«Хутор» бандасы: Прокурор Хасан Қасымбаевты 15 жылға қамауды сұрады
28 қазанда Талғар аудандық сотында «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты сот отырысында тараптардың жарыссөзі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып ақша алу баптары бойынша айып тағылған. Олмен бірге тағы бес адам жауапқа тартылып отыр. Істе екі жәбірленуші бар - аралас жекпе-жек шебері Арман Әлімов және кәсіпкер Әріпжан Тәжиев.
Сотта мемлекеттік айыптаушы, прокурор Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы айыпталушының адвокаты Гүлмира Бабажанова мәлім етті.
Біз айыптаумен мүлде келіспейміз. Екі эпизод бойынша нақты дәлел жоқ, тек жәбірленушінің өз сөзі ғана бар. Сондықтан қорғау тарапы Қасымбаевты толық ақтауды талап етеді, – деді адвокат.
Гүлмира Бабажанованың айтуынша, тергеу органдары Қасымбаевтың есімін Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс арқылы негізсіз байланыстырған. Адвокат қазіргі істің де «болжам мен қауесетке сүйеніп құрылғанын» айтты.
Сондай-ақ ол жәбірленуші Арман Әлімовтің айғақтарында қарама-қайшылықтар барын атап өтті:
Бір хаттамада ол Қасымбаевты жеке танитынын және ұруды видеоға түсіруге бұйырғанын айтса, екінші хаттамада оны тек сотта алғаш көргенін мәлімдеген. Бұдан бөлек, Хасан тарапынан ешқандай қауіп не қорқыту болмағанын да мойындаған. Бұл мәліметтер нақты дәлелдермен расталмаған, – деді ол.
Қорғаушының айтуынша, сотта куәгерлер Қасымбаевтың оқиға орнында болмағанын растаған. Сонымен қатар медициналық сараптамалар бастапқы деректерсіз жасалған деген күмән бар.
Соттағы сөзінің соңында адвокат жәбірленушінің қайшы айғақтарын істен алып тастауды және ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Хасан Қасымбаев – жалған айып пен қате тергеудің құрбаны. Негізгі кінәлілер жазасын алған. Ал жаңа адамдарды “кінәлілер қатарына қосу” әділдікке қайшы. Хасан өз абыройы мен жақсы атын қайтаруға лайық, – деді адвокат Гүлмира Бабажанова.
Еске сала кетсек, Хасан Қасымбаев 2024 жылғы 2 қарашада ұсталған. Қылмыстық іс бойынша үкім соттың алдағы шешімімен жарияланады.

