«Хиджабта»: төрт баласын суға лақтырған әйелдің суреті тарады
Мөлдір Қайнар тілші
Тәжікстанда маусым айының соңында 27 жастағы Мадина Халимова төрт баласымен бірге өзенге секіріп, суицид жасауға әрекеттенген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл қайғылы оқиғадан кейін әйел аман қалғанымен, оның үш бірдей баласының денесі табылып, бес жастағы үлкен қызы әлі күнге дейін іздестірілуде. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталған іске байланысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Егер әйелдің кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Халимованың туыстары оның психикалық ауытқуы бар екенін айтса, қорғаушысы Бехруз Алиев бұл мәліметпен келіспейді. Оның пікірінше, әйел бұл әрекетке күйеуіне деген қызғаныштан барған. Тергеу барысында Халимова күйеуінің жас жұбайларды қалаға апарғанын, кешке үйге келген көліктен гүл мен костюмді көріп, одан кейін телефонына бейтаныс әйелден келген хабарламадан соң қызғаныш сезіміне берілгенін айтқан. Ашуға булыққан сәтте не істегенін өзі де аңғармай қалғанын мойындаған.
Оқиға кезінде ол алдымен үш баласын өзенге лақтырып, кейін төртінші баласын құшағына алып секіргенін баяндады. Алайда өзен ішінде әлсіреген соң, аман қалу үшін баласын жіберуге мәжбүр болғанын айтты. Сол түні орманда түнегенін де жасырмады. Қайтыс болған 3 жасар Зейнаб, 2 жасар Есамин және 2 айлық Мухаммадтың денелері табылып, жер қойнына тапсырылды. Ал 5 жастағы үлкен қызды Сурхоб және Пяндж өзендерінен іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Бұл қайғылы жағдай Тәжікстан қоғамын терең ойға қалдырып, отбасылық қарым-қатынастар мен психологиялық қолдаудың маңыздылығын күн тәртібіне шығарды.
Бұған дейін күйеуі атпен сүйреп өлтірген әйел туралы жазған едік.

