Химиктер артритті емдеуге арналған гель жасап шығарды
Ғалымдар тіндердегі рН деңгейінің өзгерісін анықтап, қабынуды емдей алатын жаңа материал ойлап тапты. Бұл жаңалық дәрі-дәрмек жеткізу технологиясын түбегейлі өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Адам ағзасына дәрі жеткізудің тәсілдері жылдан-жылға жетіліп келеді. Фармацевтикалық компаниялар тиімділікті арттыру үшін нанотехнологиялық тасымалдағыштар мен «ақылды» ингаляторларға дейінгі күрделі жүйелерді енгізіп жатыр. Бұл ем нәтижесін жақсартуға, емдеу тәртібін сақтауды жеңілдетуге және өндірісті жаппай жолға қоюға мүмкіндік береді.
Кембридж университетінің биоинженерлері мен химиктері ағзадағы ең ұсақ биохимиялық өзгерістерді анықтап, дәріні ауру ошағына дәл жеткізе алатын жұмсақ материал жасап шықты. Бұл тәсіл буын қабынуын (артритті) емдеудің жаңа әдісіне айналуы ықтимал.
Материалдың ерекшелігі
Жаңа медициналық гель ағзадағы ортаның қышқылдығы (рН) өзгерген сәтте әрекетке кірісіп, қабынуға қарсы дәрілерді дәл уақытында босата алады. Бұл – ағзаның табиғи реакциясына негізделген жүйе.
Қабынған буында рН деңгейі төмендейді, яғни орта қышқылдана түседі. Сол кезде материал құрылымын өзгертіп, жұмсақ әрі икемді бола бастайды. Осы сәт гельге дәріні босатуға белгі береді. Ең маңыздысы, реакция тек белгілі бір рН диапазонында жүреді, демек, ем тек қабынған аймаққа бағытталады. Бұл жанама әсерлердің қаупін азайтады.
Біз біраз уақыттан бері бұл материалдарды буын аймағында қолдану мүмкіндігін зерттеп келеміз, себебі олардың қасиеті шеміршек тінінің қасиеттеріне өте ұқсас, - дейді зерттеушілер.
Тәжірибе барысында ғалымдар дәрінің орнына флуоресцентті зат қолданған. Нәтижесінде қышқыл ортада, яғни ауру буынды имитациялаған жағдайда - материал әлдеқайда көп маркер бөлген, ал сау тінде реакция әлсіз болған.
Болашағы қандай?
Зерттеушілердің айтуынша, бұл технологияның қолдану аясы өте кең: материалдың химиялық құрамын өзгерте отырып, оны түрлі ауруларды емдеуге бейімдеуге болады.
Бұл - әмбебап платформа. Оның көмегімен әсер ету ұзақтығы бірнеше күннен бірнеше айға дейінгі дәрілер жасауға болады, - дейді ғалымдар.
Келесі кезең - материалды тірі организмде сынау. Бұл оның қауіпсіздігі мен емдік әсерін нақты бағалауға мүмкіндік береді.
Ғалымдардың пікірінше, бұл тәсіл «ақылды» биоматериалдардың жаңа дәуірін бастауға жол ашады. Әзірге клиникалық сынақтар алда болғанымен, технология артритпен қатар, қатерлі ісіктер сияқты өзге де ауруларды емдеуде қолданылуы мүмкін.

