Жаңалықтар

ИИДМ өкілдері арнайы экономикалық аймақтардың жұмысымен танысты

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді
ИИДМ өкілдері арнайы экономикалық аймақтардың жұмысымен танысты
Фото: gov.kz 01.11.2022 16:23 1455

ИИДМ өкілдері мен Сенат депутаттары бірқатар арнайы экономикалық аймақтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов пен Парламент Сенатының депутаттары «Ақтау теңіз порты» мен «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақтарына барды. Іс-сапар барысында әрбір АЭА қызметінің тиімділігі екшеліп, аймақтарды жетілдіру мақсатында заңнамалық актілерге жоспарланған түзетулер мәселелері жан-жақты талқыланды.

Бүгінде «Ақтау теңіз порты» АЭА Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр. Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, бүгінге дейін аймақта жалпы сомасы 120,2 млрд теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылған. Нәтижесінде мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Қазіргі уақытта 757,775 млрд теңгеге 28 жаңа жоба жүзеге асырылуда. Бұл 4 829 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

 Ал «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы көмірсутек шикізатын терең өңдеу және қосылған құны жоғары кең бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімдерін шығару бойынша әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құру және дамыту жөніндегі серпінді инвестициялық жобаларды әзірлеумен және іске асырумен айналысады.

 «Қазіргі күнге дейін 4 жоба сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар 13 жоба іске қосылу сатысында. Аймақта интеграцияланған газ-химия кешенінің, пластмассадан орау бұйымдарын өндіру мен полимерден бұйымдар өндіру зауыттарының және өзге де өндіріс орындарының құрылысы жүргізілуде», – деп атап өтті Индустриялық даму комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ делегация өкілдері «Ақтау теңіз порты» АЭА-да болды. Депутаттар іс-сапар қорытындысы бойынша «Арнайы экономикалық аймақтардың нақты жай-күйі және жұмыс істеуінің алдағы перспективалары» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өткізілетінін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға