III.Көтеш ақын
Көтеш ақын кәріліктің бір көрінісін әзілмен ұштастыра, осы үлгіде бейнелесе, келесі бір өлеңінде дәл осы тақырыпты басқаша мазмұнда ашады. Бұл өлеңде де Көтештің ақындық жаратылысына етене әзіл, әжуа көрініс бергенімен, олар алғашқы өлеңдегіден гөрі салмақтана түседі. Ақынның бұл өлеңдегі әзіл-әжуасында тілек-ниеттен гөрі, кешегі алтын басының қадірі қашқанына күйіну сезімі, реніш басым. Әзілмен бүркемеленген күйініш суреті былай берілген:
Қартайғанда қатының дұшпан болды,
Баласымен бірігіп қысқан болды.
Келін деген бір дұшпан тағы шығып,
Біреуі іштен, біреуі тыстан болды.
«Бала, бала!» деуменен мазалымыз,
Баладан болар білем ажалымыз.
Баламызға жалынсақ жан сақтар ек,
Келін деген даяр тұр ажалымыз!
Әрине, ақын өлеңінде айтылған жайдың бәрін ақынның өз өмірінің шынайы бейнесі ретінде қабылдау орайсыз болмақ. Дегенмен, Көтеш ақын өмірден көріп-байқағандары негізінде кейінгі ұл мен қызға, келінге ибалылық жолын тағылым етуді көздегені анық.
Көтештің бізге дейін жеткен шығармалары арасынан:
Алдымнан алты пұшық анталады,
Тілге келмей біреуі балталады.
Осы аурудан, сірә, жан қалмас білем,
Балтасы тиген жері қанталады, – деп басталатын өлеңін ақынның өз өміріне тікелей қатысы бар жәйттер бейнеленген шығарма ретінде тануға болатындай.
Өйткені ақын өліміне байланысты ел аузында айтылатын әңгімелердің бірінде оның кісі қолынан қаза тапқаны айтылады. Егер жоғарыдағы шумаққа сүйенсек, ақын өліміне жол торыған алты адамның себепкер болғанын көреміз. Ал ақынға балта жұмсаған әлгі алтаудың өшігуінің мәнісі – Көтеш ақынның өткір тілі, шындықты жасырмай жырлауы болғаны хақ. Өйткені ғұмыр бойы тұрмысы оңалмаған Көтешке кектенудің басқадай орайы жоқ.
Қалай болғанда да, тірлігінде дәулет жиып, бағы аспаса да, шыншыл өлеңдерімен көпшіліктің көңіл күйін тап басып жырлап өткен Көтеш ақынның ХVІІІ ғасырдағы ақындар поэзиясын қалыптастыруда маңызды роль атқарғаны шүбәсіз.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- Ақын өлеңдерінен өз өмірі мен қарапайым халық тіршілігі қаншалықты көрініс тапқан?
- «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің» өлеңінің мазмұнына талдау жаса.
- Көтеш ақын фиософиясының ерекшелігі қандай?
- Ақын сатира мен юморды қандай жағдайларда және қандай мақсатта пайдаланған?
- Ақынның сөз қағысулары мен қағытпаларының мәні неде?
Әдебиеттер:
- Ай, заман-ай, заман-ай... – Алматы, 1991.
- Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1993.
- Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.
- Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. – Алматы, 19974.
- Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы, 1957.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»