©El.kz

ХХІ ғасырдың соңында туу көрсеткіші төмендеп, өлім-жітім артады

Күн сайын әлемде ондаған мың адам өмірден өтеді. Worldometers дерегінше, бір тәулікте 70 мыңға жуық бақилыққа аттанады. Ал жыл басынан бері 39 миллионнан астам адам дүниеден өткен. Бұл туралы Ranking.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Туу көрсеткіші төмендеп барады

Әлемде халық саны артып келеді дейміз, сөйте тұра туу мен өлім арасындағы айырмашылық та жылдам қысқарып барады. БҰҰ дерегінше, 2023 жылы дүние жүзінде 132 млн бала дүниеге келсе, шамамен 62 млн адам қайтыс болған. Жалпы өсім – 70 миллионға жуық.

Сарапшылар мынадай болжам жасап отыр:

«Болжамға сенсек, бірнеше онжылдық ішінде жағдай күрт өзгереді: 2050 жылға қарай бұл «плюс» екі есе қысқарады, ал 2084 жылы тіпті «минусқа» кетеді. Яғни тарихта тұңғыш рет өлгендер саны туғандардан артық болып, айырмашылық 400 мыңға жетпек.

XXI ғасырдың соңына қарай ахуал одан да күрделене түседі: жыл сайынғы көрсеткіш бойынша, 110 млн нәресте дүниеге келсе, 123 млн адам қайтыс болады. Яғни жыл сайынғы кему – 12,9 млн адам.

Қазақстан әзірге қауіптен тыс

Қазақстанға әзірге демографиялық дағдарыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұған Ұлттық статистика бюросының мәліметтері дәлел.

2024 жылы елде 366 мың сәби дүниеге келіп, 133 мың адам қайтыс болған. Халық өсімі – +233 мың адам. Тіпті 2084 жылы, әлемде «минус» тіркелетін кезде де, Қазақстанда көрсеткіш оң күйінде қалған – +147 мың адам. Дегенмен жалпы үрдіс айқын: 2100 жылға қарай бұл айырмашылық небәрі 75 мыңға дейін қысқарады.

Неден қайтыс болады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) адамдардың басым бөлігі жүрек-қан тамырлары ауруларынан, инсульттен, қатерлі ісіктен және COVID-19 салдарынан көз жұматындығын еске салады.

Қазақстандық статистика да осыны растайды: 2025 жылдың алғашқы жартысында 64,6 мың адам қайтыс болды. Оның ішінде:

24% – қан айналымы жүйесі ауруларынан,

17% – жүйке жүйесі ауруларынан,

11% – қатерлі ісіктерден.

Бұл үш топ елдегі өлімнің жартысынан астамын құрайды.