жасанды интеллект

Хиджабты бір киіп, бір шешкен жұлдыздар кімдер?

19.07.2025 11:00

Біздің қоғамда хиджаб – діни киім ретінде қабылданады. Сондықтан да оған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бірақ оны киюге де, кимеуге де түрлі себептер айтылады. El.kz интернет порталы хиджабты уақытша киген танымал арулардың тізімін жасап көрді.

Рамина Таипова

Instagram желісіндегі белсенді блогер, елге өзіндік ойы мен ашық мінезімен танылған Рамина Таипова 2023 жылы хиджабқа бет бұрғанын алғаш рет парақшасында жариялап, көптің назарын аударған еді.

Ол кезде жүрегіндегі өзгерісті былай деп сипаттаған болатын:

Біз мұсылмандар үшін үлгі болуға тиіспіз. Орамал тағып, сыртқа шыққанда басыма «енді шегінерге жол жоқ» деген ой келді. Бұл – мәңгілік! Мұны қабылдауым керек, – деп жазды ол.

Хиджабты бір киіп, бір шешкен жұлдыздар кімдер?

Коллаж El.kz

Дегенмен, бұл шешімі тұрақты болмады. Араға небәрі екі ай салып, Рамина орамалын шешкенін хабарлады. Бұл қадамын да жасырмай, ашық мойындады.

Мен өзімді орамалда да, орамалсыз да нашар сезінемін. Құдайдан шашымды ашқаным үшін кешірім сұраймын. Сөзімде тұра алмадым. Хиджабпен далаға шыға алмадым, тіпті айнаға қарай алмадым. Орамал тағу үшін оған деген махаббат болу керек екенін түсіндім, – деді ол.

Ақбота-Нұр Сейітмағамбет

«КешYou» тобының экс-әншісі, сахнада сұлу да сымбатты келбетімен танылған Ақбота-Нұр 2020 жылы көпшілікті таңғалдырған тосын шешім қабылдады. Instagram парақшасындағы барлық сурет пен бейнематериалдарын өшіріп, орнына хиджабтағы фотосын жариялап, жазбасына: «АссаламуАлейкум уа Рахматуллахи уа Баракатух!» – деп сәлем жолдады. Бұл оның өміріндегі жаңа кезеңнің басы тәрізді көрінгенімен, бір айдан кейін-ақ бұрынғы қалпына қайта оралды.

Хиджабты бір киіп, бір шешкен жұлдыздар кімдер?

Коллаж El.kz

Көпшіліктің көкейіндегі «неге?» деген сұраққа Ақбота «Ревю» бағдарламасында ашық жауап берді.

Сөздің ашығына келетін болсам, хиджабта жүріп екі баламды асырау қиын болды. Өнер жолында ұзын киіп, етекті жауып, оранып нан таппайды екенсің. Хиджабқа дайын болмай келгеннен кейін, көп өтпей шешіп тастадым. Орамал таққаным күйзелістің кесірінен емес. Біріншіден, хиджаб ешқандай да ойнауға болмайды. Екіншіден, мен күйзеліске түскен күннің өзінде Instagram желісінен жоқ болып кетемін, – деді ол.

Данеля Садықова

Даусымен тыңдарман жүрегін жаулаған заманауи әнші Dequine шығармашылық жолындағы шынайылығымен ерекшеленіп келеді. Бір жарым жыл бойы хиджаб киіп, тіпті қасиетті қажылық парызын өтеген ол бұл кезеңін өміріндегі ең ерекше әрі рухани терең сәттердің бірі ретінде сипаттайды.

Хиджабты бір киіп, бір шешкен жұлдыздар кімдер?

Коллаж El.kz

Алайда 2023 жылы көпшілікті таңқалдырып, орамалын шешкенін мәлімдеді. Бұл шешімі түрлі пікір туғызғанымен, Данеля шынайы себептерін ашық айтып, бұл өзгерісті өзіндік ішкі толғаныспен байланыстырды.

Өзімді исламның community-не кіріктіре алмадым, исламдағы адамның образына келіңкіремедім. Хиджаб кигеніме де, шешкеніме де өкінбеймін, – деді ол.

Ботагөз Балабекова

Әлеуметтік желіде ашық образы мен тартымды фотолары арқылы танылған Ботагөз көпшілікке өзін еркін әрі батыл бойжеткен ретінде танытты. Бір күні күтпеген жерден хиджаб киіп, парақшасын дін тақырыбына бұрды.

Хиджабты бір киіп, бір шешкен жұлдыздар кімдер?

Коллаж El.kz

Көп ұзамай арудың өміріндегі бұл күрт өзгеріс жұрттың қызығушылығын арттыра түсті. Оның кейбір оқырманы бұл шынайы ізденіс деп қабылдаса, енді бірі уақытша көңіл-күй әсері деп болжады. Дегенмен, біраз уақыт өткеннен кейін Ботагөз бұрын жариялаған хиджаб жайлы жазбасын өшіріп, үнсіз қалды. Артынша, оның орамалын шешіп, бұрынғы стиліне қайта оралғаны байқалды.

Бұл өзгерістің себебі туралы ол еш мәлімдеме жасамағанымен, кей ақпараттарға қарағанда, оның хиджаб тағуына дінге берік азаматпен арадағы сезім себеп болған көрінеді. Алайда бұл қарым-қатынас ұзаққа созылмаған. Көңіл жарасқан жаннан алыстаған соң, Ботагөз де дін жолынан біртіндеп алыстап, өз өмір салтына қайта оралды.

Камшат Жолдыбаева

Әнші әрі актриса Камшат Жолдыбаева көпшілікке бұрын ашық образдарымен танылған еді. Алайда тұрмыс құрғаннан кейін ол имиджін түбегейлі өзгертіп, көзге түсерлік киімдерден бас тартып, жеңіл макияж жасап, орамал таға бастаған еді. Бұл қадамын жұртшылық дәстүрлі бағытқа бет бұру, рухани ізденіс деп қабылдады.

Хиджабты бір киіп, бір шешкен жұлдыздар кімдер?

Коллаж El.kz

Дегенмен, жақында Камшаттың хиджабсыз суреттері жарияланып, жұрт арасында түрлі пікірлер айтылды. Әсіресе кейбір желі қолданушылары орамалдың жай ғана киім емес, адамның діни болмысының бір бөлігі екенін еске салып, оны құрметпен қабылдау керектігін айтты.

Алтынай Жолдыбаева

Камшат Жолдыбаеваның сіңлісі  Алтынай Жолдыбаева Instagram желісінде ашық фотоларымен жұртты таңғалдыратын. Сондықтан да оның бірден дін жолына бет бұрып, басынан аяғына дейін жабық киіне бастауы көпшілік үшін тосын жаңалық болды.

Хиджабты бір киіп, бір шешкен жұлдыздар кімдер?

Коллаж El.kz

Алайда бұл өзгеріс ұзаққа созылмады. Біраз уақыттан соң Алтынай бұрынғы стиліне қайта оралып, хиджаб тағуды – өзіне сай келмейтін қадам деп бағалады.

Өкінішке қарай, мен хиджабты күнделікті өміріме бейімдей алмадым. Парақшамдағы орамалды фотолар – Меккеде түскен. Ол жерде солай киіну – тәртіп. Жабық киім кию өзіме ұнаған да шығар. Бұл – менің кішкентай жеңісім. Барлығы өз уақытында, – деп пікір білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы қандай жұлдыздар ана атанатыны жайлы жазған едік.