Жаңалықтар

Игорь Ли: Адамдарға «ұпай» жинамай, шынайы көмектесу керек!

Игорь Ли: Адамдарға «ұпай» жинамай, шынайы көмектесу керек!
30.10.2019 12:51 2281

Жастар ұйымдары Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсенді араласып келеді. Мұндай жастар ұйымдарының бірі – Қазақстан корейлерінің жастар қозғалысы. Оның жұмысы туралы Қазақстан корейлері Ассоциациясының вице-президенті, Жастар қозғалысының төрағасы Игорь Ли баяндайды.

- Біздің оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтіңізші?

- Алматы қаласының тумасы боламын. Оңтүстік астанада туып-өсіп, шет тілдері және іскерлік мансап Университетінде халықаралық қатынас мамандығын игердім. Бүгінгі күні қоғамдық жұмыстарым ескерілгендігі болар, Қазақстан корейлері Ассоциациясының вице-президенті болдым. Сондай-ақ, жастар ортасында да белсендімін. Сондықтан да жастар қозғалысына да басшылық етемін. Қысқаша айтқанда, осы.

- Біздің білуімізше, сіз 2014 жылдан бастап жастар қозғалысының көшбасшысысыз. Сіздің қоғамдық жұмысыңыз қалай басталып еді?

- 2008 жылы мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ, болашақта кім боламын деген сұрақ мазалайтын. Немен айналысамын деп ойлайтынмын. Менің өмірімнің бағытын өзгерткен бір керемет кездейсоқтық болды. Біздің мектебімізге бір күні корей жастар қозғалысының белсенділері бас сұқты. Олар құр келмепті, мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып жатқан «Жас көшбасшы» республикалық байқауы туралы айтып, маған корей ұлтының өкілі ретінде оған қатысу туралы ұсыныс білдірді. Әрине, мен бірден байқауға қатысуға бел будым. Алайда, мен жеңіске жете алмадым, тіпті алғашқы турдан ары қарай өте алмай қалдым. Қойылған сұрақтарға жауап бере алмай, мүдірдім. Бірақ, бұл сағымды сындырмады, маған бұл ортаның ұнағаны соншалық, кейін корей жастар қозғалысының белсенділерінің бас қосуына бардым. Меннен 3-4 жасқа ғана ересек жастардың ойлау деңгейінің жоғарылығы, өмірге көзқарасы, жаңашылдыққа ұмтылуы мен бастамашылдығы шынымен таң қалдырды. Олар болашаққа сауатты көз салып, жоспар құрудың жолын көрсетті. Бұл кездесуден кейін 11 жыл уақыт өтті, мен бірден оның мүшелігіне өттім.

- Қозғалыстың құрылу тарихын айтып беріңізші. Оның негізін қалаушы кім?

- Мұндай ұйымды құру туралы идеяның авторы сол кезде Ассоциация Президенті Цхай Юрий Андреевич болатын. Ол бүгінге дейін жастарға үлкен көңіл бөліп келеді. Сол уақыттың өзінде-ақ олар ұрпақ сабақтастығы дегенге үлкен мән беріп жүретін. 1998 жылы барлық белсенді корейлердің басын қосып, Жастар орталығын дамыту мәселесін алға қойды. Содан бері жастардың 6 ұрпағы ауысты. Бүгінгі таңда мен оның 6-шы төрағасымын.

Игорь Ли: Адамдарға «ұпай» жинамай, шынайы көмектесу керек!

- Ұйымда неше адам бар. Бұл қозғалысқа қосылуға ниет білдірушілер көп пе?

- Ұйым бөлімшелері Қазақстанның 16 қаласында бар. Жалпы, ел аумағында біздің жастар қозғалысына 200-ге жуық жас біріктірілген. Бұл орта есеп, қазір тек ұйым мүшелерін ғана айтып отырмын.

- Сіздің қызмет барысында жаныңызды жадыратып, көңіліңізге қуаныш сыйлайтын сәттер көп болды ма?

- Адамдардың ынтасы қуантады. Олар - негізгі қозғаушы күш. Түрлі жобаларды, жаңа идеяларды дүниеге әкеледі. Адамдардың жақсылыққа, жағдайды жақсы жағына өзгертуге ұмтылуы, өзінің айналасына мықты адамдарды топтастыруы шын мәнінде өзгелерді шабыттандырады.

- Сіз халықаралық қатынастар орнатуға тырыспайсыз ба? Бәлкім, шет елдердегі өзге де корей ұйымдарымен әріптестік байланысыңыз бар болар?

- Біз түрлі оңтүстіккорейлік Қорлармен бірлесіп сан алуан іс-шара ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, Корейдің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс жасап келеміз. Олармен бірлесе отырып, студенттер үшін білім турларын ұйымдастырамыз.

