Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты даулы іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. Онымен бірге тағы бес адам айыпталушылар орындығында болды.
Сот шешімімен Хасан Қасымбаев адам ұрлады, қасақана ауыр дене жарақатын келтірді және қорқытып, ақша бопсалады деген айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орта деңгейдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.
Еске салайық, Хасан Қасымбаевтың аты қазақстандықтарға Талғарда 16 жастағы Шерзат Болатты өлтіру оқиғасынан кейін белгілі болды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар оны «Хуторские» атты қылмыстық топпен байланыстырған. Алайда ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов бұл ақпаратты жоққа шығарып, мұндай ұйымдасқан қылмыстық топтың жоқ екенін мәлімдеген.
2025 жылдың 20 тамызында іс бойынша сот процесі басталды. Қасымбаевқа адам ұрлау, ауыр дене жарақатын салу және бопсалау баптары бойынша айып тағылды. Онымен бірге Руслан Алиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхамбет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров жауапқа тартылды. Бұған дейін олардың жеке деректері жарияланған болатын.
Сот барысында прокурорға қарсы шағым түсіріліп, ол қабылданды. Соның нәтижесінде прокурор Назгүл Тәуекенбай сот залынан шығарылды.
22 тамызда прокурор Ерлан Құланбаев айыптау актісін оқып берді. Осыдан кейін Хасан Қасымбаев айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
Процесс ашық сипатта өтсе де, сот БАҚ өкілдеріне залда отыруға тыйым салды.
Мемлекеттік айыптаушы Қасымбаевқа 15 жыл, ал оның сыбайластарына 9 жылдан 22 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

