El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Хирургсіз операция: робот өт қабын сәтті алып тастады

20.07.2025 15:56

АҚШ-тың Джонс Хопкинс, Стэнфорд және Колумбия университеттерінің зерттеушілері адамның көмегінсіз хирургиялық операция жүргізе алатын жаңа роботты таныстырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

SRT-H деп аталатын бұл автономды жүйе алғаш рет жануарлар тініне тәуелсіз түрде өт қабын алып тастау (холецистэктомия) операциясын сәтті орындады.

Робот қалай сыналды?

Холецистэктомия — әлем бойынша жиі жасалатын аз инвазиялық хирургиялық араласудың бірі. Тек АҚШ-тың өзінде бұл операция жыл сайын 700 мыңнан астам рет жасалады. Жаңа робот алғаш рет шошқаның мәйітіне жасалған осындай операцияда сынақтан өтті.

Бұл операцияны орындау үшін хирургтерге шектеулі кеңістікте аса дәлдік қажет. Олар өт өзегі мен артериясын анықтап, белгілі бір нүктелерде қысып, соңында аралықты кесіп өт қабын алып тастауы тиіс. Кішкентай қателіктің өзі — өттің ағуына немесе ішкі ағзалардың зақымдануына әкелуі мүмкін.

SRT-H жүйесі адам әрекеттерін бақылап, ауызша нұсқауларды талдау арқылы оқытылды. Оның жұмыс істеу механизмі екі негізгі қабатқа негізделген:

  • Бірінші қабат табиғи тілдегі нұсқауларды («тігіс жаса», «кес») түсініп, оларды нақты алгоритмге айналдырады;

  • Екінші қабат — сол алгоритмді құралдарды дәл басқару арқылы орындайды.

Робот сегіз рет сынақтан өтті және әр сынақта 17 хирургиялық кезеңнің барлығын сәтті орындады. Бұл процестерге тін ұстау, қысқыш қою, кесу, құрал ауыстыру және өзін-өзі түзету (әр операцияда орташа есеппен алты рет) кіреді.

Роботты қалай үйретті?

SRT-H-ты оқыту барысында оған 16 мыңнан астам операция жазбасы ұсынылды. Онда тек мінсіз орындалған әрекеттер емес, қателер мен оларды түзету тәсілдері де болды.

Роботтың адаммен салыстырғандағы басты артықшылығы – дәлдік пен қозғалыс жұмсақтығы. Инженерлердің айтуынша, оның қозғалыс траекториясы қысқа әрі тегіс болған.

Дегенмен роботты тірі ағзада қолдану әлі де күрделі міндет. Алдымен құрылғыдағы көлемді камералар лапароскопиялық тіліктер арқылы өте алмайды. Сонымен қатар, зерттеушілер роботтың қауіпсіздігін арттыру жолдарын қарастырып жатыр. Атап айтқанда, ол күмәнді жағдайларды анықтап, хирургке белгі беруі немесе ота барысына араласуға мүмкіндік беруі тиіс.

Зерттеушілер болашақта мұндай автономды жүйелер қашықтан бақылау арқылы хирургтердің қатысуынсыз да операция жасауға қабілетті болады деп сенеді. Бұл технология әсіресе шалғайдағы немесе ресурсы шектеулі аймақтарда денсаулық сақтау сапасын арттыруы мүмкін.