Хоккей: «Барыс» тағы да жеңіліп қалды
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы төртінші ойынын Ресейде «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде есеп ашылатын біраз мүмкіндік болған еді. Дегенмен, оны хоккейшілер өз мақсатына пайдалана алған жоқ.
Екінші кезеңде де қос команда гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Ойынның 21-минутында «Барыс» хоккейшісі Нельсон Ножье көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Оған 35-минутта «Авангард» хоккейшісі Игорь Гераськин бір голмен жауап қайырса, 50-минутта Либор Шулак есепті үстемелей түсті.
Ал ресейлік клубтан Владимир Ткачёв 54, Райан Спунер 59-минутта тағы екі шайба соғып кетті.
Осылайша, «Барыс» қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы бұдан бұрынғы үш кездесуінде де қарсыластарынан жеңіліп қалды.
Енді елордалық клуб 11 қыркүйекте сырт айдында ресейлік «Динамо» (Мәскеу) клубтарымен шеберлік байқасады.