- Корейлердің жастар қозғалысы тағы қандай жобаларды жүзеге асыруда? Мәселен, еріктілік, қайырымдылық шаралары?

- Бүгінгі таңда біз студенттер мен мектеп оқушылары үшін мәре алаңына айналдық. Түрлі кәсіби салалар бойынша, мәселен, іс жүргізу, келісім жүргізу, жобаларды, іс-шараларды үйлестіру бойынша базалық дағды, кеңес береміз. Біз ұйымда дайындықтан өткізген жастарымыздан кейін дайын мамандар жасап шығарамыз. Олармен кәсіби тұрғыда жұмыс жасау өте нәтижелі болады. Қайырымдылық шараларын тұрақты жүргізіп келеміз, бірақ оны жариялап, жарнамаламаймыз. Біздің ұстанымымыз – адамдарға «ұпай» жинамай-ақ, шынайы көмек көрсету.

- Қазақстандық жастарды қолдау мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Біз жұмыс барысында жастарды ешқашан нәсіліне, дініне бөлмейміз. Кез-келген ниеті бар жас біздің ұйымға келіп қосыла алады. Жастар үшін түрлі интеллект шоулар, этномәдени бірлестіктер арасында қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеуге арналған байқаулар өткізіп отырамыз. K-POP Fest секілді түрлі заманауи өнер фестивальдарын ұйымдастырамыз.

- Қазақстан корейлері Ассоциациясының вице-президенті ретінде атқарып отырған жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз?

- Қазақстан корейлері Ассоциациясында мен аппараттың ішкі жұмысымен айналысамын, барлық деңгейдегі жобаларды үйлестіремін.

- Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларына белсенді түрде араласасыз ба?

- Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсенді араласатынымыз рас. Біздің шараларымыздың көп бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында ұйымдастырылады. Үнемі этносаралық келісімді насихаттап, дәріптеп келеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемде баламасы жоқ, бірегей институт деп ойлаймын.

- Келер жылға жоспар құрып үлгердіңіз бе?

- Қоғамдық жұмысымыздың ауқымын кеңейткіміз келеді. Ол үшін біздің ұйым қатарына жастарды көбірек тартуымыз керек. Олардың ішінен өз көшбасшыларының іріктеліп шығатыны анық, бізде көшбасшылық қабілеті жоғары жастардың командасын қалыптастыруымыз керек.

- Жастар қозғалысының сіздің өміріңізге ықпалы жоғары ма?

- Өте жоғары. Бүгін – бұл менің негізгі жұмысым. Жастар қозғалысы үнемі болашаққа тіке көз тастауға көмектеседі. Адамдардың жаңа толқыны келген кезде, біз оларға жаңа бағыттардың мүмкіндігін ашып көрсетуге тырысамыз. Қоғамдық жұмыс өте қызықты, мәселен, менің өзім онсыз мұндай мүмкіндіктерге қол жеткізе алмас едім деп ойлаймын.

- Сіздің қоғамдық қызметіңізді жақындарыңыз қалай қабылдайды?

- Олар мені үнемі қолдап отырады. Тіпті қазақ достарымның өзі көшеден корей ұлтының өкілдерін көріп қалса, оны біздің ұйымымызға жетектеп алып келеді.

- Корей тілін жақсы білесіз бе?

- Корей тілін әлі де оқудамын. Аптасына 3 рет корей тілінен дәріс алуға уақыт бөлемін.

- Тарихи отаныңыз - Кореяда болдыңыз ба?

- Кореяда болдым. Бұл технологиялық ел. Алайда, менің үйім Қазақстанда, Алматымда. Сондықтан Кореяда болған кезімде мен өзімді ол жақта қонақ ретінде сезіндім.

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

- Менің бос уақытым аптасына бір күн ғана болады. Оны өз отбасыммен өткізуге тырысамын.

- Немен мақтанасыз?

- Қазір бұған қатысты ауыз толтырып айта алмаймын. Бұл туралы 30 жастан кейін, бір нәрсеге қол жеткізгеннен кейін сөз қозғаған дұрыс болар еді.

- Адамның ең керемет, сәтті күні қандай болуы керек?

- Күнім текке өтіп кетті деп өкінбесең, нағыз сәтті, керемет күн сол болмақ. Әрбір күніңді өте жемісті және тиімді өткізуге тырысу керек.

- Кімге қарап қанаттанасыз?

- Әрбір адам бірегей тұлға. Сондықтан олардың әрқайсысына қарап, мықты, жақсы қасиеттерін алуға болады.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға