Жаңалықтар

II.Ақтамберді жырау

Жасы тоқсаннан асқан шамада ұрпаққа арнаған бақұл сөзінде:
31.03.2014 06:39 17565

Жасы тоқсаннан асқан шамада ұрпаққа арнаған бақұл сөзінде:

«Бар арманым, айтайын, Батырларша жорықта Өлмедім оқтан, қайтейін!..» –

деп жырлаған жыраудың жалғыз ғана арманы хас батырларша қан майданда шаһит кешу болған сыңайлы. Бүкіл өмірін туған жұртының амандығына, бүтіндігіне, бірлігіне арнаған жырау өзі қызғыштай қорыған қазақ жерінің шығыс өңірінде 1768 жылы дүниеден озады. Бейіті қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданы аясындағы «Жүрек Жота» аталатын төбеден орын тепкен.

XVІІІ ғасырда Ақтамбердімен қарайлас өмір сүрген Үмбетей жыраудың «Ей, Ақтамберді, Қабанбай!» деп басталатын шағын толғауына назар аударсақ, бұл толғау мазмұнынан Ақтамберді жыраудың өр мінезді батырлығымен қоса, ел арасында туындап жататын әрқилы дауларға да араласып, бітімгер би болғанын аңғарамыз. Ал ХІХ ғасырдың әйгілі жырауы Дулат Бабатайұлының «Ер Еспембет» жырында Ақтамберді бейнесі жаужүрек батыр, көреген қолбасы ретінде танылады. Ал Біржан мен Сараның айтысын еске оралтсақ, Ақтамберді жырауды ақын Сараның да мақтан тұта құрметтейтінін көреміз. Мұның сыры Ақтамберді сөздерінің ел жадында сақталып, сөз қадірлеген ұрпақтарына ұлағат боп қалғанында жатыр.

Ақтамберді Сарыұлының батырлық, ақындық қасиеттері тасқа басылған еңбектерден де орын алған. Мәселен, Құрбанғали Халидтің 1911 жылы Қазанда басылып шыққан «Тауарих хамса» кітабында жауынгер жыраудың ел тарихындағы орны жайында қысқаша түсінік берілсе, С.Мұқанов 1942 жылыбаспадан шығарған «XVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің очеркі» кітабында жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын толғауын жариялайды. Осыдан кейінгі кезеңде қазақ жырауларының шығармалары топтастырылған кітаптар мен жинақтардың қай-қайсында да Ақтамберді жыраудың өлең-толғаулары қағыс қалған емес. Оның себебі – Ақтамберді жырларының елдік мұратпен, адам баласының арман-тілектерімен етене ұштасып жатуында.

Ал, жырау діттеген елдік мұрат, жырау аңсаған арман-тілектер қандай еді және олар жыр-толғауларында қалай көрініс тапқан? Ендігі сөз бағытын осы сауалдарға бұрайық.

Жыраудың бізге дейін сақталып, жеткен жыр-толғауларын ішкі мазмұнына қарай үш топқа бөле қарастыруға болады. Біріншісі – жыраудың жеткіншек шағындағы арман-тілектерін танытатын шығармалары; екіншісі – жыраудың ат жалын тартып мінген кезеңіндегі елдік, ерлік мұраттары; үшін­шісі – шау тартқан жыраудың ел-жұртқа, ұрпаққа арнаған өсиет-насихаттары.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға