Жаңалықтар

III.Бұқар жырау

Ел тағдырына алаң жырау ел тұтастығын сақтаудың бірден-бір жолы ел бастайтын көсем, қол бастайтын батырлардың болуы және оларды қалың елдің қолдауы деп түсінеді.
31.03.2014 09:28 5221

Ел тағдырына алаң жырау ел тұтастығын сақтаудың бірден-бір жолы ел бастайтын көсем, қол бастайтын батырлардың болуы және оларды қалың елдің қолдауы деп түсінеді. Жыраудың өз шығармашылығында хандар мен батырлар бейнесіне жиі оралып отыруының бір себебі де осы. Оның бұл тақырыптағы толғауларының бәрі Абылай хан есімімен ұштасып жатады. Даңқты Бөгембай бейнесі тұлғаланған толғаудың өзі Абылайға батыр қазасын естірту ретінде айтылған.

Осы толғауда Бұқардың поэтикалық құралдарды неше алуан үлгіде, түрлі мағынада қолдануға аса шебер болғандығы айқын көрінеді. Мәселен, ол Бөгембайдың дүниеден озғанын «Ақиықты аспанға Ұшпастай ғып торлады», – деп астарлай жеткізеді. Жыраудың бұл қолданысында батыр қазасын хабарлаумен қатар, ажал жеткенде адам рухының көкке ұшып кететіні жайындағы халық түсінігі де жатыр. Дәл осы түсінік астарлы қолданыстың мәнін ұғынуға қызмет етіп тұр.

Толғаудың келесі қос шумағында Бөгембай батыр бейнесі эпикалық жырларда қаһарман образын ашу үшін жиі қолданылатын:

«Қиядан қиқу төгілсе,

Аттың басын тартпаған,

Қисапсыз қол көрінсе,

Қорқып жаудан қайтпаған...» – деген үлгідегі асқақтата суреттеу тәсілімен беріледі. Осы ыңғайда жырлау әйгілі батырдың қаһармандық бейнесінің ел жадында халықтық эпостардағы батырлармен бірдей қабылдануына әсер етіп тұр. Сонымен бірге бұл – Бұқар жыраудың халықтық жыр дәстүрінен қанып сусындағаның танытатын мысал.

Аталмыш толғаудың кейінгі шумақтарында жырау Бөгембайдың тарихи ерліктерін, сол ерліктерінің арқасында ел құрметіне бөленгенін жырлай келіп, Абылайға арналған көңіл айту барысында батыр мен ханның орындарын да ашып өтеді:

«...Тұғыр болған сол еді Сіздей төре сұңқарға. Бәйгелі жерде бақ болған Сіздей жүйрік тұлпарға...» – деген тармақтардан ханның қадірі қасындағы серіктерімен артатыны, ол үшін хан серіктері ел ардақтаған азаматтардан құралуы қажеттігі танылады.

Жалпы, ұзақ жасаған ғұмырында Бұқар жырау бірнеше ханмензамандас болса да, солардың арасынан ол екі ханға ға­на ықылас білдіреді. Олардың бірі – Әз Тәуке, енді бірі – Абылай хан.

Жыраудың Тәуке ханға байланысты бір ғана шығармасы белгілі. Ол – ханды жұбату үлгісінде айтылатын «Әз Тәуке ханның баласы өлгенде» деп аталатын толғауы. Аталмыш жұбатудан Бұқар жыраудың суреткерлік қыры танылады. Толғау мазмұнына зер салсақ, жыраудың ханды жұбата отырып, дәл сол сәттегі жағдайдың көрінісін дәлме-дәл бейнелегенін де көреміз.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға