындағы ұрыс-шайқастарды суреттейтін көптеген жырлар шығарған эпик ақын ретінде жоғары бағалайды.

Зерделей назар аударуды қажет ететін пікірді академик Ә. Марғұлан айтады. Оның пікірінше, Тәтіқара жырау – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады.

Ә.Марғұлан пікіріне ден қойсақ, Тәтіқараның әрі ақын, әрі жырау болғанын бағамдаймыз. Сондай-ақ, оның Абылай тұсында ат жалын тартып мінген азамат жасында болғанын байқаймыз. Ал ақынның да, жыраудың да өзі көрген оқиғалар жайында сөз айтпай қалуы мүмкін еместігін ескерсек, онда Е.Ысмайыловтың Тәтіқараны қазақ-жоңғар соғыстары жайында ауқымды жырлар шығарған эпик ақын ретінде бағалауы да орынды екенін аңдаймыз. Сол сияқты, жыраулар поэзиясын кеңінен зерттеген М.Мағауиннің: «Тәтіқара, әсіресе, 1756 жылы қазақ жерінің шегіне кірген Цин басқыншыларына қарсы күрес күндерінде туған өлеңдері арқылы мәшһүр болады», – деген пікірінің негізділігіне ден қою абзал.

Осы пікірлерді назарға ала отырып, ақын өміріне қатысты ой болжамын жасасақ, онда Тәтіқараны XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдары дүниеге келіп, сексенінші-тоқсаныншы жылдары дүниеден озған деп шамалауға болар еді. Өйткені ақынның «Ассалаумағалейкүм, жайсаңдар мен қасқалар...» деп басталатын өлеңінің жалпы мазмұнына қарасақ, бұл өлең айтылған кезде ақынның бірталай жасқа келгенін байқаймыз, сонымен қатар бұл уақытта басқыншылардың бетін қайырған елдің біршама тыныш тірлікке бет түзегенін аңғарамыз.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға