Жаңалықтар

Хоккей спортынан кәсіби мамандар даярлау қолға алынды

Хоккей спортынан кәсіби мамандар даярлау қолға алынды
Фото: hcbarys.kz 04.02.2024 14:42 801

Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры Бауыржан Закирьянов пен Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Глеб Каратаев екіжақты келісім шартқа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мақсат - бірлесе отырып елімізде хоккей спортын дамыту, хоккейден жаттықтырушыларды дайындау. Келісім шеңберінде бірлесе отырып білім беру бағдарламасын құрастыру жоспарлануда.

Хоккей Қазақстанда өткен ғасырдың ортасында дами бастады. Тәп-тәуір жетістіктеріміз де баршылық. Дегенмен, соңғы онжылдықта хоккей спортының қарқыны бәсеңдеп қалды. Оны маманның жетіспеушілігімен байланыстыруға болады. Олқылықтың орнын толтыруға біз әрдайым ықыластымыз. Бірлесе хоккей жаттықтырушыларын дайындасақ, ел хоккейі алға басар еді. Жас жеткіншектердің осы спорт түріне аңсары ауып, түрлі жарыстарда мәртебеміз көтерілері хақ, - деді Б. Закирьянов.

Қазақстан хоккей федерацияларының өкілдері айтуынша, шыдамдылық пен тез арада шешім қабылдауға баулитын бұл спорт түрінде жас буынның меңгерері көп. Тек мықты мамандар керек.

Олардың деректері бойынша, Қазақстанда 36 хоккей клубы бар. Ол жерде 9000-ға жуық жас жеткіншектер шұғылданады. 300-ге жуық жаттықтырушы бар. Бұл сандық көрсеткіштерді көбейту – басты мақсат. Бар мамандармен етене жұмыс істеп, олардың біліктілігін арттыру да күн тәртібіндегі мәселе.

Осындай маңызды уағдаластықта екі жақты тарап үлкен жоспар құрды:

  1. Бірлескен білім бағдарламасын даярлау;
  2. Бірлескен іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жобалары шеңберінде жұмыстарды жүргізу.
  3. Кәсіптік білім берудің бірлескен бағдарламаларын іске асыру, жоғары білікті кадрларды даярлау, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау мен (немесе) олардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға